Балалардың қателігі
Қырсыққа тап болмас үшін ауыздан шыққан сөзге абай болған жөн. «Тыныштық – алтынмен тең» деген тәмсілдің мәнін бәріміз білеміз. Дегенмен құрбыңмен кездескенде баланың мінез-құлқын, енеңізбен ара-қатынасты, күйеуіңізбен келіспей қалған сәттерді айтып, тарқатпай отыру қиын.
Отбасылық мәселелерді өзгелерге ашып айту кейде зиян тигізіп, сәтсіздікке алып келуі мүмкін. Ең дұрысы — кейбір дүниені құпия сақтай білу. Бақытты өмірдің кілті тыныштық екенін білсек те, осы қарапайым ережені жиі бұзамыз.
Айтуға асықпау керек 4 тақырып
Махаббат және ара-қатынас
Ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы немесе қыз бен жігіттің романтикалық байланысы — тек екеуіне ғана қатысты дүние. Алайда қазіргі қоғамда жұбайының опасыздығын, жарының жағымсыз мінезін, жеке өмірдегі келіспеушіліктерді әлеуметтік желіде жариялау қалыпты нәрсеге айналып барады.
Өкінішке қарай, жария айтылған әр сөз жұптың ортақ үйлесіміне сызат түсіруі мүмкін. Қатынас туралы неғұрлым көп әңгімелеген сайын, оның кері әсері де соғұрлым артады.
Егер арада жылы байланыс орнап, отбасы құру туралы ой пайда болса, оны достарға, таныстарға жариялай бермей, өзара құпия ұстаған жөн.
Денсаулық
Соңғы кезде адамдардың аз уақыт ішінде — аялдамада да, кезекте тұрып та — тез танысып, денсаулығы жайлы сөз қозғап кететіні байқалады. Денсаулық — өмірдегі ең маңызды тақырыптың бірі болғандықтан, ол желіде де, теледидарда да бірден назар аудартады: жұрт шынайы қызығушылық танытып, тілек айтып жатады. Бірақ мұндай әңгіме көп уақытты да, көп күшті де алып қояды.
Кейбір түсініктер бойынша, күнделікті қиындықтармен күресуге адамның бойындағы «сары қуат орталығы» жауап береді. Егер сіз денсаулыққа жиі шағымданып, оны көпшілікпен талқылай берсеңіз, сол күш әлсірейді деген пікір бар.
Сондықтан денсаулыққа қатысты мәселені эмоция үшін жұртқа жаймай, нақты шешім үшін дәрігер маманмен талқылаған дұрыс.
Табыс пен шығын
Әңгімеге өзінен-өзі жетелейтін тақырыптың бірі — кіріс, қаржылық қиындықтар және жалпы материалдық жағдай. Кей адам мұны талқылаудың несі жаман деп ойлауы мүмкін.
Дегенмен халық арасында «қаржының да өз арнасы бар» деген түсінік айтылады. Ақша жайын тым көп сөз ету, әсіресе өз табысыңызды егжей-тегжей тарқату — сол арнаның әлсіреуіне әсер етуі мүмкін деген наным бар.
Қаржыны есептеп, жоспарлау қажет, бірақ оны әр кездесуде ортақ тақырыпқа айналдырмай, нақты мақсатпен ғана талқылаған жөн.
Балалардың қателігі мен мінезі
Бала кішкентай болсын, ересек болсын — ана мен бала арасын көзге көрінбейтін ерекше байланыс жалғайды. Мұндай байланысты өте берік деп айтуға болады.
Балаңыздың қиқарлығы, қателігі, «ұят» қылығы туралы өзгелерге жиі шағына беру өзіңізді жеңілдеткенімен, баланың беделіне де, көңіл күйіне де кері әсер етуі мүмкін.
Аталарымыз «Үйдегі ыдыс-аяқ сылдыры сыртқа шықпасын» деп бекер айтпаған. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген сөз де тілге ие болудың маңызын еске салады.
Түйін
Тыныштық — қарым-қатынаста да, отбасы берекесінде де үлкен тірек. Кейбір тақырыпты көпшілікке жаймай, орнымен ғана айту — өз шекараңызды қорғау және үй ішіндегі үйлесімді сақтау жолы.
Дайындаған: Жадыра