Отбасылық қатынастар

Сабақтың бағыты

Тақырып

Отбасы және жастар

Сабақ түрі

Жаңа білім беру

Оқыту әдістері

  • Шағын лекция
  • Топтық жұмыс
  • Жеке тапсырмалар

Пәнаралық байланыс

Қазақстан тарихы, әдеп

Көрнекіліктер

  • ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңы
  • Кестелер, тірек-сызбалар

Сабақтың мақсаттары

Білімдік мақсат

ҚР «Неке және отбасы туралы» заңнамасына сәйкес отбасының құқықтары туралы түсінік беру; отбасы, неке, азаматтық неке, туыстық, мұрагерлік ұғымдарын таныту.

Дамытушылық мақсат

Отбасының қажеттілігі мен маңызын ұғындыру, неке құқығына қатысты білімді кеңейту.

Тәрбиелік мақсат

Отбасы мен неке саласындағы құқықтық ережелердің сақталуына баға беруге, жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақ жоспары

  1. 1

    Неке және отбасы ұғымы. Отбасылық қатынастар

    Отбасы мен некенің құқықтық және адамгершілік негіздерін талдау, отбасылық қатынастардың қалай қалыптасатынын түсіндіру.

  2. 2

    Туыстық және туысқандардың түрлері

    Туыстықтың тікелей және жанама тармақтарын, туыстардың атауларын нақтылау.

  3. 3

    Мұрагерлердің алты кезегі

    Мұрагерлік құқықтағы кезектілікті жүйелеу және мысал арқылы түсіндіру.

  4. 4

    Неке және отбасын қорғау

    Құқықтық қорғау тетіктерін (юрисдикциялық және бейюрисдикциялық) ажырату.

І. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, қатысымын тексеру.
  • Оқу құралдарын (кітап, дәптер) дайындығын бақылау.
  • Алдыңғы тақырыптарға қысқаша шолу: конституциялық құқық және әкімшілік құқық негіздері.

ІІ. Жаңа сабақ: «Отбасы және неке»

Ой қозғау: отбасының негізгі қызметтері

  • Ұрпақ жалғастыру: отбасы қоғамның табиғи жалғасы ретінде жаңа ұрпақты тәрбиелейді.

  • Өзара көмек: қиындықта қолдау көрсетіп, бір-біріне сүйеніш болады.

  • Ортақ шешім: мәселелерді бірге талқылап, келісіммен шешеді.

  • Тәрбие мен білім: балаға тәрбие беріп, білім алуға бағыттайды.

  • Тұрмыстық негіз: ортақ тұрғылықты жер мен күнделікті өмірді ұйымдастырады.

Мағынаны тану: шағын лекция

Отбасы дегеніміз не?

Отбасы — некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын, отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға ықпал ететін, мүліктік және мүлікке қатысты емес жеке құқықтармен байланысқан адамдар тобы.

Негізгі ұғым: отбасылық қатынастар тек тұрмыстық емес, құқықтық байланыстар арқылы да реттеледі.

Отбасылық құқық

Отбасылық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы отбасылық құқық деп аталады.

Отбасы мен неке қатынастарын реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт — ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңы (1998 жылғы 17 желтоқсан). 2006 жылғы 10 қаңтарда өзгерістер енгізілген.

  • 7 бөлім
  • 29 тарау
  • 213 бап

Неке

Неке — отбасы құрудың негізі. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы тең құқыққа негізделген, ерікті келісіммен жасалған құқықтық одақ.

Маңызды қағида: отбасылық қатынастар өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық нормаларына сүйенеді.

Отбасы түрлері

Толық отбасы: ата-ана, балалар, кей жағдайда ата-әже.

Толық емес отбасы: ата-ананың біреуі ғана (ажырасу, қайтыс болу сияқты жағдайлар).

Туыстық: анықтама және тармақтары

Туыстық — бір негізден немесе ортақ бір атадан тарайтын қандас адамдардың байланысы. Туыстық екі тармаққа бөлінеді: тікелей және жанама.

Тікелей туыстық

Жоғары және төменгі тармаққа ажыратылады.

  • Жоғары тармақ: ұрпақтан арғы атаға қарай (әке, шеше, ата, атаның атасы және т.б.).

  • Төменгі тармақ: арғы атадан ұрпақтарына қарай (бала, немере, шөбере және т.б.).

Жанама туыстық

Жеті ата және немере ағайындар сияқты туыстар осы топқа жатады (кесте бойынша түсіндіріледі).

Туыстарды атауда жиі қолданылатын ұғымдар

  • Толық туыс: бір ата-анадан тарағандар.
  • Толық емес туыс: әке-шешесінің біреуі ортақ туыстар.
  • Бір кіндіктен: бір анадан тарағандар.
  • Қандастар: әкесі бір, шешелері басқа.
  • Сүйек жақын: өгей ер, өгей қыз бала.

Мұрагерлердің алты кезегі

Кезек Мұрагерлер
1-кезек Балалары, ерлі-зайыптылар, ата-аналар
2-кезек Туыстары, ағалары, қарындастары, әке-шеше жағынан ата-әжесі
3-кезек Көкесі, тәтесі
4-кезек Алтыншы атасына дейінгі өзге туыстары
5-кезек Он жыл бірге тұрған туыс ағалары, қарындастары, өгей әке-шешесі
6-кезек Мұра қалдырушының еңбекке жарамсыз асырауында болғандар

Неке және отбасын қорғау

Неке мен отбасы құқықтары екі түрлі жолмен қорғалады:

1) Юрисдикциялық қорғау

Сот, прокурор, АХАТ органдары, ішкі істер органдары арқылы жүзеге асады.

2) Бейюрисдикциялық қорғау

Азаматтар мен ұйымдардың өзара іс-әрекеттері, келісімдер және өзара түсіністік арқылы іске асады.

ІІІ. Дамыту кезеңі

Жеке тапсырма

Отбасыңда сен қандай қызмет атқарасың? Ата-анаң, інің/қарындасың, ағаң/апаң үшін қандай жауапкершілік сезінесің?

Заң баптарымен жұмыс

Неке жасы

Ерлер — 18 жас, әйелдер — 17 жас (10-бап).

Некеге тұруға тыйым салынатын жағдайлар

2-бөлім, 3-тарау, 11-бап.

  • Басқа некеде тұрған жағдайда
  • Жақын туыстық болғанда
  • Психикалық ауруға байланысты әрекетке қабілетсіз деп танылғанда
  • Тиісті елдің азаматтығы болмаған жағдайда

Жарамсыз неке

Жалған (фиктивті) неке: 24–25–26-баптар.

Некені тоқтату

Қайтыс болу, хабар-ошарсыз кету жағдайлары (4-тарау, 14-бап).

Неке құқықтары

Тегін таңдау, мамандық таңдау, тұрғылықты жерін анықтау, ортақ меншік (28–29-баптар).

Тренинг: «Аквариум» әдісі

  1. Үш белсенді оқушы таңдалып, ортаға шығады.
  2. Тапсырма беріледі, пікірлері тыңдалады.
  3. Қалған оқушылар сұрақ қояды.
  4. Ең ұтымды ойға дауыс беріледі.

Талқылау тезисі: «Жалғыз басты адам — отбасы емес».

Сұрақ: Қоғамда отбасылы болмағандар (қыздар, ұлдар, ажырасқандар) туралы көзқарасың қандай?

Пікірталас

Қазіргі жастардың ерте отбасын құрып, жауапкершілікті ата-анасына арта салуы дұрыс па?

Бекіту тапсырмалары

Жазба тапсырма

«Жақсы отбасы» және «нашар отбасы» ұғымдары неге байланысты қалыптасады? Ойыңды қысқаша жаз.

Сәйкестендіру тесті

Термин Анықтама
1 Нуклеарлы отбасы Ә) Баламен не баласыз ата-аналардың бірі тұратын отбасы
2 Кеңейген отбасы Ғ) Ерлі-зайыптылардың бірінің баласымен не туысқандарының бірімен тұратын отбасы
3 Мұрагерлік Г) Мұраға қалатын немесе заң бойынша иесі өлгеннен кейін басқа адамға берілетін мүлік
4 Полигамия З) Көп әйел алу
5 Туыстық А) Бір атадан тарағандар
6 Неке Б) Отбасы құру негізі, ер мен әйел арасындағы ерікті келісіммен жасалған құқықтық одақ

Қорытынды: «Жүректен – жүрекке»

Рефлексия

«Мен өз отбасымды қалай жақсы көремін?» Оқушылар үлестірілген жүрекшелерге отбасы туралы сезімдерін жазып, тақтаға іледі және дауыстап оқиды.

Бағалау

Қатысу белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және пікірталастағы дәлелді ойлар негізінде бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • 17-тақырып, 97-бет.
  • Көрші 10 отбасының тізімін жасап, олардың отбасы түрі бойынша қысқаша ақпарат дайындау.