Аузы күйген үрлеп ішеді мақалының тәрбиелік мәні

Физика пәнін ұлттық салт-дәстүрмен байланыстыра оқыту

Мамбетова Гүлсім Мадениқызы

Павлодар облысы, Ертіс ауданы, №2 Ертіс ЖОББМ

Бүгінгі күннің өзекті міндеті — оқушыларға терең әрі сапалы білім берудің тиімді жолдарын қарастыру. Халық педагогикасы — ұлттың жас ұрпақты тәрбиелеуде жинақтаған білімі, біліктілігі, тәжірибесі, танымдық әрекеттері мен дағдыларының тұтас қазынасы.

Физика сабақтарында халық педагогикасының негіздерін қолдану білімдік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарды қатар жүзеге асырады: оқушының өмірге көзқарасын қалыптастырып, қоршаған ортадағы қоғамдық пікір мен ұлттық құндылықтарды өзара байланыстыра түсінуге үйретеді. Бұл — ұлттық мәдениет пен рухты сақтауға бағытталған тәрбиелік үдеріс.

Сабақ мазмұнын ұлттық мысалдармен байыту

Қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасында кездесетін көптеген элементтерді физика сабағында орынды қолдануға болады. Мұндай байланыс оқушының қызығушылығын арттырып, тақырыпты нақты өмірмен ұштастырады.

Бесік жыры мен өлең жолдарындағы физика

Мысал:

Отқа темір қайнатқан Пұт балғаны ойнатқан Нанша илер темірді Ұста болар ма екенсің!

Бұл жолдарда жылулық құбылыстарға тән қайнау үдерісі, темірдің балқуы, балғаны көтергендегі энергияның бір түрден екінші түрге айналуы, сондай-ақ темірді соққанда дененің пішіні өзгеріп, деформациялануы сияқты көптеген физикалық құбылыстар сипатталады.

Ұлттық қару-жарақ арқылы түсіндіру: садақ

Ұлттық қару-жарақтың бірі — садақ. Оны мысал ете отырып, жіптің керілуі, серпімділік күшінің пайда болуы, доғаның иілуі, жебенің екпін алуы сияқты ұғымдарды түсіндіруге болады.

Сонымен қатар мергендікке тән ерекше қасиеттер, ержүректілік туралы ой қозғап, қазіргі садақ ату спортының дамуына да қысқаша шолу жасауға болады.

Тақырыптық байланыстар: күнделікті тұрмыс және физика

8-сынып: «Жылу өткізгіштік»

Бұл тақырыпты өткенде малдың, аңның терілерінен тігілген киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын, тұлып, ішік, тымақ сияқты киімдердің қолданылғанын түсіндіру маңызды.

  • Киіз үйге ақ киіз жабу себебі
  • Жазда ақ жаулық, ақ киім киюдің мәні
  • Қыста қара киім киюдің ерекшелігі
  • Киіз үйдің іргесін түріп, түндігін ашып қоюдың тиімділігі

Осындай нақты мысалдар арқылы дәлелдеуге үйрету — білімді ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі.

Кебу және конденсация: мақал-мәтелдер арқылы талдау

Кебу мен конденсация тақырыптарын өткенде мақал-мәтелдерді мысалға алып, әрі тәрбиелік, әрі физикалық мағынасын талдату тиімді.

1) «Аузы күйген үрлеп ішеді»

Тәрбиелік мәні

Қателікті қайталамау, одан қорытынды шығара білу.

Физикалық түсіндірме

Ыстық нәрсені үрлегенде кебу (булану) үдерісі жылдамдап, температура төмендейді. Бұл кебу құбылысымен тікелей байланысты.

2) «Дән себілмей астық өнбейді, дария буланбай шық түспейді»

Тәрбиелік мәні

Өмірдегі құбылыстардың бәрі себеп-салдар байланысымен өрбиді.

Физикалық түсіндірме

Жер бетіндегі судың температурасы артқанда су буланады, ал температура төмендегенде су буы конденсацияланып тамшыға айналады. Ішкі энергия азайған кезде шық түзіледі.

3) «Күн шыққан соң суарған суды күн жұтады. Күн батқан соң суарған суды жер жұтады»

Тәрбиелік мәні

Егістікті таңертең күн шықпай немесе күн батқан соң суарудың тиімділігі.

Физикалық түсіндірме

Күн ыстықта суарса, температура жоғары болғандықтан кебу қарқынды жүреді де топырақ тез кеуіп қалады. Кешкі салқында кебу баяулап, су жерге толық сіңіп үлгереді.

4) «Отты үрлеген жағады, шындықты іздеген табады»

Физикалық түсіндірме

Отты үрлеген кезде отқа жаңа, таза ауа келеді де жану үдерісі күшейеді.

5) «Теректің жануында мін жоқ, бірақ жылуында мән жоқ»

Физикалық түсіндірме

Терек жақсы жанады, алайда меншікті жану жылуы төмен болғандықтан тез жанып кетіп, аз жылу бөледі.

6) «Азықсыз адам алысқа бармайды»

Физикалық түсіндірме

Адам энергияны тағамнан алады. Тамақтанбаса, жұмыс қабілеті төмендейді, сондықтан дұрыс әрі тұрақты тамақтанудың маңызы зор.

7) «Тонның жылуы терісінен емес — жүнінен»

Физикалық түсіндірме

Жүн талшықтарының арасында ауа болады. Ауа жылуды нашар өткізетіндіктен, тон адамның жылуын сыртқа аз шығарып, сыртқы суықты ішке нашар өткізеді.

8) «Нан піскенше күлше күйеді»

Физикалық түсіндірме

Массасы аз денені қыздыру үшін аз жылу керек. Нан жұқа әрі кіші болса, тез қызады да оңай күйеді; сондықтан отты шамамен реттеу қажет.

Ұлттық тәрбиенің нәтижесі

Ұлттық тәрбиеге сүйеніп жүргізілген осындай жұмыстар арқылы ғасырлар бойы жинақталған құнды тәжірибе мен өнегелі тәрбиені, адамгершілік қағидаларын оқушы бойына сіңіруге мүмкіндік мол.

Қорытынды

Мұғалімнің шығармашылық ізденіспен жаңаша жүргізетін күрделі жұмысы — физика сабағында халықтық мұраны кең қолдана білу: ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық атауларды, тіл өрнектерін, ұлттық ойындарды сабақ мазмұнымен үйлестіру.

Сабақты тартымды әрі қызықты ұйымдастыру мұғалімнің шығармашылығына, талантына және кәсіби біліміне байланысты. Егер мұғалім бір тақырыпты оқыту барысында оқушыны ойландыруға, тәжірибе жасауға, қорытынды шығаруға, сөйлесу мәдениетін дамытуға бағыттаса және күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндірсе, танымдық мақсат нәтижелі орындалады.

Ғасырлар бойы қазақ халқы күнделікті тұрмыста физика ілімінің ұғымдарын салт-дәстүрімен сабақтастырып қолданған, әрі бұл үрдіс бүгін де жалғасып келеді.