Пайдалы қазбалардың түрлерімен таныстыру

Ашық сабақ: Дүниетану (3-сынып)

Сабақтың тақырыбы

Пайдалы қазбалардың түрлері

Сабақтың типі: Жаңа сабақты меңгерту Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Пайдалы қазбалардың түрлерімен таныстыру; олардың адам өміріндегі маңызын және алыну жолдарын түсіндіру.

Дамытушылық

Оқушылардың өз ойларын ашық айтуын, пікірін дәлелдеуді, өздігінен ізденуін, шығармашылығы мен танымдық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Табиғатты аялауға, сүйіспеншілікке және үнемшілдікке тәрбиелеу.

Әдістері мен көрнекіліктері

Сабақтың әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру
  • Әңгімелеу

Көрнекіліктер

  • Пайдалы қазбалардың түрлері
  • Кесте
  • Суреттер
  • Интерактивті тақта

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың оқу құралдарын қадағалау, назарын сабаққа аудару.

II. Қайталау: «Білім — анасы»

Үй тапсырмасын тексеру және бекіту

Үй тапсырмасы

«Пайдалы қазбалар және олардың адам өміріндегі маңызы» мәтінін оқып, түсінгенін әңгімелеу.

«Домино» ойыны арқылы бекіту

  1. 1) Адамдардың үй салғанын бақыладың ба? Қандай құрылыс материалдарын пайдаланғанын көрдің?

    Жауап: құм, саз, тас, әк.

  2. 2) Тамақ пісіру, үй жылыту, фабрика-завод, электр станциялары жұмысы үшін қандай отын түрлерін білесіңдер?

    Жауап: тас көмір, мұнай, газ.

  3. 3) Үй жиһаздары, машиналар, ұшақ, кеме, теміржол, көпір салу үшін қандай пайдалы қазбалар пайдаланылады?

    Жауап: мыс, темір, қорғасын, алюминий.

  4. 4) Осы аталғандардың бәрі бірігіп нені құрайды?

    Жауап: пайдалы қазбаларды.

  5. 5) Пайдалы қазба деген не?

    Жауап: Жер қойнауынан қазып алынып, адам қажетіне жұмсалатын тау жыныстары пайдалы қазбалар деп аталады.

III. Жаңа сабақ

Ой қозғау: жұмбақ арқылы тақырыпты ашу

Жұмбақ 1

Түсі қара, сұйық зат,
Тереңде жатады.
Қазсаң атқылайды,
Жақсаң жанады,
Пайдаға жарайды.

Жауабы: мұнай

Жұмбақ 2

Шахтадан оны қазамыз,
Пешке салып жағамыз.
Үлкен үйді жылытып,
Рахатқа біз батамыз.
Бұл не?

Жауабы: көмір

Жұмбақ 3

Мөлдір әрі түссіз,
Өзі табиғи отын.

Жауабы: газ

Жұмбақтардың шешулері — мұнай, көмір, газ. Бұлар пайдалы қазбаларға жатады. Ендеше бүгін біз пайдалы қазбалардың негізгі түрлерімен танысамыз.

Пайдалы қазбалардың негізгі түрлері

1) Кенді пайдалы қазбалар

Кенді пайдалы қазбаларға құрамында металл кездесетін тау жыныстары жатады. Оларды өңдеу арқылы темір, мыс, қорғасын, алюминий, алтын, күміс, мырыш және басқа да металдар алынады.

Кенді пайдалы қазбалар Орталық Қазақстанда көп шоғырланған. Ондағы Жезқазған және Қоңырат мыс кен орындары әлемге әйгілі.

2) Жанғыш пайдалы қазбалар

Жанғыш пайдалы қазбаларға тас көмір, мұнай және газ жатады.

Тас көмір

Тас көмір — ең көп өндірілетін қазбалардың бірі. Ол тек отын ретінде ғана емес, өңдеу арқылы дәрі-дәрмек, мата бояуы, әтір, қопарғыш зат, тыңайтқыш, нафталин, пластмасса сияқты көптеген өнімдер алынады.

Ірі кен орны: Қарағанды.
Ерекшелігі: Екібастұзда ашық әдіспен арзан көмір өндіріледі.

Мұнай

Мұнай — қызуы жоғары отын. Ол күл қалдырмай толық жанады. Мұнайды айыру арқылы бензин, керосин, машина майы және басқа да құнды өнімдер алынады.

Кен орындары: Каспий маңы ойпаты мен Маңғыстау түбегінде мұнай мен газдың аса бай қорлары бар.

Газ

Газ — табиғи отын. Ол тұрмыста, өндірісте және электр энергиясын өндіруде кеңінен қолданылады.