Тамаша сөздер
Іс-шара туралы
Ақмола облысы, Бурабай ауданы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Мадиева Айман Кәрібайқызы өткізетін іс-шараның тақырыбы — «Бір шаңырақ астында». Бұл кездесу Қазақстан Республикасын мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігіне арналған.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Қайырлы күн, құрметті қонақтар!
Қазақ жері — қонақжай елдің жері, Қазақ елі — сақ деген ердің елі. Толқынында тарихтың қуғын көрген, барша ұлтқа құт мекен болған еді.
Қазақстан Республикасында бүгінде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Тарихтың белгілі бір кезеңдерінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбаны болып, елімізге қоныс аударған талай халық үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.
(Бұл жерде Елбасының сөзі қосылады.)
Бағдарлама құрылымы
Танысу және «Жүректен — жүрекке» тренингі
Оқытушының ой-түйіні: тілі бөлек болғанымен тілегі бір, ұлы достықты мәпелеген жүрегі гүл. Сондықтан, әр мекеменің қызметкерлері ретінде бір-бірімізбен танысып, жылы лебізімізді білдірейік.
Тренинг шарты: әр тыңдаушы жүрек пішініндегі белгішені қолына ұстап тұрып өзін таныстырады және өзгелерге ізгі тілек айтады. Жүрек бір қолдан екінші қолға ауысып, танысу үдерісі жалғасады.
2-слайд
Сайыс форматы және әділқазылар
Бүгінгі сабақ екі топ арасында сайыс түрінде өтеді. Топтардың білімі мен қабілеті сынға түсетіндіктен, әділ бағалау үшін әділқазылар алқасы таныстырылады.
- А. Е. Қайрмденова — Тілдерді оқыту орталығының директоры
- Ж. Қ. Махметова — әдіскер
- А. Қ. Маширова — оқытушы
- Н. М. Абленова — оқытушы
Барлық кезеңдердің бағасы сайыс соңында жарияланады.
Кезеңдер
І кезең — «Визиттік карточка»
Жоғары ұпай: 10
Сөз кезегі осы шараға қонақ болып отырған жалпы түрдегі мектеп-интернатының ұжымына беріледі. Келесі сөз Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімге ұсынылады.
3–4-слайд
Тарихи анықтама
1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл — әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін, саяси маңызы зор құрылым.
Ортақ бізге бір Отан, ортақ жердің байлығы. Аспан ортақ, жер ортақ — ортақ бізге барлығы.
ІІ кезең — «Білгенге — маржан»
Әр дұрыс жауап: 2 ұпай
Қатысушылар кезекпен асық алады. Асықта жазылған нөмір бойынша сұраққа жауап береді: белгілі бір ұлт туралы мәлімет беріледі, соны дұрыс тапқан топ ұпай жинайды.
(Сұрақтар қосымша парақта.) 5-слайд
Бүгінде әр ұлтқа салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Бақыт, әділдік, бейбітшілік пен жарқын болашаққа ұмтылыс бәрін біріктіреді.
«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады».
ІІІ кезең — Үй тапсырмасы
Жоғары ұпай: 10 + 10
Шарт: әр топ өздері таңдаған халықтың ұлттық тағамын әзірлейді және сол халықтың ұлттық мәдениеті бойынша көрініс дайындайды (би, ән, немесе дәстүр көрсету). Екі тапсырма бірге орындалады, бірақ әрқайсысы бөлек бағаланады.
Ортаға .................................. тобын шақырамыз. Келесі сөз ............................ тобына беріледі.
6–7-слайд
Ой өзегі
Ел бірлігі — ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге қажет. Көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір тірегі — Қазақстан халқының бірлігі.
«Қырғыз, қазақ — бір туған», «Өзбек — өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деген нақылдар — ынтымаққа үндейтін халық даналығы. Бірлік отбасынан басталып, бүкіл елдің бірлігімен ұласады.
ІV кезең — «Мақалдар әлемі»
Әр мақал: 2 ұпай
Шарт: парақшаларда жазылған ел, бірлік тақырыбындағы мақал-мәтелдерді толықтыру.
(Қосымша парақшада мақал-мәтелдер.) 8-слайд
Ғибратты әңгіме
Ертеде бір қария балаларын бірлікке тәрбиелеу үшін бір бума шыбықты сындыруды ұсынады. Ұлдары қанша әуреленсе де, буманы сындыра алмайды. Қарт буманы шешіп, шыбықтарды бір-бірден сындыруды сұрайды — шыбықтар оп-оңай сынады. Сонда қария: «Бірігіп өмір сүрсеңдер, ешкімнің әлі келмейді. Ал жеке-жеке жүрсеңдер, біртіндеп құртады. Бірлік түбі — тірлік», — деп өсиет айтады.
V кезең — «Сәлем — сөз анасы»
Көрсету: 3 ұпай · Жауап: 3 ұпай
Сәлемдесу — достық пейіл мен құрмет білдіру. Кез келген күн де, әңгіме де сәлемдесуден басталады. Әдептілік бойынша, таныс адамдармен ғана амандасу жеткілікті болғанымен, күнделікті ортада жиі көретін адамдарға да сәлем берген абзал.
«Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді».
Шарт: екі топ бір-біріне әр елдің амандасу салтын сипаттайды немесе көрсетеді. Қарсылас топ қай елдің рәсімі екенін табуы керек. Көрсетілімге де, жауапқа да ұпай беріледі.
9-слайд
VІ кезең — «Мен Қазақстандықпын!»
Жоғары ұпай: 20
Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі — еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір. 1 мамыр — дүниежүзіндегі халықтардың достығы мен бірлігін дәріптейтін күн. Елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, ал әр азамат Отанын қорғауға және елін сүюге міндетті.
Бұл кезең патриоттық сезімді тереңдетуге бағытталған: бейнеролик тыңдалады, ондағы сөздер аударылады және роликтің сарынымен әр топ «Мен Қазақстандықпын!» атты үндеу жазады. Қажет болса, өз ойларыңызды қосуға болады.
- Сапалы аударма
- Қосылған ойдың мағынасы
- Дауыс ырғағы және әсер ету күші
(Бейнеролик тамашаланады.) Дайындалуға 5 минут уақыт беріледі. Дайын топ ортаға шығып, үндеуін оқиды.
10–11-слайд
Символдық қорытынды
Отанға деген махаббат әр адамның жүрегінде бар — бұл қасиетті, ұлы сезім. (Осы сәтте ортаға шаңырақ шығарылады.)
Кезеңнің жалғасы ретінде әр тыңдаушы бір мақал оқып, шаңырақтың астына жиналады.
12-слайд
Қорытынды
Бақыт исі аңқыған гүлдеріңнен, кең өлкемді сүйемін жүрегіммен. Елге деген махаббат тыншымайды — мұңая да білемін, күле білем.
Ойын осымен аяқталды. Сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.