Лашын - құстың жендеті
Сабақтың мақсаты мен жалпы бағыты
Ұлттық дәстүр негізінде құрылған «Құстар – қанатты достар» сабағының негізгі мақсаты – оқушыларға құстар туралы жалпы түсінік беру, табиғатты аялауға және қорғауға тәрбиелеу.
Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
Ұйымдастыру кезеңінен кейін ұлттық ойын түрлеріне қысқаша сипаттама беріледі. Үй тапсырмасы «Ханталапай» ойыны арқылы сұралып, оқушылардың білімі ойын түрінде бекітіледі.
Жаңа сабақ: құстар – біздің достарымыз
Жаңа тақырып «Құстар – біздің достарымыз, табиғат қорғаушылары» деген кіріспеден басталады. Құстардың үш топқа бөлінетіні сызба арқылы түсіндіріліп, әр топтың ерекшеліктері нақты мысалдармен айқындалады.
Құстардың адамға пайдасы
- Ет және жұмыртқа береді.
- Қанаты мен жүні тұрмыста қолданылады.
- Кейбірінің емдік қасиеті бар.
Тыйым сөздер және экологиялық тәрбие
- Құстың ұясын бұзба.
- Жұмыртқасын шақпа.
- Балапанын өлтірме.
- Табиғатқа зиян келтіретін әрекеттерден сақтан.
Сөздік жұмысы: жұмбақ арқылы ойландыру
Сөздік жұмысы оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін жұмбақ шешу арқылы жүргізіледі:
1) Ну орманда отыр,
Күндіз көрмес соқыр.
Жауабы: үкі (сова)
2) Көлдің әні, сәні екен,
Еті, жүні дәрі екен.
Жауабы: аққу (лебедь)
3) Киімі ала, ісі бар шала,
Мекені – орман, дала.
Жауабы: сауысқан (сорока)
Үнтаспа арқылы құстардың дауысы тыңдалып, оқушылар дыбыс арқылы құсты тануға дағдыланады.
Тіл дамыту тапсырмасы: мақал-мәтелдер
Келесі тапсырмада оқушылар құстарға қатысты мақал-мәтелдерді жазып, қазақ тіліне тән дыбыстарды тауып, астын сызады:
- Құстың қуы – сауысқан.
- Лашын – құстың жендеті.
- Көкек өз атын өзі шақырады.
- Тұлпар шаба жетіледі, сұңқар ұша жетіледі.
- Қарға қарқылдаса қатқақ келер, қаз қаңқылдаса жаз келер.
- Аққуды атпа, досыңды сатпа.
Мәтінмен жұмыс: мәнерлеп оқу және сипаттау
Кітаптағы құстар туралы өлеңдер мәнерлеп оқылады. Сурет бойынша әр құсқа сипаттама бергізу арқылы оқушының сөйлеу мәдениеті мен бақылағыштығы дамытылады.
Қаз
Шығып ауыл шетіне,
Жайылады бетімен.
Қызықтырар ол бізді
Жұмыртқамен, етімен.
Торғай
Торғай, торғай, торғайсың,
Таяу келіп қонғайсың.
Дән шашайын, тойып ал,
Сонда аязға тоңбайсың.
Бекіту және қорытынды
Жаңа сабақ «гүл оюы» үлгісінде құрылған Венн диаграммасы арқылы бекітіледі: оқушылар құстардың ұқсастығы мен айырмашылығын салыстырып, негізгі ұғымдарды жинақтайды.
Үй тапсырмасы
«Құстардың пайдасы мен зияны» тақырыбында эссе жазу.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және тілдік талдауы ескеріліп, білімдері бағаланады.