Әртүрлі булану және конденсация түрлеріне бақылау жүргізу
Сабақ туралы
- Пәні
- Жаратылыстану
- Сыныбы
- 5-сынып
- Тақырыбы
- Булану және конденсация
- Сабақтың түрі
- Жаңа тақырыпты меңгеру
- Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру, мысал келтіру
- Көрнекіліктер
- Қайнаған су, әйнек (стекло)
Сабақтың мақсаты
Оқу мақсаты
Судың сұйық немесе қатты күйден газға (буға) айналу процесін түсіндіру; сұйықтықтан қоршаған кеңістікке өткен молекулалар саны мен беттің қайтадан жұтқан молекулалар саны арасындағы айырмашылықты ажырата білу.
Дамытушылық
Оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, сабақ барысында түрлі мысалдар келтіріп, еркін сөйлеуге дағдыландыру.
Тәрбиелік
Оқушыларды ұқыптылыққа, әдептілікке және жан-жақтылыққа тәрбиелеу.
Негізгі ұғымдар: булану
Булану — судың (немесе басқа заттың) сұйық не қатты күйден газға (буға) айналу процесі. Бұл құбылыс сұйықтық бетінен бөлініп шыққан молекулалар саны мен сол бетке қайта жұтылған молекулалар саны арасындағы айырмашылыққа байланысты.
Табиғаттағы маңызы
Су қоймаларының, өзен-көлдердің және топырақтың беті булану арқылы атмосфераға ылғал береді. Кейін бұл ылғал жауын-шашын түрінде жерге қайта түседі. Ылғалы мол аймақтарда жауын-шашын мөлшері буланудан артық болуы мүмкін (ылғал алмасу теңдестігінің оң мәні), ал ылғалы тапшы аймақтарда керісінше — булану басым болып, теңдестік теріс мәнге ие болады.
Қай температурада жүреді?
Булану кез келген температурада жүруі мүмкін, алайда температура жоғарылаған сайын процесс жылдамдайды.
Жабық ыдыста не болады?
Жабық ыдыста булану сұйықтық (немесе қатты дене) үстіндегі кеңістік қаныққан буға толғанша жүреді. Қаныққан будың қысымы тек температураға тәуелді және температура артқан сайын өседі.
Назар аударыңыз: булану мен қайнау
Егер қаныққан будың қысымы сыртқы қысымға тең немесе одан артық болса, булану қайнау процесіне ауысады. Берілген зат үшін қайнаудың ең жоғары температурасы — оның алмағайып температурасы; осыдан жоғары температурада сұйық пен бу арасындағы тепе-теңдік сақталмайды.
Энергия және салқындау
Сұйықтық буға айналу үшін молекулалар өзара ілінісу күшін және сыртқы будың қысымын жеңуі керек. Бұл жұмыс молекулалардың жылулық қозғалысының кинетикалық энергиясы есебінен орындалады. Сондықтан булану кезінде сұйықтық температурасы төмендеп, салқындайды. Булану тұрақты температурада жүруі үшін оған үздіксіз жылу беріп отыру қажет.
Заттың бірлік массасын тұрақты температурада буға айналдыруға қажетті жылу мөлшері булану жылуы деп аталады.
Техникалық қолданыстар
Булану техникада кеңінен қолданылады: іштен жанатын қозғалтқыштарда, салқындатқыш қондырғыларда және басқа да жүйелерде.
Негізгі ұғымдар: конденсация
Конденсация (лат. condensatio — «тығыздалу, қоюлану») — заттың газ күйінен сұйыққа айналуы немесе қатаюы. Бұл процесс белгілі бір шекті температурадан төмен болғанда жүреді.
Мысал
Будың суға айналуы ылғалдылық артқанда және температура төмендегенде байқалады. Буымен қаныққан ауа жылы аймақтан салқын аймаққа ығысқанда конденсация күшейеді. Нәтижесінде тұман мен бұлт түзіледі.
Неден болады?
- Температураның төмендеуінен;
- Қысымның өзгеруінен.
Булануға кері процесс
Егер бетте қайта жұтылған молекулалар саны бөлініп шыққан молекулалар санынан көп болса, онда бұл құбылыс конденсация деп аталады.
Фазалық ауысулар: төте булану және сублимация
Төте булану
Қар мен мұз бетінен сұйық фазаға соқпай, бірден газ күйіне өтуі төте булану деп аталады.
Сублимация
Қатты дененің газ күйіне ауысуы сублимация деп аталады.
Буланудың түрлері
- Физикалық булану — су беті немесе топырақ бетінен булану.
- Биологиялық булану — өсімдіктердегі транспирация.
Буланғыштық (испаряемость)
Буланғыштық — белгілі бір метеорологиялық жағдайда жеткілікті ылғалданған беттің мүмкін болатын ең көп булану мөлшері. Яғни буландыру бетіне су қанша көп берілсе де, буланудың шекті шамасы болады.
Қалай өлшенеді?
Әдетте су қоймасы бетінен буланған су қабатының қалыңдығымен өлшенеді (мм).
Неліктен маңызды?
Буланғыштық және оның жанама сипаттамалары жер бетіндегі ылғал қорын бағалауға көмектесетін негізгі көрсеткіштердің қатарына кіреді.
Ескерту
- Су бетінде буланғыштық әрқашан нақты буланған су мөлшеріне тең.
- Құрлықта (топырақта) бұл теңдік тек топырақ толық ылғалға қаныққан жағдайда ғана орындалады.
- Топырақ пен өсімдік бетінен булану (әсіресе шөлдерде) су бетінен буланудан едәуір ерекшеленуі мүмкін.
Сабақты бекітуге арналған сұрақтар
- Булану дегеніміз не?
- Конденсация дегеніміз не?
- Булану мен конденсацияны бір мезгілде қайдан байқауға болады?
- Табиғатта булану қай кезде көп болады?
Қорытынды
Су бетінде буланғыштық әрқашан нақты буланған су мөлшеріне тең, ал құрлықта бұл сәйкестік топырақ толық ылғалға қаныққанда ғана байқалады. Буланғыштық — жер бетіндегі ылғалдылықты сипаттайтын негізгі өлшемдердің бірі. Бұл құбылыстарды біз күнделікті өмірде де жиі көреміз.
Үй тапсырмасы
- Булану мен конденсацияның әртүрлі түрлеріне бақылау жүргізу.
- Қосымша мәліметтер оқу және дәптердегі терминдерді қайталау.