Атам Ұлы Отан соғысының тыл ардагері

Мен атаммен мақтанамын

Мен атам туралы айтып бергім келеді. Оның аты-жөні — Айтлеуов Әбсадық Айтлеуұлы. Ол 1927 жылы 5 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақүйік елді мекенінде дүниеге келген. Атамның 7 жылдық білімі болған.

Өмірлік ұстанымы

Еңбекке адалдық, тәртіп, қиындыққа мойымау.

Мінезі

Ақкөңіл, мейірімді, қайсар, қажырлы.

Соғыс жылдарындағы еңбек

Атам — Ұлы Отан соғысының тыл ардагері. Соғыс талай адамның балалық шағын ұрлағаны белгілі. 1941 жылы соғыс басталған кезде ол небәрі 14 жаста болған.

1942 жылы атам Бірлік жетіжылдық мектебін тәмамдайды. Соғыс уақыты болғандықтан, ол түске дейін мектепте оқып, түстен кейін саппен колхоз жұмысына барған. Тылдағы жұмыс ауыр еді: жылқы бағып, шаруаның небір бейнетін көрген.

«Колхозда жұмыс істейтіндер қарттар, әйелдер, балғын балалар еді. Тауқымет бізді тез есейтті. Барлық қиындықты көтердік. Сол замандағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының қандай ауыр болғанын еске алғанда, өзім де таң қаламын».
Атамның естелігінен

Тәртіп пен жауапкершілік

Атам өз естелігінде жұмыстан бір күн қалуға болмайтынын, қатты аяз бен боран да сылтау бола алмайтынын айтқан. Қақаған қыста жолдан адасып, қарлы боранда қалып қойған кездері де болыпты.

Бейбіт өмірдегі қызметі

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдары атам оқуын жалғастырып, жоғары оқу орнын бітірген. Еліне, халқына адал қызмет етті.

Еңбек жолы

  • Тарих пәнінің мұғалімі.
  • Ауылсовет аппаратында қызмет атқарған.
  • Сунақата, Құттықожа елді мекендерінде еңбек еткен.

Туған жеріндегі үлесі

Туған жеріне оралып, ағарту саласында мектеп директоры болып қызмет атқарған. Абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан.

Ұрпаққа қалған өнеге

Мен атамды көрмесем де, ата-анамның айтуы бойынша оның өте ақкөңіл, адал, мейірімді жан болғанын білемін. Естеліктерін оқи отырып, атамның қажырлы, қайсар, еңбекқор, адалдықты биік қоятын адам болғанын түсіндім.

Жылы естелік

Суреттеріне қарасам, атам мені еркелете күлімсіреп қарап тұрғандай әсер қалдырады. Ол 2003 жылы 15 желтоқсанда дүниеден өтті. Жыл сайын отбасымызда атама арнап құран бағышталады.

Атамның ұрпақтары оның ерен еңбегін ешқашан ұмытпайды. Мен де атама ұқсағым келеді: адал, білімді, еңбекқор адам болуды армандаймын.