Домбыра күйі пернеде, Дәл бүгін неге тым зарлы
Сабақтың тақырыбы
Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы
Сабақтың мақсаты
Сәкен Сейфуллиннің өмірнамасына шолу жасай отырып, әр оқушының санасына елге, жерге, тілге деген іңкәр сезімді дарыту.
Кеш барысы
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті қонақтар! XX ғасырдағы қазақ поэзиясын жаңа түрмен, тың мазмұнмен байытқан ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, сарабдал жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, республика қаламгерлерінің беделді серкесі — осылардың бәріне сал-серілігі мен сирек ұшырасатын сымбаттылығы қосылып, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойына арналған «Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы» әдеби кешіне қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
Атыңнан айналайын, қайран Сәкен,
Ұмытпан, демім барда, тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
Тар жолда, тайғақ кешіп, болдың көсем.
1-жүргізуші
Қуанды елің, өшкенімді жандырдың,
Ерлігіңмен ел мейірін қандырдың.
Ту түбінен таймай барып ту алып,
Ер атыңды мәңгі өшпестей қалдырдың.
2-жүргізуші
Батыр ұлын жанға балап сүйер ел,
Елім деген ерге басын иеді ел.
Қарт Алатау, Еділ, Жайық, Сарыарқа,
Құттықтайды Көкшедегі қалың ел.
Өлең
Жүзбаева Ақерке
Сарнайды бүгін жел неге,
Жапырақтар сыңсып тулайды?
Күңіреніп бүгін көл неге,
Соқтығып мұнша тулайды?
Күлмеймін бүгін мен неге,
Түнерген қабақ ызбарлы?
Домбыра күйі пернеде,
Дәл бүгін неге тым зарлы?
Түнеріп қабақ күнімен,
Түйіліп нені ойлайды?
Домбыра зарлы үнімен
Нені айтып бүгін қоймайды?
Домбыра, кәне, жырлай гөр,
Түнерген қабақ ашылсын!
Он саусақ билеп зырлай гөр,
Көкіректің лебі басылсын!
1-жүргізуші
Тарт күйіңді, домбыра,
Тау суындай сарқыра.
Тыңдамаған қалмасын,
Құлшына тарт, домбыра.
Кезекті күйге берейік. Құдайберген Асылхан.
Ой-түйін
«Барлық халық пен барлық ұлт ұлы да тамаша нәрселерді жасауға қабілетті. Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, сүйе білуі тиіс», — дейді Бауыржан Момышұлы.
Бұл кемел ой Сәкеннің болмысына да толық тән.
Өмірнамалық шолу
Ыбырайым Манас
Сәкен Сейфуллин өзі сұлу табиғатын талай рет тебірене жырлаған өлкеде — Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы) орташа ауқатты отбасыда дүниеге келеді.
Әкесі Сейфолла — серілігі бар домбырашы, саятшы, сөзге шешен кісі. Анасы Жамал — әңгіме мен аңыз-ертегіні көп білетін, оны нәшіне келтіріп айтатын парасатты ана болған.
Балалық шағы мен білімге құштарлығы
Махкамбаева Шырай
Сәкен әкесінің мінезі мен өнерін бойына сіңіріп, анасының әңгімелерін жалықпай тыңдап, зердесіне түйіп өседі. Ол айналасына абайшыл, қылтың-сылтыңы жоқ, біртоға бала болады.
Ұғымтал Сәкен ауыл молдасынан хатты оңай танып, қолына түскен ескі-жаңалы кітаптарды қалдырмай оқиды. Әкесі тоғыз жасар Сәкенді тіл үйренсін деп Нілдідегі таныс орыс отбасының үйіне тұрғызады.
Сәкен сол үйдің таусылмайтын қара жұмысын тиянақты атқара жүріп, қожайын кемпірінен бір жыл бойы орыс тілін үйренеді.