Кітап - асыл қазына
Мақсаты
Оқушыларды оқулықты құрметтеуге, кітапты ұқыпты ұстауға тәрбиелеу. Білімді өмірмен байланыстыра отырып, оқушының танымын арттыру. Кітапқа деген сүйіспеншілік пен қызығушылықты күшейтіп, кітаппен достастыру.
Әдістері
- Сұрақ-жауап
- Ой қозғау
- Әңгімелеу
Көрнекілігі
- Кітаптар көрмесі
- Нақыл сөздер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың назарын сабаққа аудару, тақырыпқа бағыттау.
II. Кіріспе
Мұғалім: «Бүгін, балалар, біз осы жерде не үшін жиналдық? Оның сырын білу үшін тақтадағы жұмбақты шешейік».
Қабат-қабат қатталған,
Асыл сөзбен апталған.
Парағы бар сөйлейтін,
Ол қазына — өлмейтін.
Жауабы: Кітап
Осы сәтте музыка әуенімен қақпа ашылып, тәрбие сағатының тақырыбы таныстырылады: «Кітап — біздің досымыз».
Кезеңдер
I кезең: Кітап — ғажап дос
Кітаптың адам өміріндегі орны мен құндылығы туралы ой бөлісу, өлең оқу.
II кезең: «Кім көп біледі?»
Мақал-мәтелдер арқылы білім мен оқудың маңызын бекіту.
III кезең: Көрініс
«Кітаптар мұңы» қойылымы: Әліппе мен дәптердің диалогі, әндер.
IV кезең: «Тапқыр болсаң, шешіп көр»
Жұмбақтар арқылы ойлау қабілетін дамыту.
V кезең: «Ойлан, тап!»
Қорытынды сұрақтар мен ой түю: кітаппен дос болудың ережелері.
Мұғалімнің түйінді ойы
Кітап — ғылым. Ол бүкіл адамзатқа ортақ қазына. Кітап ғылым мен білімнің жемісін халыққа таратады. Кітап — ақылдың кені, бар білімнің бастауы, әр замандағы білім қазынасының ғажайып қоймасы.
Өз бетімен кітап оқып, соның көмегімен терең білім алған, кейін атақты ғалым атанған жандар дүниежүзінде аз емес.
Кітаптың монологі
«Мен — адамның досымын. Атым — кітап. Мені жасау үшін адам баласы көп еңбек етеді: алдымен орманнан ағаш кесіледі, ол фабрикаға жеткізіледі. Кейін авторлар мәтін жазады, суретшілер иллюстрация салады. Баспаханада жазулар мен суреттер басылып, кітап болып шығады. Жұмысшылар оны машинамен, пойызбен ауыл-ауылға, қала-қалаға таратады. Міне, енді мен сенің қасыңдамын. Мені күт, жыртпай ұста. Мен — сенің сенімді досыңмын!»
I кезең: «Кітап — ғажап дос» (өлең шумақтары)
Динара
Айдын шалқар — кейде бір,
Кітапты тұнған көл дерсің.
Ауадай қажет бейне бір,
Таппасаң нәрін — шөлдерсің.
Нұржан
Адамның досы — кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған дүние-мүлкі.
Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы,
Асыл ой — қазынасы, өмір көркі.
Ботагөз
Сөйлесіп өзіңменен тіл қатады,
Еріксіз сөзін жұртқа тыңдатады.
Жеткізіп өткендердің өсиетін,
Шешіліп кейде — достай сырласады.
Нұрымбет
Кітапты оқымайды — сыйламаған,
Білімге жанын салып қинамаған.
Өсірген кімнің болсын ой-өрісін,
Сол кітап — бек ақылшы күнде маған.
Оқушы
Түлекті тәрбиелер кітап — мектеп,
Өседі сол кітаптан бұтақ көктеп.
Молайтып ақылыңды сан еселеп,
Береді білім нәрін кітап көптеп.
Ән
«Мұғалім — ол біздің»
II кезең: «Кім көп біледі?» (мақал-мәтелдер)
- Кітап — асыл қазына.
- Оқу — білім бұлағы, білім — ырыс қазығы.
- Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.
- Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
- Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
- Оқу түбі — тоқу.
- Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
- Оқу — инемен құдық қазғандай.
Мұғалім: «Кітап — шебер ұстаз, тілсіз мұғалім. Кітап — адал ниет, асыл дос. Қойған жеріңде жатады, қолыңа алсаң — өзіңе тіл қатады».
Бөбектерім, оқы, ойна —
Оқу-білім саған пайда.
Кітабыңның шетін жыртып,
Сияменен бояп қойма.
III кезең: Көрініс — «Кітаптар мұңы»
Қойылымда кітаптың қадірін түсіретін ұқыпсыздық жайлы ой айтылады. Кейіпкерлер: Әліппе мен дәптер. Әндер: «Жалғыз саусақ» және басқа көркем нөмірлер.
IV кезең: «Тапқыр болсаң, шешіп көр» (жұмбақтар)
Ұсынған қойнынан
Білімнің үлесін.
Шықпайды ойыңнан,
Досың ғой білесің.
Жауабы: Кітап
Білімнен мол сый — асы,
Балалардың ұясы.
Жауабы: Мектеп
Білімнің жолбасшысы,
Шәкірттің қолбасшысы.
Жауабы: Мұғалім
Айғағы жоқ, айтары көп,
Айтқанынан қайтары жоқ.
Жауабы: Кітап