Дастархан басындағы мәдениет

Тақырып

Әдептілік – әдеміліктің белгісі

Мақсаты

Әдептілік туралы түсінік қалыптастыру; оқушылардың инабаттылық, мәдениеттілік жайлы ойын дамыту; қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстай білуге тәрбиелеу. Қарапайымдылық, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау, кішіге үлгі болу дағдыларын бекіту; жаман әдеттерден аулақ болуға бағыттау. Өз халқының салт-дәстүрін танып, «әдет әліппесін» бойға сіңіру.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Көрініс көрсету
  • Баяндау
  • Ой толғау

Көрнекілігі

  • Сыныпты безендіру
  • Қанатты сөздер, өсиет сөздер, мақал-мәтелдер
  • Адамгершілікке қатысты суреттер
  • Құпия хаттар

Барысы

  1. 1Әдептілік – әдемілік (ойталқы)
  2. 2Құпия хаттар (хаттармен жұмыс)
  3. 3Әдептілік әліппесі
  4. 4Қорытынды

Кіріспе: Әдептілік – кең мағыналы ұғым

Мұғалім оқушыларды жылы қарсы алып, бүгінгі тәрбиелік шараның әдептілік, мәдениеттілік және ізгілік туралы болатынын айтады. Әдепті болу — тек сөз емес: адамның әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстай білуі оның мәдениеті мен тәрбиесін танытады.

Бүгін талқыланатын бағыттар

  • Сәлемдесу — әдептіліктің белгісі
  • Қоғамдық көліктегі әдептілік
  • Дастархан басындағы мәдениет
  • Мәдени-көпшілік орындардағы әдеп ережелері

Сәлемдесу — әдептіліктің белгісі

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. 1.Сәлем берудің адамгершілік қасиет ретінде мәнін түсіндіріңіз.
  2. 2.«Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді» деген сөзге пікір айтыңыз.
  3. 3.«Ассалаумағалейкум» сөзінің мағынасын ашып беріңіз.
  4. 4.Сәлемдесудің қандай түрлерін білесіз?

Оқушы ойлары (үзінді)

Қазақ тәрбиені амандасудан, есен-сау сұрасудан бастайды. Үлкендер «Ассалаумағалейкум» деген сәлемнің өзінен-ақ адамның мәнерін байқайды.
Сәлемдескенде дауыс ырғағы, өзін ұстау, тұрысың маңызды. Үлкендер осының бәріне назар аударады.
Қол алысу да мәдениеттің белгісі: үлкеннің не кішінің қолын қатты қысып жіберу — дөрекілік.

Мұғалімнің түйіні

Әдеп пен адамшылық амандасудан басталады. Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әжені құрметтеу, өзінен үлкенге сәлем беру, алдынан кесіп өтпеу — жас ұрпақтың қастерлі парызы.

Қоғамдық көліктегі әдептілік

Жағдаят

Сен аялдамада ұзақ күттің, шаршадың. Автобус келіп, бос орынға отырдың. Келесі аялдамада қарт кісі мінді, бірақ бос орын жоқ. Сен не істер едің?

Негізгі ережелер

  • Көлікке итермелемей, мәдениетті түрде кір.
  • Жолақыны төлеуді ұмытпа.
  • Адамдарды қағып-соғып, дауыс көтеріп ұрыспа.
  • Кездейсоқ тиіп кетсең, кешірім сұра.
  • Үлкендерге, мүгедектерге, балалы аналарға орын бер.
  • Билетті қоқысқа тастамай, арнайы жәшікке сал.

Мұғалімнің түйіні

Әдепті адамдар — қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Адам болам деген бала жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман әдеттер мен ұнамсыз қылықтардан аулақ жүруге талпынуы керек.

Дастархан басындағы мәдениет

Сұрақтар

  1. 1.Тамақтану мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?
  2. 2.Дастархан басында өзіңізді қалай ұстау керек?
  3. 3.Дастархан жабдықтау мәдениеті нені білдіреді?

Түсінік

Тамақтану мәдениеті — дұрыс уақыт пен мөлшерді білу, тағамның әртүрлі болуы, ең бастысы: дастархан басында өзін мәдениетті ұстау.

Дастархан әдебі: қысқа ереже

Қолыңды жуып, сырт киіміңді шешіп барып отыр.

Алақтамай, тыныш отырып тамақтан.

Аузыңа толтырып алып сөйлеспе.

Қатты сөйлеме, қатты күлме, балағат сөз айтпа.

Жинақы отыр: аяқ-қолыңызды кермеңіз.

Тамақтан соң салфетка қолдан, рақмет айтуды ұмытпа.

Мұғалімнің түйіні

Әдеп — күнделікті әрекетте көрінетін тәртіп. Әр жағдайдың өзіне лайық мәдениеті бар екенін ажыратып, «әдеп әліппесін» өмірлік дағдыға айналдыру маңызды.

Мәдени-көпшілік орындардағы әдеп ережелері

Жағдаят: концертте

Концерт басталып кетті, сен сәл кешігіп келдің. Билеттегі орның алдыңғы жақта. Көрермендерге кедергі келтірмей, сен не істейсің?

Жағдаят: кітапханада

Сен кітапханада ертеңгі сабаққа дайындалып отырсың. Қасыңа екі оқушы келіп, кітаптарын ретсіз парақтап, күбірлеп сөйлеп, тыныштығыңды бұзды. Сен не істер едің?

Кітапхана әдебі

  • Кітапхананы жиі барып, досқа айналдыр.
  • Тыныштық сақта: дауыстап сөйлеме, шулама.
  • Қағазды сытырлатпай, өзгеге кедергі келтірме.
  • Кітапты ұқыпты ұста: жыртпа, шимайлама.
  • Соңында кітапханашыға өткізіп, алғыс айт.

Мұғалімнің ойы

«Әдеп — діннің жаршысы» деген сөз бекер емес. Әдепті адамда ұят болады, ұяты бар адамда иман болады.

Құпия хаттар: өмірлік жағдайды талдау

Құпия хат №1

«Менің көршімнің бір баласы бар. Ол өтірік айта береді. Күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болуым керек пе?»

Ойланатын тұс: достық сенімге құрылады. Өтірік айту — әдетке айналса, оны түзетуге ықпал ету, бірақ өзің де жаман әдетке еріп кетпеу маңызды.

Құпия хат №2

«Партада қасымда отыратын оқушы тапсырма орындамайды да, дәптерімнен көшіріп алады. Берсем — үйренбейді, бермесем — “сараңсың” дейді. Не істеймін?»

Ойланатын тұс: көмектесу — көшірту емес. Дұрысы: түсіндіріп беру, бірге орындап көрсету, ал дайын жауапты үнемі беруге үйретпеу.

Мұғалімнің түйіні

Әдептілік — кез келген адамға жарасатын қасиет. Ол адамның жасынан алған тәрбиесіне, өскен ортасына және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына байланысты қалыптасады.

Мақал-мәтелдер мен өлең жолдары

Оқушылар айтқан нақыл сөздер

«Әдептілік, ар, ұят — адамдықтың белгісі.»

«Жасында әдеп үйренбеген кісіден өскен соң қайран жоқ.»

«Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық.»

Өлең (үзінді)

«Ақыл жастан, асыл тастан
Шығады» деп дарынды
Халық айтса, халық сөзі
Әрқашан да нанымды.
Сол өнердің жолын қуған
Осы сынып атынан,
Қабылдаңыз шын жүректен,
Сәлем сізге жалынды.

Қорытынды

Адам әрқашан да бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен және мәдениеттілігімен әдемі.

Үйренгендеріңізді күнделікті өмірде қолданыңыздар және өздеріңізден кіші іні-қарындастарыңызға үлгі болып, әдептілікті үйретіп жүріңіздер.