Отбасылық логикалық тапсырмалар
Математика пәні мұғалімі
Айтуарова Алмагүл Амангелдіқызы
Ашық шара тақырыбы
«Дарындылық негізі — ата-анадан: жанұя және математика»
Түрі
Тренинг
Әдісі
Сын тұрғысынан ойлау (СТО)
Негізгі бағыт
Мектеп–ата-ана ынтымақтастығын нығайту
Мақсаты
Оқушы білімін жақсартуда мұғалім мен ата-ананың бірлескен жұмысын нығайту.
Отбасындағы білім мен тәрбиенің жауапкершілігін сезініп, түсіне білуге үйрету.
Күтілетін нәтиже
- Ата-ана өзін мазалап жүрген сұрақтарына жауап алады.
- Жаттанды білім алу мен бірлесе оқудың айырмашылығын түсінеді.
- Мектеп мұғалімдеріне деген сенімі артады.
- Мектеп жұмысына тікелей араласу арқылы педагогикалық-психологиялық тақырыптарға қызығушылығы оянады.
- Ата-ана жиналысқа белсенді қатысады.
- Математикаға қызығушылығы артып, пәнге түсіністікпен қарайды.
Қажетті құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер
Мультипроектор, дербес компьютер, шарлар, стикерлер, жалаушалар, смайликтер, түрлі түсті қағаздар, геометриялық фигуралар және т.б.
Жоспар
- 1 Ұйымдастыру (психологиялық ахуал қалыптастыру).
- 2 Отбасылармен танысу.
- 3 Ой қозғау (видеоролик қарап, пікір алмасу).
- 4 Отбасылық логикалық тапсырмалар.
- 5 Ситуациялық жағдай.
- 6 «Сөйлемді аяқта» ойыны.
- 7 «Ел қазынасы» — математика және сандарға қатысты мақал-мәтелдер.
- 8 Ой толғаныс: «Кеңеске құлақ түріңіз» (14 кеңес).
Жүрісі
Ұйымдастырушының сөзі
Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар!
Бүгін «Жанұя және математика» атты отбасылық тренингімізді ашық деп жариялаймыз. Кешімізге Шынтеміровтер, Сәрсенхановтар және Коспановтар отбасы қатысып отыр.
Жылы лебіз (өлең жолдары)
Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі — аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық.
Жан кешкен баласы үшін, бағы үшін де,
Халқының, отбасының қамы үшін де.
Аналар — шексіз әлем, күннің нұры,
Тіршілік көзі жатыр әр ісінде.
Шәкіртпін мен, ұлылардан жақсылықты теретін,
Ой маржанын көпке ұсынып беретін.
Барлығынан ардақтысы өмірдің,
Әлемдегі жақсылыққа еретін.
Топқа бөлу және таныстыру
- Үш отбасы үш топ болып орындарына жайғасады.
- Әр топқа кәмпит тарату арқылы жылы тілектер айтылады (психологиялық ахуал қалыптастыру).
- Әр отбасы өздерін таныстырады: фотостенд дайындап әкеліп, қорғайды.
Ой қозғау
Экраннан видеоролик көрсетіліп, қатысушылар өз ойларын ортаға салады.
Әр отбасы «Математиканың өмірдегі қажеттілігі» тақырыбында постер дайындап, қорғайды.
Отбасылық логикалық тапсырмалар
Тапсырмалар парақша түрінде таратылады. Әр есеп отбасы мүшелерін бірге ойлануға, пікірлесуге және дәлелдеуге бағытталған.
1) «Қашан теңеседі?»
Бір ананың үш қызы бар. Анасы 42 жасқа келгенде, үлкен қызы 19-ға, ортаншысы 11-ге, ал кенжесі 2 жасқа толады. Сұрақ: қанша жылдан кейін ананың жасы мен үш қызының жастарының қосындысы тең болады?
2) «Екі есе»
Қазір әкесі 34 жаста, баласы 11 жаста. Сұрақ: неше жылдан кейін әкесінің жасы баласының жасынан 2 есе артық болады?
3) «Отбасы»
Қыз бен жігіт бөлек отау тігеді. Уақыт өте бұл отбасында балалар дүниеге келеді. Бір отбасында бес ұл және олардың әрқайсысының бір қарындасы бар. Сұрақ: осы отбасында барлығы қанша бала бар деп ойлайсыз?
4) «Үш әке, үш бала»
Азаттың әзілқой досы: «Бөлмеде үш әке және үш бала отыр», — дейді. Сосын: «Бөлменің төрт бұрышына орындық қойып отырғызсаң, әр бұрышқа бір-бірден келеді», — деп жұмбақтайды. Сұрақ: мұны қалай түсіндіруге болады?
5) «Отбасы өзеннен қалай өтті?»
Жексенбі күні бір отбасы таза ауа жұтып, бой сергітпек болады. Таңертең азық-түліктерін алып, жолға шығады. Жалғыз аяқ жолмен жүріп, әкесі, шешесі, қызы мен ұлы қалың орманға жақындайды. Бірақ жолда өзен кездеседі. Көпірді су алып кеткен.
Қызы ағашқа байланған шағын қайық тауып алады. Алайда қайық тым кішкентай: әкесі отырып көргенде, қайық тек оның өзін ғана көтереді. Ал ұлы мен қызы екеуі бірге өте алатыны белгілі болады. Анасы бұған көңілі толмай, басқа жол іздеуді ұсынады.
Сол сәтте ұлы: «Өзеннен өтуге болады», — деп, қалтасынан бір парақ қағаз алып, қайықпен өтудің жоспарын сызып көрсетеді. Жарты сағаттан соң отбасы өзеннің арғы бетіне аман-есен өтеді.
Сұрақ: отбасы өзеннен қалай өтті? Жалғыз қайық қалай көмектесті?