Қарапайым мәтіндік редакторы
Информатика пәнінен ашық сабақ • Сыныбы: 5
Қарапайым мәтіндік редактор. Редактор интерфейсі (слайдтармен)
Бұл сабақта оқушылар WordPad мәтіндік редакторымен танысып, мәтіндік құжат құру, өңдеу, пішімдеу және әртүрлі форматта сақтау дағдыларын қалыптастырады.
Білімділік мақсаты
- WordPad терезесі мен интерфейсі туралы түсінік беру.
- Құжат құру, ашу, өңдеу және сақтау дағдыларын дамыту.
- Компьютерде мәтінмен жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіндіру.
Тәрбиелік мақсаты
- Ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
- Топ ішінде мәдени қарым-қатынас жасауға үйрету.
Дамытушылық мақсаты
- Ойлау қабілетін және логикалық-абстрактілі ойлауды дамыту.
- Мәтінді құрылымдап жазу дағдысын қалыптастыру.
Сабақ форматы және құралдар
Сабақтың түрі
Дәстүрлі сабақ, ойын элементтері бар сұрақ-жауап.
Көрнекі құралдар
Компьютер, оқулық, жұмыс дәптері, интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың өту барысы
- 1.Ұйымдастыру кезеңі.
- 2.Өткен тақырыпты еске түсіру.
- 3.Жаңа тақырыпты түсіндіру.
- 4.Тапсырмаларды орындау (тәжірибелік жұмыс).
- 5.Сергіту кезеңі.
- 6.Сабақты бекіту.
- 7.Бағалау.
- 8.Үй тапсырмасын беру.
Бағалау үшін дұрыс жауап берген оқушыларға ынталандыру ретінде 1 смайликтен беріліп отырады.
Өткен тақырыпты еске түсіру: Paint
Өткен тоқсанда біз Paint графикалық редакторын оқыдық. Қайталау үшін оқушылар кеспе қағаздардан тапсырма таңдап, кезекпен орындайды (сыныптағы 18 оқушыға — 18 тапсырма).
Кеспе қағазындағы үлгі тапсырмалар
- Тақтаға шығып «Қыс мезгілі» тақырыбында сурет салу; суретке қыс туралы 4 жол өлең енгізіп, файлды сақтау.
- Paint редакторы дегеніміз не?
- Paint редакторымен қалай жұмыс жасаймыз?
- Сурет салу құралдары туралы не білеміз?
- Суретті ашу және сақтау жолдары.
- Paint терезесінің негізгі бөліктерін түсіндір.
- Paint-та түстерді қалай өзгертеміз?
- Суретті басып шығару үшін қандай бұйрық беріледі?
Оқушылардың тапқырлығы мен жылдамдығын анықтау үшін экранда сұрақтар көрсетіліп, балалар тез әрі дұрыс жауап береді.
Жаңа тақырып: мәтіндік редактор ұғымы
Күнделікті өмірде біз үнемі мәтін жазамыз: үй тапсырмасы, хаттар, хабарламалар, кейде өлең де жазамыз. Қолжазба мәтінді оқу кітап мәтініне қарағанда қиынырақ: уақыт көп кетеді, сөзді қате оқып, мазмұнын дұрыс түсінбеу мүмкін.
Сондықтан арнайы бағдарламалардың — мәтіндік редакторлардың көмегімен кез келген мәтінді тез құрып, өңдеп, көркемдеп беруге болады.
Компьютерде мәтінмен жұмыс істеудің артықшылықтары
- Мәтін сақтау үшін аз орын талап етеді.
- Керексіз бөліктің орнына жаңасын оңай енгізуге болады.
- Мәтінді көшіру, тасымалдау және жіберу жеңіл.
- Өз құжаттарыңды жылдам түзете аласың.
- Құжатты суреттермен безендіруге болады.
WordPad — қарапайым мәтіндік құжаттарды жасауға арналған редактор.
Мәтіндік редактор мүмкіндік береді:
- Мәтіндік құжат құруға.
- Өңдеуге: қателерін түзету, көшіру, жою, қосу.
- Іздеу және алмастыру орындауға.
Қосымша мүмкіндіктер:
- Пішімдеу: қаріп өлшемі, түсі, абзац қасиеттері.
- Құжатты басып шығаруға.
WordPad-ты іске қосу
Пуск → Программы → Стандартные → WordPad
Редактор іске қосылғаннан кейін WordPad терезесі ашылады (слайдтар: 9–12).
Мәтіннің құрылымы және негізгі ұғымдар
Негізгі анықтамалар
- Ең кіші бірлік — символ.
- Сөз — бос орын немесе тыныс белгілері арқылы бөлінген символдар тізбегі.
- Сөздердің арасында және тыныс белгісінен кейін бір бос орын қойылады.
Мәтін элементтері
Символ → сөз → жол → абзац → бет → мәтін
Абзацтар арнайы «абзац соңы» символы арқылы ажыратылады. Кез келген құжатта кемінде бір абзац болады; тақырыптар мен тізім элементтері де абзацқа жатады.
Абзацтың негізгі қасиеттері
- Қаріп: гарнитурасы, кескіні, өлшемі.
- Мәтінді түзеу (туралау) тәсілдері.
- Шегіністер мен интервалдар.
Тәжірибелік жұмыс
Компьютерде тәжірибелік жұмыстар орындалады. Оқулықтың 157-бетін ашып, тапсырмаларды орындаймыз:
- 1-тәжірибе.
- 2-тәжірибе.
Тәжірибелік жұмыс аяқталған соң сергіту жаттығулары орындалады: оқушылар мұғалім көрсеткен қимыл-қозғалыстарды қайталайды.
Сабақты бекітуге арналған сұрақтар
- Компьютерде мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін атаңдар.
- WordPad мәтіндік редакторының қызметі қандай?
- WordPad бағдарламасын қалай іске қосамыз?
- WordPad терезесінің бөліктерін атаңдар.
- WordPad-та құжат құру сатыларын атаңдар.
- Қаріптің өлшемін, әлпетін (қалың, көлбеу, асты сызылған) қалай өзгертеміз?
- Мәтінді туралаудың қандай түрлері бар және олар қалай орындалады?
Салыстыру тапсырмасы
Paint графикалық редакторы мен WordPad мәтіндік редакторының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстырып көріңдер. Кім жауап береді?
Бағалау, қорытынды және үй тапсырмасы
Бағалау
Оқушылардың білімі жинаған смайликтер санына сәйкес бағаланады.
Қорытындылау
Сұрақтарға берілген жауаптарды толықтыра отырып, сабақ мазмұны жинақталады.
Үй тапсырмасы
- §19: «Қарапайым мәтіндік редактор. Редактор интерфейсі» тақырыбын оқу.
- «Менің сыныбым» тақырыбына әңгіме жазу.
- 2 тәжірибелік жұмысты орындап келу.