Көкемнің ақылы

Сабақтың тақырыбы

Жуан және жіңішке дауыстылар. «Көкемнің ақылы».

Білімділік

  • Жуан және жіңішке дауысты дыбыстар туралы білімдерін пысықтау.
  • Мамандықтар туралы түсінік беру.

Дамытушылық

  • Есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Сөздік қорын және логикалық ойлауын жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Әр мамандықтың пайдасын түсіндіру.
  • Еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Көрнекіліктер мен ресурстар

Интерактивті тақта, суреттер, кеспе әріптер.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, ой шақыру, пікірлесу, топтастыру.

Пәнаралық байланыс

Ақпарат мәдениет негіздері, дүниетану, музыка.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Қызығушылықты ояту

Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу, сынып бөлмесінің тазалығына назар аудару.

Хормен айту

Жарқырап күн де ашылды,

Айналаға нұр шашылды.

Қайырлы күн!

Біз көңілді баламыз,

Қайырлы күн!

Сәлемдесіп аламыз.

Мақсатымыз — білім алу,

Міндетіміз — еңбектену,

Еңбектену арқылы «5»-ке қол жеткізу.

II. Өткен материалды бекіту

Білімдерін тексеру

Бағдарлау сұрақтары

  1. Аптаның қай күні?
  2. Қай ай?
  3. Жыл мезгілі қандай?
  4. Бүгінгі ауа райы қандай?
  5. Кімнің суретін көріп тұрмыз?

Тұлғатану: Ы. Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин — қазақ халқының ағартушысы. Ол балаларды оқуға шақырды, балаларға арнап өлеңдер мен әңгімелер жазды.

Өлеңді еске түсіру және оқу

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар!

Талқылау: Бұл өлеңді қай пәннен жаттадық?

Оқылым: «Әке мен бала» мәтінін рөлге бөліп оқып, сұрақтарға жауап беру.

III. Үй тапсырмасы

Ой толғаныс

Мәтін бойынша сұрақтар

  1. Әкесі тағаны баласына неліктен алдырғысы келді?
  2. Баласы тағаны неге алмады деп ойлайсыңдар?
  3. Әкесі тағаны қалай пайдаға асырды?
  4. Әкесі баласына қандай ақыл айтты?

Мақал-мәтелдер

  • Еріншек екі істер. (Мағынасын түсіндіру.)
  • Еріншектің ертеңі бітпес. (Мағынасын түсіндіру.)

Тілдік қайталау

Сұрақ

Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді?

Сұрақ

Жуан дауыстыларды ата.

Сұрақ

Жіңішке дауыстыларды ата.

IV. Мақсат қою

Сабақтың бағыты

  • Мамандық иелері туралы әңгімелесу, өлеңнің мағынасын ашу.
  • Жуан және жіңішке жұп дауыстыларды пысықтау.
  • Сауатты әрі көркем жазуға тәрбиелеу.

Сергіту сәті

«Айгөлек»

Суреттегі тұлғаны танимыз ба? Бұл — атақты биші Шара Жиенқұлова. Осы биші апамызбен бірге «Айгөлек» биін билейік.

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Айдай толған кезімде,

Би билеймін дөңгелеп.

V. Жаңа сабақ

Автор және мәтін

Қадыр Мырза Әли туралы қысқаша мәлімет

Қадыр Мырза Әли 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын сол кезеңде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1968–1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімін басқарған. Кейін «Балауса» баспасында редактор болып, Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі қызметін атқарған.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық жыр» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол — Қазақстанның халық жазушысы. 2010 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.

Оқулықпен жұмыс: «Көкемнің ақылы»

Дауыстап оқу, тізбектей оқу

Көп сөйледі демеңдер,

Көкем менің кемеңгер.

Сыр айтады отырып.

— Ойна! Ойна! Ойнай бер!

Қызығыңды тойлай бер!

Ойна бірақ күйші боп,

Ойна бірақ биші боп!

Ойна қызыл жалын боп,

Ойна әйгілі ғалым боп!

Ойна ақылды аға боп!

Кіп-кішкентай дана боп.

Жаста кім боп ойнайсың —

Өскенде сол боласың,

Ақыл-ойға толасың.

Жүргенде де ойыңда

Мақсат болсын алдыңда!

Өлеңнің негізгі ойы — бала кезден армандап, әр іске жауапкершілікпен қарау. Ойын арқылы таңдалған рөл болашақ мақсатқа ұласады.