Жаңа жылдық сыйлықтарды дайындау

Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда, желтоқсанның соңғы аптасы әдетте қарбаласқа толы болады: жақындарыңызға сыйлық дайындау, қонаққа киетін киімді реттеу, қонақ күту, қонаққа бару. Осындай шаруалардың бәрін қатар ойлау, әсіресе қыз-келіншектердің ойын әрі-сәріге салып, шаршатады.

Төменде жаңа жылға дейін жасап үлгеруге болатын пайдалы кеңестер мен нақты тізім берілді. Оқып отырып, өзіңізге қажет тұстарын таңдап алыңыз.

Жаңа жылға дейін үлгеретін 7 қадам

Әр тармақ — уақытыңызды үнемдеп, мерекеге жеңіл көңіл күймен жетуге көмектесетін шағын қадам.

1) Қарыздарыңызды жауып тастаңыз

Жаңа жылға қарызбен кірмеген дұрыс. Ырымға сену міндетті емес, бірақ қарыздан құтылып, жылды «таза парақтан» бастаудың өзі көңілге жеңіл. Мүмкіндік болса, жаңа жылды қарызсыз қарсы алыңыз.

2) Жаңа жылдық сыйлықтарды ертерек дайындаңыз

Сыйлықты желтоқсан бастала салысымен алып қойған ыңғайлы: асықпай таңдайсыз, қажет болса тапсырыс беруге де уақыт жеткілікті болады. Ең бастысы — соңғы күнгі сабылыс азаяды.

3) Демалысты қалай өткізетініңізді алдын ала жоспарлаңыз

Жаңа жылда әдетте демалыс ұзақ болады. Егер үйде демалсаңыз, көргіңіз келетін фильмдердің тізімін жасап қойыңыз. Үйден тыс демалуды жоспарласаңыз — кинотеатрға, мұз айдынына немесе ойын-сауық орындарына билеттерді алдын ала алған дұрыс.

Сондай-ақ жаңа жылдық концерттер, қойылымдар және балаларға арналған ертеңгіліктерге шақыру билеттерін ертерек дайындап қойыңыз: мереке күндері билет табу қиын болуы мүмкін.

4) Азық-түлік тізімін жасаңыз

Ұзақ сақталатын өнімдерді алдын ала сатып алу — уақыт пен жүйкені үнемдейді. Мысалы, сусындар, тәттілер, консерві өнімдер. Сонда 30–31 күндері дүкен аралап асығыс жүгіріп жүрмейсіз.

5) Мерекелік атмосфера құрыңыз

Шырша құру-құрмау — өз еркіңізде. Бірақ үй ішін жинақы, тап-таза етіп реттеп, бөлмелерді қалауыңызша мерекеге сай безендірсеңіз, көңіл күй де өзгереді.

6) Қайырымдылық жасаңыз

Қайырымдылық шараларына қатысыңыз: балалар үйіне, қарттар үйіне көмектесіңіз немесе қамқорлыққа мұқтаж жануарларға жәрдем беріңіз. Көмек беруден бас тартпаңыз — сіздің қолдауыңыз біреудің күнін, тіпті өмірін жақсы жаққа өзгертуі мүмкін.

7) Жақындарыңызды жылы сөзбен қуанта жүріңіз

Күнделікті күйбің тіршілікте ең жақын адамдарымызға жиі көңіл бөле бермейміз. Жаңа жылдық демалыс — туыстар мен достарға уақыт арнауға тамаша мүмкіндік. Оларға жылы лебіз айтып, жақсы көретініңізді білдіріңіз.

Кімді, қашан құттықтайтыныңызды қазірден жоспарлап қойсаңыз, мерекелік күндер одан сайын жеңіл өтеді.

Дайындаған: Асыл