Ұстазым әні
Әліппемен қоштасу ертеңгілігі
Бұл ертеңгілік — оқушылардың алғашқы оқулығы болған Әліппемен қоштасып, жаңа пәндерге қадам басуын атап өтетін қуанышты мереке. Сценарийде өлең, ән, би, рөлдік көріністер және шағын ойын-тапсырмалар арқылы балалардың оқу сауаты мен шығармашылық қабілеті көрініс табады.
- Негізгі идея
- Әріптен сөз құрап, білімге жол ашқан Әліппеге алғыс айту және Ана тілі мен Математикаға көшу.
- Форматы
- Жүргізушілер сөзі, сахналық көрініс, хормен жауап, әріптер шеруі, ауызша есеп, марапаттау.
Мақсаты
- Оқу тілін дамыту, сөздік қорды молайту.
- Әліппеден алған білімді тиянақтау, әріп пен дыбысты ажыратуды бекіту.
- Оқушылардың икемділігі мен қабілетін іс-әрекет арқылы көрсету, шығармашылық мүмкіндігін ашу.
- Елін, Отанын сүюге және оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Барысы
Көрініс: Ата мен немере
Автор
Жеті жасар баласын, Жетпістегі шал жетектеп, Келе жатыр көшеде: «Қайда әлгі мектеп?» — деп. Жетпіске келіп жүгіріп.
Ата
Балам, балам, жақсы бол, Міне, сенің мектебің. Сабағыңа зейін сал, Ақылды бол, тентегім.
Немере
Қыркүйекте келдім де, Сыныпқа кірдім қуанып. Қарсы алды ұстаз мейіріммен, Қадамымды құп алып.
Қонақтарды қарсы алу
Мұғалім
Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттің қолына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы — Әліппе. Барлық білімнің бастауы болған Әліппені аяқтау мерекесіне қош келдіңіздер! Ендеше, ертеңгілігімізді бастайық.
І жүргізуші
Қайырлы күн, уа, халайық!
ІІ жүргізуші
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар, Білім іздеп, инемен құдық қазғандар! Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді, Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.
І жүргізуші
Көз салып қараңызшы бойымызға, Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға. Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар, Әліппемен қоштасу тойымызға.
Мұғалім
Өсті міне бойларың, Өсті ақыл-ойларың. Қуанышқа ортақпын, Құтты болсын тойларың!
Жұмбақ-жауап: Әліппе
Мұғалім
Іші толы әріпке, білімдегі жарық не?
Хормен
Болашаққа жол ашар — ол сүйікті Әліппе! Ол сүйікті — Әліппе!
Мұғалім
Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен
Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе
Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-аналар!
Оқушылардың тақпақтары
1-оқушы
Әліппем менің, Әліппем, Сені қолға алып мен, Есігін аштым мектептің Ертеңгі сәуле жарықпен.
2-оқушы
Келгенде алғаш мектепке, Білмеуші едік әріпті. Оқимыз қазір ертек те, Үйреткен оны Әліппе!
3-оқушы
Әліппе деген алтын жол Апарар сені алысқа. Жеңіл емес, ауыр жол — Тырыс, намысты жанысқа.
Ән
«Әліппе» Қане, беріп қарайық, Зейін қойып тыңдайық. Әріптермен танысуды Тақпақтардан бастайық.
Әріптер шеруі: «ОТАН», «ӘЛІППЕ»
Ортаға әріп тағылған оқушылар шығып, О, Т, А, Н, Ә, Л, І, П, П, Е әріптері арқылы сөздер құрап, тақпақ оқиды.
1-оқушы
Оспан да өлең жаттады, Олжас та өлең жаттады. «О»-дан басталған Екеуінің аттары.
2-оқушы
Торғай, торғай, торғайсың, Таяу келіп қонғайсың. Жем шашайын, тойып ал, Сонда аязға тонбайсың.
3-оқушы
Астана — Астанам, Астана — бас қалам. Ардақтап атыңды, Аузымнан тастаман.
4-оқушы
Ас біткеннің атасы — Қасиетті нан осы. Қай әріптен басталып, Қай әріппен біткенін қарашы.
Мұғалім
Рахмет, балалар! Білмесбек болмай, Білгішбек болыңдар!
Көрініс: Білмесбек
Сахна
Сахнаға кір-қожалақ Білмесбек кіреді. Ол балалардың шарларындағы әріптерді «сурет» деп шатастырып, даурықпа сөйлейді.
Білмесбек
Мыналар неге жиналған? Менің атымды атаған қайсың?
Мұғалім
Сәлеметсің бе, Білмесбек! Бүгін бізде Әліппемен қоштасу мерекесі.
Білмесбек
Әліппемен қоштасу? Қоштасыңдар, қоштасыңдар! Қой, мен кетейін. Чао!
Оқиға
Кетіп бара жатып, бір баланың шарына ұмтылады.
Бала
Тиіспе, менің шарыма. Мұнда әріп жазылған.
Білмесбек
Әріп дей ме? Қайдағы әріп! Мынау — дөңгелектің суреті, ал мынау — есіктің суреті ғой! Мұның бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін.
Мұғалім
Ол не дегенің, Білмесбек? Бұлар — О және П әріптері. Дегенмен бір шындық бар: әр әріп бір нәрсеге ұқсайды. Ендеше, мақал құрастырып, оқу сауатымызды көрсетейік.
Тапсырма
Мақалды дұрыс оқу үшін сандарды өсу ретімен орналастырып, шыққан сөзді оқиды. Білмесбек бірнеше рет жауап бергісі келеді, бірақ әріпті білмейтіні есіне түсіп, желкесін қасиды.
Мұғалім
Міне, Білмесбек, көрдің бе? Балалар әріпті қандай жақсы біледі!
Білмесбек
Онда мен де кітап оқығым келеді.
Мұғалім
Дұрыс айтасың. Тек алдымен үсті-басыңды реттеп, таза жүр. Әліппені ұқыпты, таза балалар ғана ұстайды.
Білмесбек
Жарайды. (шығып кетеді)
Мұғалім
Балалар, әріптерді танып қана қоймай, олардың басын қосып оқи білулерің — ата-ана үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш.
Мерекелік бөлім
ІІ жүргізуші
Иә, бүгін қуанышымызда шек жоқ. Өйткені біз тұңғыш сауатымызды ашқан Әліппені аяқтадық. Рахмет саған, Әліппе!
Би
Қыздардың орындауында би.
1-оқушы
Әліппе даңғыл жол ашты, Жаңадан пәндер жалғасты. Әліппе сырын ұқтырған Рахмет ұстаз алғашқы.
Ән
«Ұстазым» әні.
Бізді осындай күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжіп жүрген әкелеріміз бен аталарымызға, әжелеріміз бен аналарымызға мың алғыс айтамыз. Ендігі ән-шашуымыз сіздерге арналады.
Би
«Буратино» биі.
Жаңа пәндерге қадам
Әліппе
Балалар, сендер менімен ғана достасып қойған жоқсыңдар. Сонымен бірге Математика оқулығымен де таныстыңдар.
Мұғалім
«Математика — ғылымдардың атасы» дейді. Ендеше, алған білімдеріңді тексерейік. (ауызша есеп)
Әліппе
Ал, достар, бүгіннен бастап сендер менің жолымды әрі қарай жалғастыратын «Ана тілі» пәнімен танысасыңдар. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі
Сәлеметсіңдер ме, балалар? Туған елдің тілімін, Ақылымен танылам. Түсіндірер бәріне Ана тілі мен болам. Балалар, сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін.
Қоштасу және марапаттау
Әліппе
Ал, енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар! 5 болсын алар бағамыз, Біліммен бақыт табамыз. Өнер-білім көп тоқып, Өсе берсін санамыз!
(«5»-тік бағалар таратылады.)
Хормен
Қош бол, қош бол, құтты Әліппе!
Мұғалім
Әліппемен қош айтысып қаламыз, Енді қолға Ана тілін аламыз. Ата-ана, қуанышқа ортақ бол, Сауатты боп шықты міне балаңыз!