Балалардың амандасуы
Сабақ тақырыбы: «Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» (2-сынып)
Мақсаты
Сыйластық пен құрмет сияқты адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластықты түсіндіру.
- Сыйластыққа негізделген қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
- Үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Дәптер, оқулық, себет, гүлдер, үлкен және кіші ағаш суреттері, ақ қағаздар, жүрекшелер.
Шаттық шеңбері
Мұғалім балаларды шеңберге тұрғызып, жылы жүзбен амандасуды ұсынады. Бас иіп сәлемдесу, алғыс айту, тіпті үнсіз жымиып бас июдің өзі — адамға деген құрмет пен сыйластықтың белгісі. Құрмет тек үлкенге ғана емес, кішіге де көрсетіледі. Кейде үлкендер кішілердің әдептілігі мен тәрбиесін бағалап, бірінші болып амандасуы да мүмкін.
Өлең жолдары
Қайырлы күн, балалар!
Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен.
Бізге келсін қуаныш нұр іздеген,
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз —
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.
Жақсылыққа баулу
Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.
«Бақыт себеті» — жылы лебіздер сәті
Оқушылар бүгінгі күнге, өздеріне және сабаққа қатысып отырған ұстаздарға ізгі тілектер айтып, «Бақыт себетін» гүл шоқтарымен толтырады.
Әңгімелесу: сыйластыққа бастайтын сұрақтар
- • Өзіңді және өзгені құрметтей аласың ба?
- • Өзара сыйластыққа қалай жетуге болады?
- • Достарыңмен арадағы сыйластық қандай?
Оқушылар өз ойларын еркін айтады. Мұғалім сыйласымды қарым-қатынас адамның өзіне байланысты екенін қорытындылап түсіндіреді.
Мәтінмен жұмыс: «Үш дос» (М. Төрежанов)
Әңгімені оқу және талдау арқылы әр әрекетте, әр сөзде, жүріс-тұрыста сыйластық қажет екенін ұғындыру көзделеді.
Талдау сұрақтары
- Балалар неліктен бірге ойнай алмады?
- Бір-бірімен сыйластықта болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Негізгі ой
Сыйластық — ортақ келісімнің, түсіністіктің және бірліктің іргетасы. Ол адамды адамға жақындатады, достықты күшейтеді.
Ойын-жаттығу: «Құрмет — ізет»
Тақтаға жапырақсыз екі ағаштың (үлкен және кіші) суреті ілінеді. Оқушыларға қағаз жапырақтар таратылады: жапырақтардың артқы бетінде құрмет пен ізетті білдіретін сөздер жазылған. Оқушылар сөздерді дауыстап оқып, үлкендерге арналғаны болса — үлкен ағашқа, кішілерге арналғаны болса — кіші ағашқа іледі.
Сөздер үлгілері
Қорытынды: үлкен ағашқа ілінген сөздер — үлкенге құрмет, сондықтан оны «Құрмет ағашы» деп атаймыз. Ал кіші ағашқа ілінген сөздер — кішіге ізет, сондықтан оны «Ізет ағашы» деп атаймыз.
Жаңа ақпарат
Адамдар бір-бірін сыйлап, түсіне білсе, жақсы қарым-қатынас орнайды. Өзара сыйластық — достыққа бастайды. Өмірде адамдар бірін-бірі кешіріп, түсіне білгенде ізгілікке жетеді.
Оқушылар жаңа ақпаратты дәптерлеріне жазып алады.
Тапсырмалар (топтық жұмыс)
Сабақта айтылған ойларды қаншалықты түсінгендерін байқау үшін екі топқа тапсырма беріледі.
1-топ
«Менің айтар ақылым»
Бос жолдарға қарындасыңа (сіңліңе) немесе ініңе арнап ақыл-кеңес хат жаз.
2-топ
«Менің тыңдар ақылым»
Бос жолдарға үйдегі үлкендердің саған айтатын ақылдарын жаз.
Орындалған жұмыстар сынып алдында жарияланады.
Жүректен — жүрекке
Оқушылар қолдарына жүрекшелер ұстап, өлең жолдарын бірге айтады.
Құрметтеп ата-анамды,
Ардақтап әпке, ағамды,
Қамқор боп сіңлі-ініме,
Сыйлымын үлкен-кішіге.
Бәрін де жақсы көремін,
Үнемі көмек беремін.
Үлкенді сыйлау — кішілік,
Үлгілі мінез — кісілік.
Осындай жылы тілектерге толы шеңберде тұрып, көтеріңкі көңіл күймен ән айтып, сабақ аяқталады.