Балаларды ұлттық аспаптармен таныстыру

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар залға марш әуенімен кіреді. Сабақтың басында жетекші балалармен музыкалық амандасу жасайды.

Жетекші

«Сәлеметсіз бе, балалар?» (до – ре – ми – фа – соль – соль – соль)

Балалар

«Сәлеметсіз бе!» (соль – фа – ми – ре – до)

Қимыл жаттығуы

Музыка жетекшісі білезік тағып, өлеңмен қимылдарды орындатуға бағыт береді. Қимылдардың ырғағы мен мәнерлі орындалуына назар аударылады.

Оң қолымда білезік,
Сол қолымда білезік,
Сәнді көйлек киелік,
Бәріміз бірге билейік.

  • Екі қолды алға созып, қолды ішке қарай бұрау; тізені бүгіп тұру.
  • Екі қолды жоғары көтеріп, қол буындарын ішке қарай бұрау; тізені бүгіп тұру.
  • Қолды екі жаққа созып, қол буындарын бұрап, бір орында айналу.

Жаттығудан кейін балалар баяу әуенмен орындарына отырады.

Жұмбақ арқылы қызығушылық ояту

Жұмбақ

Ұзын мойын, екі ішек,
Қатар-қатар тепкі.
Басып қалсаң бір-бірлеп,
Күй шығады күмбірлеп.

Сұрақ-жауап

Сұрақ: Бұл жұмбақ қандай музыкалық аспап туралы?

Жауап: Домбыра.

Жетекші балалардан домбырадан басқа қандай ұлттық аспаптарды білетіндерін сұрайды.

Ұлттық аспаптар туралы қысқаша мәлімет

Сабақ барысында балалар қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының ерекшеліктерін, дыбыс шығару тәсілдерін және бір-бірінен айырмашылығын меңгереді.

Домбыра

Шертпелі

Домбыра — қазақтың ұлттық аспабы. Қос ішекті шертіп ойнайтын аспап. Халық арасынан шыққан шеберлер домбыраны ерекше әсемдеп жасап, күй арқылы ойды көркем жеткізген.

Қобыз

Ыспалы

Қобыз — ысқышпен ойналатын, қос ішекті көне аспап. Аңыздарға сүйенсек, қобыздың тарихы VIII ғасырда өмір сүрген күй атасы Қорқыт есімімен тығыз байланысты.

Жетіген

Шертпелі

Жетіген — жеті ішекті, шертіп ойнайтын көне аспаптардың бірі. Бұрауы болмайды: дыбысын жеті асықты ілгері-кейінді жылжыту арқылы келтіреді. Шанағы тұтас ағаштан ойылып жасалады.

Сыбызғы

Үрмелі

Сыбызғы — үрлеп ойнайтын көне аспап. Бармақ басатын үш тесігі бар. Үні самал желдей майда, жұмсақ әрі әсерлі. Әдетте ағаштан немесе қурайдан жасалады.

Тыңдау: күйдің үнін тану

Н. Тілендиев — «Ата толғауы»

Жетекші күйді үнтаспа арқылы тыңдатады. Тыңдау барысында балалар таныс аспаптардың үнін ажыратып, қандай аспаптардың дыбысы естілгенін атайды.

  • домбыра
  • қобыз
  • сыбызғы

Дидактикалық ойындар

Ойын: «Аспапты тану»

Ереже: Үнтаспадан аспаптың үні беріледі. Балалар қимылмен көрсетіп, қандай аспап екенін атайды.

Домбыра — қалай ойнайды? Шертіп (шертпелі аспап).

Қобыз — қалай ойнайды? Ысқышпен (ыспалы аспап).

Жетіген — қалай ойнайды? Шертіп (шертпелі аспап).

Сыбызғы — қалай ойнайды? Үрлеп (үрмелі аспап).

Сергіту сәті: «Әуенін тап»

Шарты: Музыка жетекшісі үнтаспадан әртүрлі әуендерден үзінді қояды. Балалар сол әуеннің қандай ән екенін естеріне түсіріп, атауын айтады.

Ойын: «Аспаптарды ажырат»

Шарты: Тақтаға ұлттық аспаптардың суреттерімен бірге әртүрлі басқа суреттер ілінеді. Балалар ұлттық аспаптарға жатпайтын суреттерді алып тастайды.

Қорытынды

Балалар шеңберге тұрады. Жетекші тақтада қалған суреттерді сұрайды: домбыра, сыбызғы, қобыз және басқа да ұлттық аспаптар.

Бекіту сұрақтары

  • Тақтада қандай суреттер қалды?
  • Оларды бір сөзбен қалай атаймыз? Аспаптар.
  • Ұлттық аспаптардың түрлерімен таныстық. Сабақ ұнады ма?

Сабақ соңында жақсы көңіл-күймен қоштасып, балалар марш әуенімен залды айналып шығады.

Сау болыңыздар! Марш әуенімен шығу