Қазақстанның бұрынғы астанасы
Хромтау ауданы • Сарысай орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі: Умарова Гүлнар Темирғалиевна
3-сынып
Б. Үсенбаев — «Менің туым»
4-сынып
Т. Молдағалиев — «Республика рәміздері»
Сабақтың ұраны
Отан – жерім, Отан – суым,
Отан қуат, нәр береді.
Отан – ұран, Отан – туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Сабақ туралы қысқаша
Сабақ түрі мен типі
Жаңа сабақ, дәріс сабағы.
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, музыка.
Әдіс-тәсілдер
- Сөздік әдіс
- Көрнекілік
- Әңгімелеу
- Баяндау
- Талдау
Көрнекіліктер
- Оқулық
- Слайд
- Тесттер
- Үлестірмелі кеспелер
3-сыныптың мақсаты
Білімділік
Қазақстан Туы туралы өлеңді мәнерлеп оқыту, мазмұнын түсіндіру.
Дамытушылық
Мәнерлеп оқу дағдысын, ауызша сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу.
4-сыныптың мақсаты
Білімділік
Автордың өмірі мен шығармашылығын таныстыру, рәміздерді сипаттайтын өлеңдерді мәнерлеп оқыту, мағынасын ашу.
Дамытушылық
Мәнерлеп оқу тілін дамыту, дүниетанымды кеңейту, сөздік қорды байыту.
Тәрбиелік
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу, оқушылардың дайындығын тексеру, сабақ мақсатын хабарлау.
2) Қызығушылықты ояту
3-сынып: «Сен білесің бе?»
- Тәуелсіздігімізді қашан алдық?
- Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қандай тұлғаларды білесіңдер?
- М. Шаханов қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
- 1986 жылы қандай оқиға болды?
- Желтоқсан көтерілісіне арнап М. Шаханов қандай кітап жазды?
- Желтоқсан көтерілісі бізге не әкелді?
- Рәміздер күні қай күн? Қай жылы қабылданды?
4-сынып: «Қазақстан» сөзжұмбағы
- «Еркек тоқты — құрбандық, атам десең атыңдар» деген сөздерімен танылған Желтоқсан көтерілісіне қатысушы.
- Қазақстанның бұрынғы астанасы.
- Ту, Елтаңба, Гимн — бұлар не?
- Қазақстанның қазіргі астанасы.
- Біздің ұлтымыз.
- «Тіл қаруы» не?
- Ұлттық валютамыз.
- Қазаққа басшылық жасаған хандардың бірі.
- Елбасының фамилиясы.
3) Мағынаны ашу
Мұғалім сөзі
2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында Президент Н. Ә. Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар» екенін атап өтті. Бұл рәміздер еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықты бейнелейді, халықтың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін жеткізеді. Көгілдір байрағымыз — ашық аспан, бейбітшілік және жарқын болашақтың белгісі.
Осыған орай «Менің туым» және «Республика рәміздері» тақырыптарындағы сабағымызды бастаймыз.
Елтаңба дегеніміз не?
«Герб» сөзі неміс тіліндегі «erbe» — «мұра» ұғымымен байланысты. Қазақ тіліндегі «таңба» сөзі бұл мағынаны дәл береді. Елтаңба — белгілі бір елдің, қаланың, рудың немесе адамның шартты белгісі; ол иесінің тарихымен тығыз байланысты және заңмен бекітіледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Мемлекеттік Ту — көгілдір түсті тікбұрышты мата. Ортасында шұғылалы Күн, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабына жақын тұста ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, шұғыла, қыран және өрнек — алтын түстес. Ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2. Көгілдір түс — бірлік, бейбітшілік, ашық аспан идеяларын білдіреді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
- Сөзін жазғандар:
- Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
- Әнін жазған:
- Шәмші Қалдаяқов
Гимн мәтінінен үзінді
Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Қайырмасы: Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным!
Оқушылар дайындаған мәліметтер
1-оқушы (4-сынып): Елтаңба туралы
Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Елтаңбаның өзегінде шаңырақ бейнесі орналасқан: одан күн сәулесіндей уықтар тарайды. Бұл — еліміздегі халықтардың бірлігі мен ортақ шаңырақ астындағы тату тіршіліктің белгісі. Қанатты тұлпарлар — еркіндік пен қиял-арманды, жоғарыдағы бес жұлдыз — жарқын болашаққа бағытты білдіреді. Төменгі бөліктегі «Қазақстан» жазуы мемлекет атауын айқындайды, масақ — ел байлығының нышаны.
2-оқушы (3-сынып): Елтаңба туралы өлең
Қатар шапқан қос тұлпар, Ай астында қазақ үй. Қалықтаған жас сұңқар, Шарықтаған таза күй. Бұл — таңбасы елімнің, Елдігімнің белгісі.
3-оқушы (4-сынып): Ту туралы
Тудың авторы — Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков. Көгілдір түс — бірлік пен амандықтың белгісі. Ортасындағы алтын Күн — тыныштық пен берекені, ал қыран — еркіндік пен биікті аңғартады. Сабын бойлай берілген ұлттық ою-өрнек — қазақ халқының мәдени болмысын көрсетеді.
4-оқушы (3-сынып): Ту туралы өлең
Айнымайды аспаннан Біздің тудың бояуы. Оны халық қашанда Биікке іліп қояды. Жанатын да өзі отша, Жалын шарпып бетіңді. Туымыз да қазақша Сөйлеп тұрған секілді.
5-оқушы (4-сынып): Гимн туралы
Мемлекеттік рәміздердің маңыздысының бірі — Гимн. Ол — мемлекеттің салтанатты әні, халықтың тарихы, бүгінгі тынысы мен болашаққа арманы тоғысқан рухани белгі. Гимн орындалғанда түрегеліп, оң қолды жүрек тұсына қою — Отанға деген құрметтің көрінісі. 2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа нұсқада қабылданды. Әні — Ш. Қалдаяқовтікі, сөзін жазғандар — Ж. Нәжімеденов пен Н. Назарбаев. «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 10 қаңтарда алғаш рет Мемлекеттік Гимн ретінде ресми рәсімде орындалды.
6-оқушы (3-сынып): Әнұран туралы өлең
Барша халық таныған Біздің үміт, тілекті. Шырқалғанда әнұран Шаттық кернер жүректі. Жеңіс туын көтерген Жарыстарда сан қилы, Жетіп бізге шетелден Көкке әнұран шалқиды. Шәмші атаның сазды үні Жігер беріп қайратты, Бәрімізді мәз қылып, Жаңғыртады аймақты.
Оқулықпен жұмыс
3-сынып
Өлеңді тізбектей оқыту.
4-сынып
Оқулықтан өлеңді өз бетімен оқу.
4) Ой қорыту
«Аяқталмаған сөйлем» әдісі арқылы қорытынды жасалады:
Біздің туымыз ерекше, себебі …
Мен рәміздерімді мақтан етемін, өйткені …
Сабақты қорытындылау
Жақындап қалған мерекеге байланысты оқушылар «ән шашуын» орындайды: Н. Ә. Назарбаевтың сөзіне жазылған Б. Тілеухановтың «Елім менің» әні (хор).
Барлығыңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын!
5) Үй тапсырмасы
3-сынып
Өлеңді мәнерлеп оқу, мазмұнына сай сурет салу.
4-сынып
Өлең шумақтарынан үзінді жаттау, сұрақтарға жауап беру.
6) Бағалау
Оқушылардың мәнерлеп оқуы, жауаптарының толықтығы, белсенділігі және шығармашылық тапсырмаларды орындауы негізінде бағаланады.
Мәнерлеп оқу
Дыбыс, екпін, пауза
Түсіну және талдау
Мағына, дәлел
Белсенділік
Сұрақ-жауап, қатысу