ӨРКЕНДЕУ КЕРЕК ӨМІРДЕ
Кейбіреулер: «Не керегі бар осыларды жазып?» — дейді. Әрине, менің не жазып жатқанымнан бейхабар. Бірақ санаға солқ етіп әсер еткен осы сөз жүрегімді толқытты. Бұл — өзім үшін де, ұрпағым үшін де керек.
Бұл — өмірден үлгергенімше алып жатқан конспектім. Біле білсең, бұл — менің тағдырым. Бұл — менің сөзім, бұл — менің өзім. Осыны неге түсінбейді екен?
Көңілге қонатын сөзді еске сақтап, тіпті жаттап, дұрыс сөзді тыңдап, ден қойып, мән беріп жүру ләзім. Сондықтан айтарым: адам өткенін, өмірін ұмытуға болмайды. Қайта құрметтеп, еске алып, әрбір күніне есеп беріп отыру керек.
Өмірдің мәні неде?
Жалған мән
Өмірдің мәні — тек тамақ ішу, мәнті жеу емес.
Шынайы мән
Өмірдің мәні — өткеннен ұлағат алу, көп бақылап, байыпты болу, үлгі тұтар жайттарды үйрену.
Ештеңе оқымай, көңілге тоқымай, үйренбей іс тындыра алмайсың. «Ананың не керегі бар, мынаның не қажеті бар» деудің қисыны жоқ. Бар нәрсені ұқсатып, қажетіңе жарата біл.
«Керек тастың ауырлығы жоқ»
Ата өсиетіндегі әңгіме
Ғибратты оқиға
- Әкесі мен баласы қарындары аш, кәсіп іздеп келе жатады. Жолда түсіп қалған аттың тағасын көріп, әкесі: «Балам, тағаны ала жүр» — дейді. Шаршаған бала алмайды, амал жоқ әкесі өзі алады.
- Жолда кездескен темір соғушы ұстаға бір теңгеге сатады да, сол ақшаға бір килограмм жеміс (жиде) сатып алады.
- Бала сұраса да, әкесі бірден бермейді. Әкесі жидені жолда бір-бірлеп тастай береді. Аш бала әр жеміске еңкейіп, алып жейді.
- Он бес рет еңкейген соң, әкесі: «Балам, тағаны бір рет еңкейіп алмап едің. Ал соған сатып алған жидеге он бес рет еңкейдің» — дейді де, «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген сөзді жадыңда ұста деп, жидені уыстап береді.
Түйін: қажет нәрсе ауыр көрінбейді; ал еріншектік кейін еселеніп қайтады.
Өмір — көктеу, гүлдеу, жеміс беру
Тек көктеп шыққанымен, гүлдемейтін өсімдік болады. Гүлдегенімен, жеміс бермейтін ағаш та бар. Ал өмірдің қызығы — көктеген соң гүлдеу, гүлдеген соң жеміс беру емес пе?
Менің ойым, әкелік парызым — ұрпағымның өсімдіктей гүлденіп, көркейіп өсіп-өніп, тамыр жайғанын қалау. Ешқандай жамандықтың арамшөптері басып кетпесе екен дейсің.
Ата-ана ретіндегі арың да, абыройың да кішкентай солқылдақ шыбықтай өсіп келе жатқан перзентіңе байланысты. Су ішпеген ағаш қисық та тапал болып өседі. Сол сияқты, баланың бойына жақсылықтың шапағаты, ізгіліктің нұры дарып, зерделі де биік болып өссе екен дейсің.
Адамдықты сезінген, жылылықты ұғынған бала жақсы азамат болып өсері анық. Ол үшін ойлану керек, қолға қалам алып толғану керек, әкелік махаббат арналуы керек.
Жексенбі, 25 қыркүйек, 1994 жыл
Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен