Әкелер пікірі
Кіріспе
Армысыздар, ардақты ата-аналар, аяулы ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Отбасы – бақыт мекені» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
1-бөлім. Отбасы – Отанымыздың ошағы
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырап көрініп, біртіндеп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім де ең алдымен жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
«Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады».
Адамның бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында бастау алады. Сондықтан туған үйдің жылуы оның көкірегінде ұзақ жылдар сақталып, мәңгі есінде қалады.
2-бөлім. Отбасы туралы ойлар
Оқушылар отбасының мәні жайлы өз ойларымен бөлісті:
-
1-оқушы
Отбасы – сыйластық пен жарастық орнаған орта.
-
2-оқушы
Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі.
-
3-оқушы
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі.
-
4-оқушы
Отбасы – аса қажетті әрі қасиетті алтын мектеп.
-
5-оқушы
Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, алғашқы дәнекері.
-
6-оқушы
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
-
7-оқушы
Отан отбасынан басталады.
Музыкалық сәт
Ата-аналарымызға деген ыстық ықыласымызды ән арқылы жеткіздік: «Әке-ана» әні (орындаушы: Атантаев Асылхан). Ән ырғағымен ұл-қыздар вальс биледі.
3-бөлім. Әке – әулет тірегі
Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асыраушысы әрі қамқоршысы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкесі мен атасының бойындағы қасиет пен өнерді үйреніп өседі.
Тәрбиелік дәстүрдің мәні
Аналардың балаларға «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деп бағыт беріп отыруы – халқымыздың тәрбиелік мәйегі терең, өміршең дәстүрі.
Әдеби мысал: Мұхтар Әуезовтен тағылым
«Абай жолы» эпопеясында Семейде оқып келген 13 жасар Абай әке үйіне жеткенде, алдымен анасына қарай ұмтылады. Сонда ақылды, байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып сәлем бер!» – деп, дәстүрдің тәрбиелік мәнін ұғындырады. Жас Абай қателігін түсініп, бірден әкесіне қарай бұрылады. Бұл эпизод – әке алдындағы құрметтің ұлт тәрбиесіндегі биік өлшем екенін аңғартады.
Әкелер пікірі
«Отбасындағы әкенің рөлі» тақырыбында әкелер өз ойларын ортаға салды.
Тренинг-жаттығу: «Қолынан танып біл»
Көздері байлаулы әкелер балаларын қолынан ұстап отырып танып табуы керек.
Талдау сұрақтары
- Балаңызды табуға не көмектесті?
- Балаңыздың қолынан ұстағанда қандай сезімде болдыңыз?
Ата-аналарға арналған өлең жолдары
Аружан — Қ. Мырза-Әлі «Ана» (үзінді)
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:
Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.
Қуандым ба? Өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба? Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба? Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм — ол да сендік сүт еді.
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді.
Отанымның өзі сенен басталып,
Жауларыма жеткен жерде бітеді!
Ерасыл — М. Мақатаев «Әке» (үзінді)
Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі-кезі келгенде тасып та алам.
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар — ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Асылхан
Т. Айбергеновтің «Ана» өлеңінен үзінді оқылды.
Аружан
М. Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың…» өлеңінен үзінді оқылды.
Эльмира
М. Мақатаевтың «Анам маған…» өлеңінен үзінді оқылды.
Көрініс
Аружан мен әкесі дайындаған сахналық көрініс ұсынылды.
4-бөлім. Ана – мейірімнің мәңгі шуағы
Поэзиялық толғаныс (үзінді)
Кім сендерді, балалар, сүйетін,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетін?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретін.
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?
Ұмытпа: ең кемі айына бір рет болса да,
Хат жазып тұр — төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
«Еш арманым болмас» дер, өлгенше.
Ананың рөлі
Ана – үйдің берекесі, мейірімнің бастауы. Оның төзімі мен жан жылуы баланың мінезі мен өмірге көзқарасын қалыптастырады.
Аналар пікірі
Аналар бала тәрбиесі, отбасындағы жауапкершілік пен бірлік жайлы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Көрініс: «Ай мен Айша»
Оқушылар сахналық көрініс арқылы ананың қадірін, оның жүрегінің шексіз дархандығын әсерлі жеткізді.
Сүйікті кітаптан үзінді
Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы Ана атты ұғымның ұлылығын, ана жүрегінің шексіз кеңдігін, қазақтың парасаттылық қасиеттері заманның небір сын сағаттарында да сақталатынын айқын көрсетеді.
Ақселеу Сейдімбек пікірі
«Қазақ даласында екі адам Айша атты әйел затына ғажайып ескерткіш орнатты. Оның біреуі – Қарахан, екіншісі – Шерхан!»
Ендеше, ана атын ардақтаған бұл көріністі тамашалайық.
Қорытынды
Отбасы – адамның ең алғашқы мектебі, ең жылы мекені. Сүйіспеншілік, сыйластық және жауапкершілік үстем болған шаңырақта ғана бақыт пен береке орнығады.