Балаларға түстерді ажырата білуге үйретуді жалғастыру

Сабақтың барысы

Бүгінгі оқу қызметі қонақтардың қатысуымен өтеді. Балалар алдымен қонақтармен амандасып, жылы көңіл-күй қалыптастырады:

Амандасу

Біз ақылды баламыз, айтқан тілді аламыз. Бізге келген қонақпен амандасып аламыз.

«Сәлеметсіздер ме? Қайырлы таң! Добрый день! Good morning!»

Қимылдық ойын: «Өз орныңды тап»

Тәрбиеші балалардың жыл мезгілдері туралы білімін сұрақ-жауап арқылы бекітеді:

Бір жылда неше мезгіл бар?

4 мезгіл.

Қазір жылдың қай мезгілі?

Күз мезгілі.

Күз мезгілінде неше ай бар?

3 ай.

Күз айларын атаңдар.

Қыркүйек, Қазан, Қараша.

Күзде ауа райы салқындайды, сондықтан біз жылы киінеміз. Ендеше қуыршақтарымызды серуенге шығару үшін олардың киімдерін дайындайық.

Сюжеттік сәт: Маша қонаққа келеді

Тәрбиеші есік қағылғанын байқап, балалармен бірге қонақты қарсы алады. Топқа Маша кіреді. Балалар Машамен амандасады.

Маша:

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендердің түстер туралы айтып жатқандарыңды естідім. Аю екеуміз ренжісіп қалдық: мен одан түстерді сұрадым, бірақ ол айтпады. Менің көптеген қуыршақтарым бар, ал олардың көйлектерінің түстерін ажырата алмай тұрмын. Маған көмектесесіңдер ме?»

Балалар: «Иә, көмектесеміз!»

Түстерді ажырату: қуыршақ киімдері

Тәрбиеші балаларды кезекпен шақырып, қуыршақтардың киімдерінің түсін сұрайды. Балалар жауап беріп, сөздерді бірге қайталайды:

Тәрбиеші: «Бұл не?»

Балалар: «Қуыршақ.»

Тәрбиеші: «Бұл қуыршақтың көйлегінің түсі қандай?»

Балалар: «Қызыл.»

Тәрбиеші: «Келесі қуыршақтың көйлегінің түсі қандай?»

Балалар: «Көк.»

Тәрбиеші: «Ал, шашындағы бантиктің түсі қандай?»

Балалар: «Көк.»

Тәрбиеші: «Мына қуыршақтың көйлегінің түсі қандай?»

Балалар: «Жасыл.»

«Қараңдаршы, қандай әдемі қуыршақтар! Енді оларға ат қояйық».

  • Қызыл көйлекті қуыршақ — Амина.
  • Сары көйлекті қуыршақ — Мадина.
  • Көк көйлекті қуыршақ — Айлин.

Тақпақ

Ю. Мадина:

Ойыншығым — қуыршақ,
Не берсем де жемейді.
Еркелігі соншама,
Көтермесем жүрмейді.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз бір дем алайық.

Ойын: ойыншықтарды өз иесіне жеткізейік

Топта ойыншық көп, бірақ қуыршақтардың ойыншықтары шатасып кеткен. Балалар оларды түстеріне қарай сәйкестендіріп орналастырады.

Қорапшада

қызыл, сары, көк түсті доптар бар.

Тапсырма

әр допты түсіне сәйкес қорапшаға салу.

Мысал

көк доп — көк қорапшаға.

Қуыршақтар балаларға ризашылық білдіреді. Тәрбиеші ойыншықтармен ойнағанда ұқыпты болу керектігін еске салады: ойыншықтарды сындырмау, бүлдірмеу, таза ұстау.

Қорытынды

Маша:

«Балалар, сендерге көп рахмет! Мен көптеген түстерді меңгердім. Мен өзімнің қуыршақтарымды сендерге сыйлыққа қалдырам».

Балалар Машамен қоштасып, алғыс айтады. Соңында қыздар «Қуыршақ» әнін орындайды. Балалар мадақталады.

Күтілетін нәтиже

Біледі

Қуыршақтардың ойыншықтарын киім түсіне қарай ажыратуды.

Игереді

Сөздердің мәнін және қызыл, көк, сары, жасыл түстер туралы ұғымды.

Меңгереді

Түстің әртүрлі заттың сипатын білдіру үшін қолданылатынын.