Мектеп психологының жұмысы кең ауқымды және жауапкершілігі мол жұмыс
Мен және менің мамандығым
Мұғалімдік мамандық — адамтану: адамның күрделі де қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу.
«Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер — даналықты жүрекпен ұға білу».
В. Сухомлинский
Ұстаздық мамандықты мәңгілік дейді. Сол мәңгілікке апарар жол — шәкірт жүрегіне жол табу, оның өз әлемін құрметтеп, түсіне білу. Әр шәкірттің әлемі — ертегідей әдемі, мұхиттай терең, сан қырлы әрі нәзік, құпиясы мол тылсым. Осы әлемнің қаймағын бұзбай, сызат түсірмей, мөлдір дүниесіне нұрлы сәуледей ену — әр ұстаздың өмірлік арманы мен мақсаты.
Шәкірт жүрегінде ұстаз — алыстан қол бұлғаған арманға адастырмай жеткізетін, қанатын талдырмай ұштауға көмектесетін жан. «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» дегендей, оқушылар мектеп бітірген соң, өз армандаған мамандығының иесі болуға талпынады. Сондықтан жас жеткіншектер мамандық таңдауда қателеспеуі тиіс.
Мамандық таңдаудың мәні
Дұрыс таңдау
Мамандықты дұрыс таңдаған адам өз ісін мақтан тұтып, оның қыры мен сырын меңгеруге, шыңына жетуге ұмтылады.
Тек күнкөріс емес
Мамандық — жай ғана ақша табу жолы емес. Әр адам өз кәсібінен рухани күш алып, еңбектің рақатын көруі керек.
Еңбек пен шеберлік
Кез келген жетістік шеберлікке, қажымас қайратқа және үздіксіз еңбектенуге сүйенеді.
ХХІ ғасырда адам да, қоғам да үлкен өзгерістерге тап болды. Осындай кезеңде психолог мамандығының маңызы ерекше. Мектеп психологы — адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін, ұжымда жағымды ахуал қалыптастыратын, күйзеліске ұшыраған жандарға дұрыс бағыт-бағдар беретін маман. Психолог — адамның сырласы, адам жанының емшісі.
Мектеп психологының ықпалы
Мектеп ұжымының табысқа жетуіне, береке-бірліктің нығаюына, оқушылардың сапалы білім алып, саналы тәрбиеленуіне мектеп психологтарының үлесі зор деп есептеймін.
Тәуелсіздік дәуіріндегі басты міндет
Еліміз егемендік алғаннан бері оқу-тәрбие саласында көптеген өзгеріс енгізілді. Соның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс бағыт беру және олардың психологиялық тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау мәселесі алдыңғы қатарда тұр.
Бүгінгі мақсат
- Әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде тану.
- Ғылыми және рухани мұраларды игерген, шығармашылық ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу.
- Компьютерлік сауаттылық пен ақпараттық мәдениетті қалыптастыру.
Адам баласының назды да, сазды, құпиясы мол тылсым әлеміне және жүрегіне жол табу үшін мен психолог мамандығын таңдадым. Өмір бойы адам рухани дамуға ұмтылады; оның түпкі мақсаты — өзін-өзі тану және қоршаған ортаны түсіну.
«Әрбір күніңе оймақтай ой түй…»
Ақылия Бекбайқызы
Осы сөзді ұстаным етіп, мен де әр күнімнен ой түйіп, жұмысымды үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырысамын.
Мектеп психологының жұмысы
Мектеп психологының қызметі — кең ауқымды әрі жауапкершілігі мол еңбек. Бұл жұмыс жүйелі бақылауды, нәзік қарым-қатынасты, кәсіби әдістемелерді және командамен бірлесе әрекет етуді талап етеді.
Қолдау және түзете-дамыту
- Тәрбиесі қиын және ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен түзете-дамыту жұмыстары.
- Үйден оқитын және қамқорлыққа алынған балалардың көңіл күйі мен психологиялық ахуалын бақылау, көмек көрсету.
- Үлгерімі төмен оқушылармен диагностика жүргізіп, сынып жетекшімен тығыз байланыста жұмыс істеу.
- Оралман балалардың мектепке және ортаға бейімделуін бақылап, қолдау көрсету.
Диагностика, алдын алу, ынтымақтастық
- Дарынды оқушыларды анықтап, диагностикалық әдістемелер мен тренингтер өткізу.
- Оқушы–мұғалім–ата-ана қарым-қатынас жүйесін үйлестіру және нығайту.
- Оқушылардың әлеуметтік ортасын зерттеу және тәуекел факторларын анықтау.
- Суицидтің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу, ата-аналар жиналыстарына қатысу.
- Жас мамандарға кәсіби қолдау көрсету: тренингтер, жаттығулар, ақыл-кеңес беру.
Мектеп кезеңдеріндегі негізгі бағыттар
1-сынып
Мектепке бейімделуін бақылау және қолдау.
5-сынып
Орта буынға бейімделуіне психологиялық сүйемелдеу.
9-сынып
Кәсіби бағдар беру және болашаққа бағыттау.
9–11-сынып
Емтихан, тест кезеңінде сенімділікке баулу, көңіл күйін бақылау.
«Өмірдің әрбір күніне жаңалық енбесе, өзіңді бақытсызбын деп есепте».
Ян Амос Коменский
Мен әр күнімді жаңалықпен толықтырып, психологиялық қызметімнің басты мақсатын айқын ұстаймын: құзыретті, өз-өзіне сенімді, тұлға болып қалыптасқан оқушыны тәрбиелеуге ықпал ету.
«Өмірден не қажет екендігін анық айқындап білмесеңіз, онда ештеңе күтпеңіз».
Ақылия Бекбайқызы
Мен өз мамандығымды өз қалауыммен таңдадым. Өз ісімді сүйемін және мақтан тұтамын.