Гидраның қоректенуі, тыныс алуы Гидраның қоректенуі
Биология пәні • 7-сынып
Сабақ тақырыбы
Ішекқуыстылар типінің жалпы сипаттамасы. Тұщы су гидрасы
Мұғалім: Айгүл Балғалиева
Сабақтың мақсаты
- 1 Гидраның сыртқы құрылысын анықтау.
- 2 Гидраның қозғалуын, қоректенуін және тітіркену (рефлекс) құбылыстарын түсіндіру.
Күтілетін нәтиже
Білім
Оқушылар ішекқуыстылар туралы негізгі түсініктерді меңгереді.
Қолдану
Гидраның сыртқы құрылысын сипаттап, моделін жасайды.
Қарым-қатынас
Топтық және жұптық жұмыс арқылы ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады.
Мотивация
Тақырыпқа қызығушылығы артады.
Сабақ кезеңдері
1) Ұйымдастыру
- • Оқушылармен амандасу, қысқа тренинг ұйымдастыру.
- • Оқушыларды A, B, C, D топтарына бөлу.
- • Табыс критерийлерімен таныстыру және нақтылау.
2) Жаңа сабаққа кіріспе (диалог)
Мұғалім алдыңғы білімді еске түсіру үшін сұрақтар қояды:
- ? Жануарлар дүниесі неше топқа бөлінеді?
- ? Біржасушалы жәндіктерге қандай ағзаларды жатқызамыз?
- ? Көпжасушалылар дегеніміз қандай жануарлар?
Назар аударту
Бүгінгі сабақтағы мақсат — табыс критерийлеріне сәйкес нәтижеге жету.
Табыс критерийлері
- 1 Мен гидраның сыртқы құрылысы туралы білемін.
- 2 Мен гидраның қозғалуын және қоректенуін түсіндіре аламын.
- 3 Мен гидрадағы тітіркену құбылысы мен рефлексті түсіндіре аламын.
Жаңа сабақ: Jigsaw арқылы меңгеру
Жұмыс форматы
- 1 Бейнематериал арқылы гидра туралы бастапқы түсінік қалыптастыру.
- 2 Топтарға Jigsaw әдісімен мәтіндер үлестіру.
- 3 Жұптық және топтық диалог арқылы мазмұнды талқылау.
Тақырыптық жоспар
- 1) Ішекқуыстылар типі
- 2) Тұщы су гидрасының тіршілігі және сыртқы құрылысы
- 3) Қоректенуі, тыныс алуы және зәр шығаруы
- 4) Тітіркенгіштігі және рефлекс
1) Ішекқуыстылар типінің жалпы сипаттамасы
Ішекқуыстылар — денесі екі қабатты жасушалардан тұратын, бір ғана ішек қуысы бар көпжасушалы жануарлар. Денесінде бір ғана ішек қуысы болғандықтан, олар ішекқуыстылар деп аталады.
2) Тұщы су гидрасы: тіршілігі және сыртқы құрылысы
Тұщы су гидрасын суы таза, оттегіне бай, баяу ағатын өзендерден, көлдерден және тоғандардан кездестіруге болады. Ол көбіне су өсімдіктерінің сынып түскен бұтақтарына жабысып тіршілік етеді.
Гидра сырттай қарағанда өсімдікке ұқсайды: оның сабақшасы, бір нәрсеге бекінетін табаны, әрі қимылдайтын қармалауыштары бар. Әдетте ауыз қуысының айналасында 5–8 қармалауыш орналасады. Аузы ішек қуысына жалғасады, сондықтан ол ішекқуысты жануарларға жатады.
Симметрия
Денесін ортасынан ойша бөліп, қармалауыштары бойымен бірнеше тең бөлікке бөлуге болады. Бұл — сәулелі симметрия.
Дене қабаттары
Қапшық тәрізді денесі эктодерма (сыртқы) және энтодерма (ішкі) қабаттарынан тұрады.
Қозғалу ерекшелігі
Гидра бірде табанымен, бірде қармалауыштарымен тіреніп, бір жерден екінші жерге адымдап (тоңқаңдай) қозғала алады.
3) Қоректенуі, тыныс алуы және зәр шығаруы
Қоректенуі
Гидра — жыртқыш. Ол суда тіршілік ететін ұсақ шаянтәрізділермен, кейде балықтың ұсақ шабақтарымен қоректенеді.
Әсіресе қармалауыштарында көп кездесетін атпа жасушалар жемін ұстауға және қорғануға көмектеседі. Жем сезімтал өскінге тиген сәтте атпа жіпшесі лезде атылып, жеміне қадалады да, улы зат әсер етеді. Кейін гидра жемін қармалауыштарымен аузына апарып жұтады, ас қорыту ішкі қабатта жүреді.
Тыныс алуы және зәр шығаруы
Гидрада арнайы тыныс алу және зәр шығару мүшелері болмайды. Ол бүкіл денесі арқылы суда еріген оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын сыртқа бөледі. Зәр шығаруы да дене беті арқылы жүзеге асады.
4) Тітіркенгіштігі және рефлекс
Егер гидраның денесіне жеңіл әсер етсе (мысалы, инемен түртсе), ол жиырылып қалады. Бұл құбылыс гидраның тері-бұлшықет қабатының астында орналасқан жүйке жасушалары арқылы түсіндіріледі: тітіркену бір жасушадан екіншісіне беріліп, бұлшықет талшықтары жиырылады.
Негізгі ұғым
Тітіркенгіштік — ағзаның сыртқы әсерге жауап беру қабілеті. Тітіркену арқылы күрделі құбылыс — рефлекс жүзеге асады.
1-кезең
Тітіркенуді қабылдау (ауырсынуды сезіну).
2-кезең
Қозудың жүйке жасушалары арқылы таралуы.
3-кезең
Тітіркенуге жауап қайтару (жиырылу).
Рефлекс — тірі ағзалардың сыртқы немесе ішкі тітіркендіргіштерге жүйке жүйесі арқылы жауап қайтаруы.
Бекіту және тәжірибелік бөлім
«Шебер қолдар» тапсырмасы
Оқушылар ермексаздан гидраның моделін жасап, өз жұмыстарын қорғайды. Қорғау барысында гидраның негізгі бөліктерін (табан, сабақша, ауыз қуысы, қармалауыштар) атап, қызметін түсіндіреді.
Сергіту сәті (қимыл-қозғалыс)
Гидраның дене бөліктері мен қозғалысын қимылмен көрсету:
- • Табаны — секіру.
- • Қармалауыштары — қолды көтеру.
- • Гидра — оңға адымдау.
- • Гидра — солға адымдау.
Бағалау
Қалыптастырушы бағалау
«Екі жұлдыз, бір тілек» тәсілі арқылы өзара бағалау.
Өзін-өзі бағалау
Табыс критерийлері бойынша жеке рефлексия.
Кері байланыс
Оқушылар «жеделхат» түрінде қысқа пікір жазады: не түсінді, не қиын болды, қандай сұрақ қалды.
Үй тапсырмасы
Ішекқуыстылар типінің жалпы сипаттамасы. Тұщы су гидрасы.