Мамандықтың бәрі жақсы
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы
Білім беру саласы
Қатынас. Оқу іс-әрекеті: тіл дамыту.
Тақырыбы
«Мамандықтың бәрі жақсы. Кім немен ойнайды?» (М. Хакімжанова)
Сабақтың түрі мен әдістері
- Сабақтың түрі: аралас сабақ.
- Әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап.
- Көрнекілігі: мамандықтар бейнеленген суреттер, интерактивті тақта, тіл дамыту дәптері.
Мақсаты
Білімділік
Балаларға мамандықтар туралы түсінік беру, бұрын беймәлім мамандықтар жайлы жалпы ұғым қалыптастыру.
Тәрбиелік
Әр мамандықтың қоғамға пайдалы екенін түсіндіру; еңбек адамдарына құрмет, қадірлеу және мақтаныш сезімін тәрбиелеу.
Дамытушылық
Әртүрлі мамандықтармен таныстыру арқылы ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамыту.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Тәрбиеші балалармен амандасады, қонақтармен сәлемдесуді ұйымдастырады.
Шаттық шеңбері
Балалар дөңгелене тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді. Мысалы: «Сен қандай ақылдысың!»
«Біздің денсаулығымыз мықты. Біз ойнаймыз, күлеміз, айналадағы дүниені танып-білеміз».
Тақырыпқа кіріспе
Бүгінгі оқу іс-әрекетіміздің тақырыбы: «Мамандықтың бәрі жақсы».
Өмір таны, өнер қу, Өнер табу — ол да оқу. Талаптансаң тартынба, Өз күшіңде жол табу.
Балалар балабақшада күнде қандай мамандық иелерімен кездеседі? (тәрбиеші, тәрбиеші көмекшісі, аспазшы, дәрігер)
Болашақта әртүрлі мамандық иесі болу үшін ақылды, білімді, тәрбиелі болу керек.
Жұмбақтар арқылы мамандықтарды табу
Қолында қайшы, тарағы,
Тәртіпке шашты салады.
Шаштараз
Қалпағына қарасаң,
Дәрігер емес, бірақ ол.
Ас мәзірін қаласа,
Алға ұсынып тұрады ол.
Аспазшы
Білім дәнін тереді,
Балаға тәлім береді.
Ұстаз
Мамандық туралы тақпақтар
Зухра — Ұстаз
Оқу — білім ордасы, Ұстаз оның арнасы. Ұстаздық деген ұлы іс, Адамдықтың айнасы.
Алмат — Құрылысшы
Қолда темір қалпағым, Саздан сарай қалады. Алматыдан аумайтын Әсем қала саламын.
Арайлым — Аспазшы
Біздің гүл бақшада, Бар әсем асхана. Мен сондай аспазшы Боламын бақшада.
Қуанышкерей — Мұғалім
Жақсы оқып сабақты, Білім алып толамын. Бөбектерді оқытар — Мен мұғалім боламын.
Тәрбиеші слайд арқылы түрлі мамандық иелерінің суреттерін көрсетіп, балалармен қысқаша әңгімелеседі.
Өлеңмен жұмыс: «Кім немен ойнайды?»
Тәрбиеші М. Хакімжанованың «Кім немен ойнайды?» өлеңін мәнерлеп оқиды. Екінші рет оқығанда балалар өлеңде кездесетін мамандықтарды саусақтарын бүгіп санап отырады.
Теңізші болатын бала — Бұлақпен ойнайды. Емші болатын бала — Сынаппен ойнайды. Батыр болатын бала — Қынаппен ойнайды. Жарықты жағатын бала — Шырақпен ойнайды. Шопан болатын бала — Қозы-лақпен ойнайды. Диқан болатын бала — Топырақпен ойнайды. Ғалым болатын бала — Кітаппен ойнайды.
Сөздік жұмыс
- Қынап — қылыш салатын қорап.
- Жарықты жағатын бала — электрик.
Талқылау
Балалар өлең жолдарындағы мамандықтарды атайды, олардың қандай қызмет атқаратынын және қоғамға пайдасын бірге талқылайды.
Сергіту сәті
Менің мамам — дәрігер. Тіс ауырса, іш ауырса, Мамам дәрі береді. Барлық ана, барлық бала Оны жақсы көреді. (Ә. Мұсаханов)
Негізгі бөлім
Дәптермен жұмыс
Тіл дамыту дәптеріндегі №16 тапсырма орындалады.
(Тапсырма мазмұны дәптердегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.)
Дидактикалық ойын: «Кім жылдам?»
Үстел үстіне түрлі мамандық иелеріне қажетті құралдар қойылады. Екі бала ортаға шығып, құралдарды мамандықтарға қарай жылдам бөліп жинайды: шаштараз, аспаз, құрылысшы, дәрігер.
Әңгіме және балалардың ойы
Тәрбиеші: «Адам белгілі бір іске қабілетті, дарынды болады. Сендердің сүйікті істерің бар ма?»
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Анита
Еңбек етсем, ертеңгі Бақытымa сенемін! Мақсатыма жеткізер Уақытыма сенемін!
Али
Адамдық — борышың, Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл. Талаптан да білім мен өнер үйрен. Білімсіз, өнерсіз Болады ақыл тұл.
Мазмұнды кейіпкерлік ойын: «Дәрігер»
Дәрігер — ақ қалатты абзал жан. Дәрігер жылы сөзімен де, дұрыс кеңесімен де науқасқа көмектеседі. Ойын барысында «дәрігер» мен «науқас» рөлдері көрсетіледі.
Дәрігер
Сәлеметсіз бе! Сізді не мазалайды? Дәрігерге қандай себеппен келдіңіз?
Алдымен сараптама қорытындысы қажет. Мазалағаныңызға қанша уақыт болды? Қорытынды шыққан соң ем тағайындаймыз.
Науқас
Сәлеметсіз бе! Ішім ауырып жүр. Қаралуға келдім. Қандай кеңес бересіз?
Рахмет, дәрігер. Міндетті түрде келемін. Сау болыңыз.
Қауіпсіздік ережесі: балалар ата-ананың рұқсатынсыз үйдегі дәрі-дәрмектерді алуға болмайды.
«Ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».
Қорытынды
Бүгін біз көптеген мамандық иелерімен таныстық. Естеріңе түсіріп көрейік: құрылысшы, дәрігер, аспазшы, диқан, шаштараз, батыр, ғалым, теңізші, шопан.
Мақалды жалғастыр
- Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
- Еріншектің ертеңі бітпес.
- Еңбек етсең ерінбей…
(Соңғы мақалдың жалғасы балалардың деңгейіне қарай толықтырылып айтылады.)
Абайдың нақыл сөзі: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды сүйсеңіз». Олай болса, алға ұмтылып, арманымызға жетіп, сүйікті мамандығымызды игерейік.
Біздің таңдауымыз әртүрлі: біреуің ақын, екіншің инженер, үшіншің құрылысшы боласың. Жаман мамандық жоқ. Мамандықтың бәрі жақсы.
Қоштасу
Тәрбиеші балалармен бірге қонақтармен қоштасады.
Автор туралы мәлімет
Мекеме
Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №33 «Көркемай» балабақшасы
Тәрбиеші
Кабдуахитова Сағия Тілекқабыловна