Театрландырған сабақ

Сабақтың мақсаттары

1) Құқықтық білімді арттыру

Оқушылардың құқық пен жауапкершілік туралы түсінігін кеңейту.

2) Заңды өмірде қолдану

Күнделікті жағдайларда заң нормаларын тануға және қолдануға үйрету.

3) Өз құқығын талап етуге тәрбиелеу

Құқығын заңды жолмен қорғау дағдысын қалыптастыру.

Сабақтың басталуы және ой қозғау

Сабақ Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталады. Мұғалім оқушыларға бүгінгі тақырыпты ұсынады: «Сен өз құқығыңды білесің бе?» және бұл сұрақтың өзектілігін талқылауға шақырады.

Оқушының жауабы

Біз демократиялық жолмен дамып келе жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Конституцияның 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ал ең қымбат қазынасы — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айтылады.

Конституцияға сүйену

Мұғалім Конституцияның 12-бабын еске түсіреді. Оқушылардың қорытындысы: адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан беріледі, олар абсолютті деп танылады және олардан ешкім айыра алмайды.

Бұлжымас құқықтар және сөз бостандығы

Оқушылар «адамның бұлжымас құқықтарына не жатады?» деген сұраққа жауап береді. Конституцияға сәйкес бұл қатарға сөз және пікір білдіру бостандығы, ар-ождан және діни наным бостандығы, жиналыс және бірлесу сияқты құқықтар кіреді.

Сыныптағы пікірталас

Бір оқушы: «Егер мен өз құқығым бұзылды деп есептесем, оны ашық айтуыма болады. Бірақ кейде құқығым сақталуын талап етсем, үлкендер ұрсып жатады. Анам: “Тыныш жүрген тоқ жүреді” дейді, ал халықта “Тура айтқан туысына жақпайды” деген мақал бар».

Екінші оқушы: «Егер сен өз құқығыңды заңға сүйеніп дәлелдей алсаң, “Аталы сөзге арсыз тоқталмас” дегендей, адам түсінеді деп ойлаймын».

Көрініс: автобустағы құқық бұзушылық

Мұғалім үй тапсырмасын еске салады: күнделікті өмірде құқық қай салада жиі бұзылады? Талқылауға ыңғайлы мысал ретінде қоғамдық көліктегі жағдай алынады. Екі топқа бөлініп, бір топ жүргізушілердің ұстанымын қорғайды, екінші топ жолаушылардың құқығын дәлелдейді.

1-көрініс: тоқтамау

Жүргізуші: «Сағын, мына аялдамаға тоқтамай-ақ қояйық. Өңкей студенттер мен оқушылар. Проездной көрсетіп мінеді. Бізге одан пайда жоқ».

Кондуктор: «Иә, тоқтама. Шулап қала берсін».

2-көрініс: қорлау және түсіріп жіберу

Жүргізуші: «Аялдамада бала-шаға көп екен. Тоқтамасақ қайтеді?»

Кондуктор: «Проездной жарамсыз деп, қуып шығайын».

Кондуктор (автобус тоқтағанда): «Ақшаларың бар ма? Жоқ болса, басқа маршрутты күтіңдер. Бұл автобус сендер үшін алынған жоқ!»

Оқушылардың құқықтық дәлелі

Оқушылардың айтуынша, оларды мінгізбей кетуге ешкімнің құқы жоқ. Жолаушы тасымалдайтын көлік белгілі бір тасымалдаушы ұйыммен келісімшартқа отырады, ал ұйым қалалық әкімдікпен келісім жасайды. Сол келісім негізінде айлық билеті бар жолаушыларды тасымалдау міндеті қарастырылған. Демек, өз құқықтарының сақталуын заңды түрде талап ету қажет.

Қайда жүгінеміз: БАҚ және әкімшілік

Газет редакциясына қоңырау

Оқушылар «Жаңалық жаршысы» газетінің байланыс нөмірін тауып, редакцияға хабарласады. Редакция қызметкері ең алдымен автобустың нөмірін нақтылап, ары қарай жазбаша арыз қалалық әкімдіктің көлік бөліміне тапсырған дұрыс екенін түсіндіреді.

Автобус нөмірі ретінде оқушылар: A 216 ВНМ деп көрсетеді.

Әкімшілікке арыз беру

Оқушылар таныстары арқылы үлкен сынып оқушыларының көмегіне жүгініп, қалалық әкімшілікке барады. Транспорт бөлімінің басшысы ретінде Владимир Сухоруков қабылдап, мәселені тыңдайды.

Бөлім басшысы оқушылардың келгенін дұрыс қадам деп бағалап, құқық бұзушылыққа бей-жай қарамау керектігін айтады және тиісті шара қолдануға тапсырма береді.

Нәтиже

Оқушылар бір ғана оқиғадан маңызды қорытынды шығарады: құқықтың сақталуы көбіне өз әрекетімізге байланысты. Дәлел жинау, мекенжайды дұрыс табу, жазбаша өтініш беру — бәрі құқықтық мәдениеттің бөлігі.

Қорытынды сұрақтар мен түйін

Құқық дегеніміз не?

Құқық — қоғамда бекітілген нормалар мен ережелер жүйесі және олардың орындалуын қамтамасыз ететін тәртіп.

Сабақта нақты не үйрендік?

  • Коммерциялық автобустарда да оқушының айлық билетімен жүру құқығы бар екенін талқыладық.
  • Құқық бұзушылық азаюы үшін әр адам өз құқығын білуі керектігін түсіндік.

Жауапкершілік өлшемі

  • Біреудің құқығы — екінші біреудің қоғам алдындағы міндеті.
  • Өз құқығын білетін адам өзгенің құқығын бұзбауға тырысады, өйткені заң алдында жауап береді.

Мұғалімнің түйіні: бүгінгі сабақта алған білім өмірде қажет болады. Құқықты білу — дауда айқайға емес, дәйекке, заңға және дұрыс әрекетке сүйену деген сөз.