Сәлем сөздің анасы
Әдептілік – тәрбие бастауы
Әдептілік — адамдардың өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасының, жүріс-тұрысының және мәдениетінің ережесі. Ол күнделікті өмірде сөзден, әрекеттен, жауапкершіліктен, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттен көрінеді.
Неге әдептілік маңызды?
Уәде беріп, орындамау; басқаға дөрекі жауап қайтару; үлкенді сыйламау — мұның бәрі әдепке жат қылықтар. Мұндай адамды жұрт «әдепсіз» деп қабылдап, одан қашқақтайды, сыйламайды. Ал әдептілік — сенім мен құрметтің негізі.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ адамгершіліктің іргетасын қалаймыз. Уақыт өте келе әрқайсымыз әртүрлі маман иесі боламыз: дәрігер, кәсіпкер, мұғалім, әнші, биші, тіпті елші де болуы мүмкін. Бірақ ең әуелі мақсат — нағыз азамат, жақсы адам болып қалыптасу. Ол үшін мейірімділік, батылдық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, сыпайылық секілді асыл қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз керек.
Тәрбиелік мақсаттар
- Адамгершілікке, қарапайымдылыққа, әдептілікке және кішіпейілділікке тәрбиелеу.
- Еңбексүйгіштікке баулу және жаман әдеттерден аулақ болуға үйрету.
- Ұнамды және ұнамсыз қылықтарды ажырата білу дағдысын қалыптастыру.
- Тіл байлығын дамыту және танымдық белсенділікті арттыру.
Құралдар мен формат
Көрнекіліктер
Мақал-мәтелдер, слайд-презентациялар, тапсырмалар жазылған кеспе қағаздар.
Сабақтың түрі
Сұрақ-жауап, талдау, пікір алмасу.
Тренинг: «Тілек шоғы»
Қыздар қолдарындағы гүл шоқтарын бір-біріне ұсына отырып, жылы тілек айтады. Қорытынды ой: өзгеге денсаулық пен жақсылық тілеп, игі іс жасасаң — ол өзіңе қайтып оралады. Біреуге жақсылық тілеудің өзі де әдептіліктің белгісі.
Ойланайық, пікірлесейік
- Әдепті бала қандай болады?
- Өз іс-әрекетіңнен ұялған кезің болды ма?
- Әдепті адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Біреуді мазалап қойсаң немесе қолайсыздық тудырсаң, не істер едің?
Тапсырма: ребус шешу
Әр суреттің атауының бастапқы әріптерін қосып оқығанда, қандай сөз шығады? Жауапқа жеткен соң, «Әдептілік — әдемілік» тақырыбын жалғастырып оқимыз.
Өлең жолдары
Ата-ананың тілегі —
Адам болып өскенің.
Адамдықтың тірегі —
Адам болып өскенің.
Әдептілік дегенің —
Әрқашан да керегің.
Әсемпаздық дегенің —
Әуре-сарсаң әлегің.
Атам менің әрдайым
«Ынтымақшы бол» дейтін.
«Бірлік болса адамда —
Шын бақыт қой» дейтін.
Сәлем — сөздің анасы.
Лаура Кажғалиева