Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасу кезеңдері

Дүние жүзінің саяси картасы

Бұл тақырып оқушылардың дүние жүзінің қазіргі саяси картасы туралы түсінігін қалыптастыруға бағытталады: оның өзгеруіне әсер ететін факторларды анықтау, елдердің типологиясын айқындау, басқару формалары мен әкімшілік-аумақтық құрылымын түсіндіріп, бағалай алу, сондай-ақ картамен және оқулықпен жұмыс жасау дағдыларын дамыту.

Сабақтың мақсаттары

а) Білімді қалыптастыру

Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасу кезеңдері туралы толық мәлімет беру; саяси карта бойынша мемлекеттердің орналасуы мен астаналарын меңгерту.

ә) Тәрбиелік

Адамгершілік құндылықтарды нығайту, әдеп нормаларын бойына сіңірген, жауапты әрі дамуға ұмтылатын тұлға тәрбиелеу.

б) Дамытушылық

Саяси карта бойынша мемлекеттерді есте сақтау қабілетін дамыту және географиялық ойлауын жетілдіру.

Сабақтың ұйымдастырылуы

Сабақтың түрі

Жаңа тақырыпты таныстыру сабағы.

Көрнекі құралдар

  • оқулық, атлас
  • дүние жүзінің саяси картасы
  • жалпы ақпарат құралдарының материалдары
  • глобус

Сабақтың барысы

  1. Ұйымдастыру
  2. Үй тапсырмасын сұрау
  3. Жаңа тақырыпты таныстыру
  4. Бекіту
  5. Үйге тапсырма беру
  6. Бағалау

Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасу кезеңдері

Дүние жүзінің қазіргі саяси картасы адамзаттың тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Бұл — мыңдаған жылдарды қамтитын ұзақ процесс. Қоғам дамуының негізгі заңдылықтарына сүйене отырып, саяси картаның қалыптасуын төрт кезеңге бөлуге болады:

  • Ежелгі
  • Ортағасырлық
  • Жаңа
  • Қазіргі заманғы

Сондықтан саяси картаны «дәуір айнасы» деп атау орынды: әр тарихи дәуір мемлекеттердің пайда болуы, күшеюі, ыдырауы және шекаралардың өзгеруі арқылы картада із қалдырады.

Ежелгі кезең (б.з.д. V ғасырға дейін)

Бұл кезең алғашқы қауымдық құрылыстың соңы мен құл иеленушілік дәуірді қамтиды. Ең алғашқы мемлекеттік құрылымдардың пайда болуы және олардың өрлеуі мен күйреуімен сипатталады. Олардың қатарында Египет, Ежелгі Қытай, Парсы патшалығы, Финикия, Ассирия, Ежелгі Грекия, Рим империясы және басқа да мемлекеттер болды.

Сол дәуірдегі негізгі аумақтық өзгерістер көбіне әскери күш қолдану арқылы жүзеге асып отырды. Дегенмен бұл мемлекеттер әлемдік өркениетке елеулі үлес қосты.

Ортағасырлық кезең (V–XV ғасырлар)

Ортағасырлық кезең феодализм дәуірімен тұтас келеді. Феодалдық мемлекеттердің саяси билік құрылымы құл иеленушілік қоғамға қарағанда күрделірек болды. Бұл кезеңде жер аумақтарын жаулап алу мүддесі күшейіп, мемлекеттер арасында аумақты қайта бөлісу жиілей түсті.

Саяси карта көптеген аймақтарда тұрақсыз болды. Осы дәуірге тән мемлекеттер қатарына Византия, Араб халифаты, Киев Русі, Шыңғыс хан империясы, Осман империясы, Франция, Англия және басқалары жатады.

Жаңа кезең (XV ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы)

Бұл кезең капитализмнің пайда болуы, өрлеуі және орнығуымен байланысты. Ұлы географиялық ашулар жаңа материктерге жол ашып, дүние жүзі картасына ірі өзгерістер әкелді. Алайда бұл өзгерістер отаршылдықтың күшеюіне, құл саудасына және кейде жергілікті халықтарға дінді күшпен таңуға ұласқан қайшылықты үдерістерді де тудырды.

Африка мысалы: 1876 жылы Африканың шамамен 10%-ы еуропалық мемлекеттердің отары болса, 1900 жылға қарай бұл көрсеткіш 90%-дан асты.

XX ғасырдың басында саяси картаны күшпен қайта бөлу қажеттілігі туындап, ірі державалар әскери-саяси блоктар құруға бет бұрды. Бұл аймақтық қақтығыстар мен Бірінші дүниежүзілік соғысқа алып келді.

Қазіргі заманғы кезең (Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін – бүгінге дейін)

Қазіргі саяси картаның қалыптасуындағы ең жаңа кезең Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. XX ғасырдың басында әлемде тәуелсіз мемлекеттер саны 55 болса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 81-ге жетті. Бұл елдердің басым бөлігі Азияда тәуелсіздігін алған жас мемлекеттер еді (Исландиядан басқа).

Алғашқы кезеңнің сипаты

Ресей, Австрия–Венгрия, Осман империяларының ыдырауы; КСРО сияқты жаңа мемлекеттік құрылымдардың пайда болуы; социалистік жүйе елдерінің саяси картада орнығуы.

Халықаралық ұйымдар

Қақтығыстарды тежеу мақсатында Ұлттар Лигасы (1920) құрылды. 1945 жылы қазіргі кезеңдегі ең беделді ұйым — Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылды.

1950 жылдардың соңында егеменді мемлекеттер саны 92-ге жетті. Азиядан кейін Африка елдері де саяси бостандық ала бастады: 1957 жылы Гана, 1958 жылы Гвинея тәуелсіздігін жариялады. 1960 жыл «Африка жылы» деп аталады, өйткені сол жылы Африканың 17 елі егемендікке қол жеткізді.

1990–1991 жылдардағы ірі өзгерістер

  • 1990 жылы егеменді елдер саны 171-ге жетті.
  • 1990 жылы Солтүстік және Оңтүстік Йемен бірігіп, Йемен Республикасы құрылды.
  • 1990 жылы Батыс және Шығыс Германия бірікті; 1991 жылы Берлин астана болып жарияланды.
  • Осы өзгерістерге байланысты 1991 жылдың басында егеменді мемлекеттер саны 169-ға дейін қысқарды.

1991 жылдың қыркүйегінде Балтық маңы елдері — Латвия, Литва, Эстония — тәуелсіздігін алды. Сол жылдың соңында КСРО ыдырап, оның орнына жаңа тәуелсіз мемлекеттер құрылды: Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Грузия. Бұл елдер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құрды.

Югославия Социалистік Федеративтік Республикасындағы саяси дағдарыс қарулы қақтығыстарға ұласып, мемлекет ыдырады. Нәтижесінде Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты. Сербия мен Черногория біраз уақыт бұрынғы Югославия одағына бірікті.

1993 жылдың қаңтарында Чехословакия Федерациялық Республикасы тарады да, оның орнына Чехия және Словакия республикалары құрылды.

Қазіргі кезде дүние жүзінің саяси картасында 200-ден астам егеменді мемлекет бар. Бүгінгі таңда БҰҰ-ға 194 мемлекет мүше.

Қазіргі саяси картадағы тәуелді елдер мен аумақтар

Егеменді мемлекеттермен қатар, қазіргі әлемде 30-дан астам отар немесе тәуелді елдер мен аумақтар бар деп есептеледі.

Палестина мемлекетінің өміршеңдігін көптеген елдер мойындайды, ал кейбір мемлекеттер оны қолдамайды. Себебі Палестина автономиялық құрылымнан (1994) толық егеменді ел деңгейіне әлі түбегейлі өткен жоқ.

Тәуелді аумақтардың шартты екі тобы

  1. Отарлар — БҰҰ тізіміне ресми тіркелген тәуелді аумақтар. Оларға бостандық берілуі халықаралық деңгейде талап етіледі.
  2. «Негізгі аумақтар» деп аталатын, іс жүзінде тәуелді болғанымен, БҰҰ тізіміне кірмейтін аумақтар. Басқарушы елдер оларды «еркін қауымдастықтағы мемлекеттер» сияқты мәртебелермен түсіндіреді. Мұндай аумақтар Мұхиттық аралдар мен Кариб теңізі алабында жиі кездеседі.

Бұл аумақтардың көпшілігі жер көлемі мен халқы жағынан шағын. Дегенмен метрополиялар оларды көбіне әскери-стратегиялық, саяси-әлеуметтік және көлік-экономикалық мүдделер үшін пайдалануға ұмтылады. Сондықтан тәуелді аумақтар мәселесі әлемдік саясатта шиеленіс тудыратын тақырып болып қала береді.

Қазіргі дау-дамайлар мен мысалдар

  • Гибралтар: Испания мен Ұлыбритания арасындағы мәртебелік тартыс ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді.
  • Әскери базалар: АҚШ-тың бірқатар әскери-әуе және әскери-теңіз базалары отар аралдарда орналасқан; сондай-ақ Ұлыбританияға қарайтын Үнді мұхитындағы Чагос архипелагында (соның ішінде Диего-Гарсия) маңызды нысандар бар.
  • Перехиль, Сеута және Мелилья: Гибралтар бұғазы маңындағы Перехиль аралы үшін Испания мен Марокко арасында талас бар; марокколық аумақта орналасқан Сеута мен Мелилья қалалары төңірегіндегі дау да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
  • Францияның теңізден арғы аумақтары: Франция Полинезияны 1958 жылдан теңізден арғы аумақ деп танып, Муруроа аралында ұзақ уақыт бойы ядролық сынақтар жүргізуімен танылды.
  • Француз Гвианасы: Теңізден арғы департамент. Куру қаласы маңындағы (1968) ғарыш орталығы мен айлағын Франция және Батыс Еуропаның бірқатар компаниялары жасанды серіктерді ұшыру үшін бірлесіп пайдаланады.

Жаңа тақырыпты бекітуге арналған сұрақтар

  1. Саяси картаны «дәуір айнасы» деп неге айтамыз?
  2. Қазіргі саяси картаның бірінші және екінші кезеңдерін сипаттап, сол уақыттағы нақты өзгерістерді атаңдар.
  3. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі ең беделді әрі ықпалды орган. Кейбір елдердің БҰҰ-ға мүшелікке кірмеу себептерін түсіндіріңдер.

Үйге тапсырма

§1. «Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасуы және мазмұны» тақырыбын оқу.

Сабақ соңында: бағалау.