Оқушыларды шаттық шеңберіне шақыру
Сабақтың тақырыбы: «Махаббат – өмір нәрі»
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға махаббат құндылығы туралы түсінік беру; адам бойындағы махаббат сезімін, сүйіспеншілікті танып, оны құрметтеуге баулу.
Сабақтың міндеттері
- Махаббаттың адамға ортақ, көпқырлы сезім екенін; ал сүю мен ғашық болу — жаратылыстың адамға берген ерекше нұрлы іңкәрлігі екенін ұғындыру.
- Адамды, өмірді, табиғатты сүйе білуге және оларды құрметпен қадір тұтуға тәрбиелеу.
- Сүйіспеншілікке, сезімталдыққа, нәзіктікке баулу.
Көрнекіліктер
Оқулық, дәптер, үнтаспа, DVD, қазақ әуендері, теледидар, түрлі түсті фигуралар, нақыл сөздер.
Әдіс-тәсілдер
Шаттық шеңбері, СТО стратегиялары, тапсырма, мәтінмен жұмыс, түйіндеме, «Өзіммен-өзім», шығармашылық жұмыс, дәйексөз, «Жүректен-жүрекке».
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың типі
Білім, білік, дағдыларды қалыптастыру
Технология
Сыни тұрғысынан ойлау (СТО)
Базалық білім
Өмір құндылықтарының жалпыадамзаттық, рухани-адамгершілік мәнін түсіну; өзара адами қарым-қатынастарды танып, бағалай білуді меңгерту.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа әзірлеу, шаттық шеңберіне шақыру.
Шаттық шеңберінде үнтаспадан С. Тұрғынбековтың сөзіне жазылған М. Ілиясовтың «Махаббат» әні тыңдалады (мүмкіндігінше оқушылар қосылып айтады). Әннің сөзі мен әуенінен алған әсермен оқушылар бір-біріне сәттілік тілейді.
Оқушылар түрлі түсті фигураларды таңдау арқылы топтарға бөлінеді.
2) Қызығушылықты ояту
Тапсырма: топтар өз түсініктері бойынша анықтама беріп, пікірлерін білдіреді.
1-топ
«Мөлдір махаббат» дегенді қалай түсінесіңдер?
2-топ
«Шынайы махаббат» дегенді қалай түсінесіңдер?
3-топ
«Ана махаббаты» дегенді қалай түсінесіңдер?
4-топ
Ғашықтық. Бір көргеннен ғашық болу дегенді қалай түсінесіңдер?
Түйіндеме
Оқушылардың ой-пікірлері негізінде «құрметтеу», «бағалау», «сыйлау» ұғымдарының махаббатпен өзара байланысы айқындалады. Махаббат — барша адамға ортақ сезім; ал ықылас-ыңта, іңкәрлік, сүйіспеншілік әр адамның жан дүниесіне сай әрқилы көрінеді. Махаббатсыз өмірдің мәні де, құны да кемитіні қорытындыланады.
3) Мағынаны тану: мәтінмен жұмыс
М. Әуезов, «Абай жолы» романынан үзінді
Жақсы жігіт, сұлу қыз соншалық бір ерекше жарастықпен, жақсы үйлесті. Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде, Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған қызыл сәуле беріп, іштегі терең сырдан, дос көңілден белгі етті. Сағынған сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айырылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі әсем әнмен үйлескендері бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу әнге екеуі де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі.
Ән айтқан жоқ, екі бірдей ынтық жан қауышып табысқан шаттық айтты. Бар жиынға, бар дүниеге, барлық жұлдызды аспан, жарқын айға да: «Көрші бізді, кінәлап көрші!» дегендей. Мінсіз сырына шындап берілген Тоғжан тоқтамай айта берді. Абай бір шақта жас сұлудың жүзінен бала қуанышын көрді. Бақыт күлкісіндей бір рақат, ырзалық елес беріп, Абайға қадала қарап езу тартты.
Келгеніне, тапқанына сүйсініп, ішінен алғыс айтқан тәрізді. Қарлығаш қанатының ұшқындай боп, айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн қатқандай болды. Бағанадан бері соншалық көп, тілсіз сәлем жолдаған Абай, енді әннің сөзін өзгертіп алып, басқаша айтып кетті. Сағындырған ғашық жар, ынтығы іште жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен? Бар дүние, бар сырын, барлық бақыт тілегін бір өзінің шұғыласына құрбан етем деп келсе, не дер екен! — деген бір өзгеше сыр кетті.
Талдау бағыты
Оқушылардың назарын көркем суреттеудегі сезім шаттығына, шексіз ләззатқа бөленген жан құбылысына аудару: махаббаттың адамға беретін шуақты қуанышы, жан жылуы, ішкі үндестік.
«Өзіммен-өзім»
Үнтаспадан Қ. Қозыбековтың сөзі мен әніне жазылған «Мерекем – сен» әні баяу естіледі. Бұл сәт оқушылардың ой-қиялын дамытып, мінез-құлқына жағымды әсер етуге бағытталады.
І. Есенберлин, «Ғашықтар» романынан үзінді
Жақсы көру деген — бір ұлы қасиет. Бұл қасиеттің өзі де екі түрлі болады. Жалпы адам баласын жақсы көру бар да, жеке адамды жақсы көру бар. Жалпы адам баласын жақсы көріп, оның бақыты үшін күресу — үлкен жүректі алыптардың ісі. Ал жеке біреуді жақсы көру, сол үшін барыңды аямау — бәріміздің де қолымыздан келетін ерлік.
Кім өзінің ата-анасын, туған бауырларын жақсы көрмейді? Солар үшін жан аямай еңбек еткісі келмейді? Кім өзінің сүйген адамы үшін сын сағаты туса, жанын құрбан етуден бас тартады? Меніңше, бұл — қайсымыздың болса да қолымыздан келетін іс.
Бірақ біреуді жақсы көру, ұнату бар да, оны шын жүректен өлердей сүю, онсыз өмір сүре алмайтындай ғашық болу бар. Жан-тәнімен сүю, ғашық болу — меніңше, адамда бір-ақ рет кездесетін қасиет. Сен махаббаттан құмарлықты, еркек пен әйелдік сезімді алып тасташы, сонда бірін-бірі жақсы көрген екі адам бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын екі аққуға ұқсаса — міне, сонда ғана олар шын ғашықтар.
Талдау бағыты
Махаббатты тек құмарлықпен шатастырмау, сезімге жауапкершілікпен қарау идеясы талқыланады. Оқушыларға ар-ұят, намыс, адамгершілік сияқты құндылықтарды кірлетпеу, жаза басудан сақ болу қажеттігі ескертіледі.
4) Дәйексөз
«Адамшылықтың алды — махаббат, ғаділет сезім».
Дәйексөздің мағынасы сұрақ-жауап арқылы ашылады: махаббат пен әділет сезімі адамды ізгілікке бастап, қарым-қатынасты биіктететін негізгі өлшем екені қорытындыланады.
Қорытынды ой
Махаббат — адамның жан дүниесін нұрландыратын, өмірге мағына беретін асыл құндылық. Ол құрмет пен жауапкершілікке сүйенгенде ғана шынайы биігіне көтеріледі.