Көктем мезгілінің видеотаспасы

Мақсаты

Білімділік

Балалардың көктемнің негізгі белгілері туралы білімдерін жүйелеп, бекіту. Жансыз табиғат құбылыстары мен өсімдіктердің, жануарлардың тіршілігі және маусымдық еңбек түрлері арасындағы байланысты түсіндіру.

Дамытушылық

Табиғат құбылыстарын бақылап, зерттей білу дағдыларын дамыту, танымдық белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік

Көктемгі табиғат сұлулығын байқауға тәрбиелеу, эстетикалық талғамын қалыптастыру және табиғатқа жанашырлық сезімін ояту.

Мотивациялық-қозғаушы кезең

Тыныштық сәті (әуенмен): «Ағаштар»

Мақсаты: балаларға экологиялық тәрбие беру.

Баяу әуен қосылады. Педагог балаларды табиғатқа «саяхатқа» шақырады: көздерін жұмып, өздерін өсіп тұрған бір ағаш ретінде елестетуді сұрайды.

Ойланайық: ағашың үлкен бе, әлде кішкентай ма? Ауа райы қандай — ашық па, әлде бұлыңғыр ма? Ағашың өзін қалай сезінеді? Енді сол ағашты дене қимылымен көрсетіп көріңдер.

Әуен тоқтаған соң, балалар көздерін ашып, табиғатты қалай қорғауға болатыны туралы ойларымен бөліседі.

Ізденіс-ұйымдастыру кезеңі

Өлең арқылы тақырыпқа ену

Көктем күні күркіреп,
Жаңбыр жауды сіркіреп.
Бәйшешектер дүркіреп,
Шыға келді қыр түлеп.

Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Мал жайлап суатты,
Сай-саламен су ақты.

Педагог өлеңнің көңіл күйін анықтауға бағыттайды: ол көңілді ме, көңілсіз бе, әлде салтанатты ма? Одан кейін балалардың көтеріңкі көңіл күйінің себебін сұрайды.

Балалардың жауаптары: күн көтеріліп, сәулесі жарқырайды; шатырдан су тамшылайды; жер қыза түседі; жылғалар пайда болады; қар еріп, қара жер көріне бастайды; ағаштар мен бұталарда бүршік жарылады; көктемнің алғашқы гүлдері ашылады.

Жыл мезгілдері және уақыт ұғымы

Педагог балалардан жыл мезгілдерін атауды сұрайды және тапсырмалар береді: қыс, көктем, жаз, күз бейнеленген карточкаларды іріктеп көрсету.

Сұрақ: Бір жылда неше ай бар? 12 ай

Педагог түсіндіреді: айлар бірінен кейін бірі өз ретімен келеді, ал қазір көктем мезгілі басталды.

Назар аудару: Көктем айлары — наурыз, сәуір, мамыр.

Балалар интерактивті тақтадан көктем көріністерін бейнежазба арқылы тамашалайды.

Наурыз: ерте көктем белгілері және халықтық атаулар

Педагог наурыздың көктемнің алғашқы айы екенін еске салады. Қазақ халқында осы кезде қардың күрт еріп, айналаның лайсаңға айналуы «аласапыран» деп аталған.

Ерте көктем белгілері

  • Күн шуағы көбейеді
  • Қар борпылдақтанып, қоңырқай түске енеді
  • Мұз сүңгілерінен аққан су жылғаға айналады

Наурыздың атауы

Наурызды «көктем таңы», «жыл таңы» деп те атайды. Себебі күн ұзарып, жәндіктер оянып, жануарлар мен құстардың тіршілігі жанданады.

«Сәскеде жаз, кешке қыс»

Наурызда ауа райы құбылмалы: күндіз жылы леп соқса, түнде суық күшейеді. Кейде қыстың соңғы борандары соғып, ағаштар қайтадан аппақ болып көрінеді.

Орман жануарлары

Наурызда жануарлардың тіршілігінде өзгерістер байқалады: аю әлі де інінде ұйқыда жатады; түлкі мен қасқыр азық іздеп жортады; борсық інінен бірден шыға қоймайды; қоян бұта түбінде ықтап отырады.

Материал: «Орман жануарлары» слайды.

Құстар әлемі

Көктем құстардың тіршілігін де жандандырады: торғайлар күні бойы тыным таппай, шиқылдап, ұя салатын жер іздейді; қарғалар ұя жасап, балапан басуға кіріседі.

Сергіту сәті (хормен, қимылмен)

Балалар шеңберге тұрып, тәрбиешінің сұрағына хормен жауап береді және қимылмен көрсетеді.

Сұрақ

Күн, сен неге күркірейсің?

Жауап

Көктем келді, көктем келді.

Сұрақ

Жаңбыр, неге сіркірейсің?

Жауап

Көктем келді, көктем келді.

Сұрақ

Бұлақ, неге сылдырайсың?

Жауап

Көктем келді, көктем келді.

Сергіту сәтінен кейін сабақ көктемнің табиғатқа әкелетін өзгерістерін бақылау және қоршаған ортаға қамқорлық жасау тақырыбын жалғастыруға бағытталады.