Шөл - солтүстік бұғысының мекені

Сабақ жоспары: «Шөл және тундра»

География пәні мұғалімі: Тенизбаева Сандугаш Сериковна

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Психологиялық дайындық.

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.

II. Үй тапсырмасын сұрау

§52. Саванналар және далалар

  1. 1 Оқушылардан тақырыпты қалай түсінгендерін сұрау.
  2. 2 Саванналар мен далаларда мекендейтін жануарлар мен өсімдіктер туралы жинақтаған мәліметтерін оқыту.
  3. 3 Жеке оқушылармен үлестірмелі қағаз арқылы жұмыс жасау.

III. Үй тапсырмасын бекіту (балама тест: «иә» / «жоқ»)

1. Саванналар Африканың аумағының 90%-ға жуығын алып жатыр.

Жоқ

2. Бұл баобаб ағашы ма?

Жоқ

3. Баобаб — ірі ағаш; оның кең қуысында шаяндар, жыландар, өрмекшілер мекендей алады.

Иә

4. Ересек пілдің күнделікті қорегі 50 кг-ға жетеді.

Жоқ

5. ХХ ғасырдың басында пілдерді аулауға тыйым салынған.

Иә

6. Керік акациямен қоректенеді және оны «шебер бағбан» деп атайды.

Иә

7. Саванна халқы түйе және жылқы өсірумен айналысады.

Жоқ

8. Дала зонасы Антарктидадан басқа барлық материктерде таралған.

Иә

9. ХХ ғасырдың басында бизондар жойылып кете жаздады.

Жоқ

10. Еуразия далалары қоңыржай белдеуде жатыр.

Иә

IV. Жаңа сабақты түсіндіру

Ой қозғау әдісі: оқушыларға саванна, дала, шөл және тундра зоналарының суреттерін слайд арқылы көрсету. Әр зонаның атауын тапқызып, сұрақтар арқылы жаңа тақырыпқа көшу.

Бағыттаушы сұрақ

Бүгін біз қандай тақырыпты меңгереміз?

Бағыттаушы сұрақ

Не үйренеміз?

Шөл туралы негізгі түсінік

Шөлдер Жер шарында (Антарктиданы қоспағанда) құрлықтың едәуір бөлігін — шамамен 20%-ын алып жатыр.

Шөл — аса құрғақ климатымен ерекшеленетін ұлан-ғайыр аумақ. Шөлдегі жауын-шашын мөлшері, әдетте, жылына 50 см-ден аспайды.

Күндізгі және түнгі температура айырмашылығы айқын байқалады: күндізгі аптап ыстықтың орнын түнгі салқын басады.

Климат

Аса құрғақ

Жауын-шашын

≤ 50 см/жыл

Температура

Күн–түн айырмасы жоғары

Сахара шөлі

Жер бетіндегі ең үлкен ыстық шөл — Сахара. Ол шамамен 9,1 млн км² аумақты алып жатыр.

Сахара халқы 2 млн адамға жетпейді. Мұнда тоқсаннан астам оазис бар, халықтың көп бөлігі сол оазистер маңында қоныстанған.

Өсімдіктері мен жануарлары құрғақ әрі ыстық климатқа бейімделген. Мысалы, алып кактустардың бойында жүздеген литр су жинала алады.

Сахарадағы ірі жануарлардың бірі — аддакс. Ол сусыз өмір сүріп, қажетті ылғалды жапырақтар мен шөптерден алады.

Намиб шөлі

Намиб шөлі Намибия елінің жағалау белдеуін бойлай орналасқан және Жер бетіндегі ең құрғақ аймақтардың бірі саналады.

Мұнда велвичия өсімдігі кездеседі: ол ауадан шықты сіңіріп, ылғалды тікелей пайдалануға бейімделген.

Түйе — «шөл кемесі»

Түйені «шөл кемесі» деп атайды, өйткені ол ерте заманнан бері ең сенімді жүк көлігі ретінде пайдаланылған.

Түйелер бірнеше апта бойы сусыз өмір сүре алады. Өркешінде май қоры жиналатындықтан, олар ұзақ уақыт бойы қорексіз де, сусыз да төтеп береді.

Негізгі идея

Түйенің төзімділігі — шөл жағдайына бейімделудің айқын мысалы.

Арктикалық шөл (мұзаймақ)

Арктикалық шөл — құлазыған мұзды аймақ. Табиғи зоналардың ішінде ең солтүстікке жақын орналасқандықтан оны жиі «мұз зонасы» деп те атайды.

«Арктика» атауы ежелгі грек сөзінен тарайды және солтүстік ұғымымен байланысты. Арктикаға қарама-қарсы оңтүстік өңір Антарктика деп аталады.

Антарктиданың ашылуы

  • Антарктида 1820 жылы 28 қаңтарда ашылды.
  • Орыс саяхатшылары: Ф. Ф. Беллинсгаузен, М. П. Лазарев.
  • 1911 жылы 14 желтоқсанда Оңтүстік полюске алғаш жеткен — Руаль Амундсен.
  • Кейінірек ағылшын саяхатшысы Роберт Скотт келген, бірақ қайтар жолында қаза тапқан.

Арктика: аумақ және тіршілік

  • Арктика аумағына: Гренландия, Арктикалық Канада архипелагы, Солтүстік Мұзды мұхит және аралдары кіреді.
  • Ақ аю — осы аймақтың «қожасы» ретінде сипатталады.
  • Антарктика мұзаймағының байырғы тұрғыны — император пингвині: ұша алмайды, бірақ өте жақсы жүзеді.

Зерттеушілер: Фритьоф Нансен және Солтүстік полюсқа ұмтылыс

Арктиканы зерттеген белгілі саяхатшылардың бірі — норвегиялық Фритьоф Нансен. Ол 21 жасында түлен аулауға шыққан Викинг кемесімен алғашқы сапарына қатысқан.

Кейін Гренландияға сапар шегіп, Солтүстік полюске экспедиция ұйымдастыру жоспарын ұсынды. Арнайы жабдықталған «Фрам» кемесі жасалып, команда құрылды.

1893 жылы 9 қыркүйекте «Фрам» Кар теңізінен өтіп, мұзға тіреліп қалды да, мұзбен бірге ығи бастады. 1894 жылы 14 наурызда Нансен Юхансенмен бірге ит жегілген шанамен полюске қарай бет алды, бірақ дәл полюске жете алмады.

Солтүстік полюске 1909 жылы Роберт Пири жетіп, АҚШ туын қадаған.

Тундра

Тундра (саами тіліндегі tunturі — «ормансыз, жалаң тау басы») — солтүстігінде арктикалық шөлмен, оңтүстігінде орманмен шектесетін арктикалық өңірлерге тән белдемдік ландшафт.

Вегетациялық кезеңнің қысқалығына байланысты мұнда негізінен мүкті-қыналы және бұталы көпжылдық өсімдіктер таралған.

Жылу жеткіліксіз әрі ылғал мол болғандықтан, өсімдіктер жылуды тиімді пайдалану үшін жерге төселіп немесе жастық тәрізді болып өседі.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз бір дем алайық.

V. Жаңа сабақты бекіту

1) Венн диаграммасы

Тропиктік шөлдер мен арктикалық шөл (мұзаймақ) арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты салыстыру.

Тропиктік шөл

Ыстық, құрғақ

Ұқсастығы

Экстремалды табиғи жағдай

Арктикалық шөл

Суық, мұзды

2) «Қатені тап!» ойыны

Шарты: сөйлемнің дұрыс немесе қате екенін дәлелдеу.

  1. Түйе — адамның шөлдегі таптырмас көмекшісі; төзімділігінің бір сыры өркешіндегі май қорына байланысты.
  2. Шөл зонасында жауын-шашын өте аз түседі.
  3. Африкадағы Сахара — шөл зонасына жатады.
  4. Антарктиданы норвегиялық саяхатшы Фритьоф Нансен зерттеп, ашқан.
  5. Антарктида 1820 жылы 28 ақпанда ашылған.
  6. Шөл — солтүстік бұғысының мекені.
  7. Тундрада өсімдіктердің өсіп-жетілуі өте баяу: бұғылар таптаған жайылымдар 15–20 жылда әрең қалпына келеді.
  8. Тундра зонасы Еуразия мен Солтүстік Американың полярлық белдеуінде таралған; ақ аю — осы жердің қожасы.
  9. Сахара шөлінің байырғы тұрғындары — император пингвиндері.
  10. Жер шарында шөлдер (Антарктиданы қоспағанда) құрлықтың шамамен 20%-ын алып жатыр.

VI. Жаңа сабақты қорытындылау

«Таза тақта» ойыны арқылы жаңа сабақ қорытындыланады: тақтаға сабақ барысында өткен терминдер, жануарлар мен өсімдіктердің атаулары жазылады. Мұғалім анықтаманы оқығанда, оқушылар дұрыс жауапты тауып, сәйкес сөзді тақтадан алып тастайды. Ойын соңында тақта «таза» болып қалады.

VII. Үйге тапсырма

  1. 1 §53. «Шөл және тундра» тақырыбын оқып, түсінік айту.
  2. 2 Ф. Ф. Беллинсгаузен, М. П. Лазарев, Р. Амундсен, Р. Скотт және Р. Пири туралы мәлімет тауып, қысқаша жазып келу.
  3. 3 Табиғат зоналарын кескін картаға түсіріп келу.

VIII. Бағалау

Оқушылардың білімдері сабақ барысындағы белсенділігіне, тапсырмаларды орындауына және жауаптарының дәлелділігіне қарай бағаланады.