Мәтінді оқыта үйрету ойыны

Қызылорда облысы • Қармақшы ауданы • Жосалы кенті • №105 орта мектеп

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Байбукенова Қарашаш

Тақырып: Ш. Айтматов — «Найман-Ана»

Сабақтың мақсаты

  1. Ш. Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасай отырып, «Найман-Ана» әңгімесінің сюжетін меңгерту.
  2. Оқыта-үйрете отырып, оқушылардың таным белсенділігін арттыру, жазушы идеясын түсіне білуге баулу және білім-дағдыларын дамыту.
  3. Ой-өрісті кеңейтіп, тіл байлығын дамыту, мәңгүрттіктен аулақ болуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Модульдік оқыту технологиясы.

Әдіс-тәсілдер

Оқыта-үйрету тәсілі, сұрақ-жауап.

Көрнекіліктер

Ш. Айтматовтың шығармалары, сызба-схема, карта, карточкалар, буклет.

Пәнаралық байланыс

Тарих, география.

Сабақтың барысы

1) Кіріспе бөлім

Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов — бауырлас қырғыз халқының ұлы жазушысы. Ол 1928 жылдың 12 желтоқсанында Қырғызстанның Талас облысы, Шекер ауылында дүниеге келген.

Ш. Айтматовты қырғыз-қазаққа ортақ қаламгер деуге негіз бар. Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүрген кезінде қазақтың білімді сыншысы Қалжан Нұрмахановпен бірге оқып, оның ықпалы мен әсерін көп көреді. Кейін әлем әдебиетінің бел ортасында жүрген Мұхтар Әуезов те Айтматовқа қамқор болып, қолдау көрсеткен.

Жазушының шығармашылық мұрасы аса бай, еңбектері кеңінен танылған.

2) Сөйлесу бөлімі

І тур — Мәтінмен жұмыс

  1. Оқушыларды бес топқа бөліп, шығарманы мазмұны бойынша бес бөлікке бөліп оқыту.
  2. Әр топ өз оқыған абзацына атау беріп, мәтін бойынша тезис құрастыру.
  3. Мәтіннің бөлімдеріне сәйкес композициялық құрылымына талдау жасау.

«Найман-Ана» композициясы

I. Экспозиция

  1. Тарихқа көз жүгірту.
  2. Құлдықта қалған тұтқындардың күні.
  3. Аңызға айналған Ана-Бейіт зираты.
  4. Ең ауыр жаза.
  5. Ананың өз-өзімен сырласуы.

II. Басталуы

Саудагерлердің дастархан басындағы әңгімесі.

III. Дамуы

Найман-Ананың Сарыөзекке аттануы.

IV. Шарықтау шегі

Өз анасын танымаған жас жауынгер.

V. Шешімі

Найман-Ананың өз баласының қолынан қаза табуы.

Қосымша сұрақтар

  1. Сарыөзекті картадан көрсет.
  2. Ананың монологы мәтіннің қай бөлімінде кездеседі?
  3. «Жуан-жуандар» деген кімдер? Олар туралы тарихтан не білесің?
  4. Ақ інгенді және Найман-Ананы суреттеген тұсты мәтіннен тауып, оқып бер.
  5. Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан қаласы туралы не білесің?
  6. Жоламанның бейнесін мәтіннен тауып, оқып бер.
  7. Жазушы «жуан-жуандардың» бейнесін қалай көрсеткен?

ІІ тур — Шығармашылық жұмыс

Оқушылардың таным белсенділігін және тіл байлығын дамыту мақсатында сұрақтары бар карточкалар үлестіріледі. Әр топ ақылдасып, топ жетекшісі жауап береді. Жауаптың сапасына қарай топ мүшелеріне бағалау жүргізіледі.

№1 карточка

Ана-Бейітті халық неліктен қасиет тұтады?

Тапсырма: мәтін мазмұнына сүйеніп жауап бер.

№2 карточка

Мәңгүрт ұлын іздеп келе жатқан ана қандай психологиялық күйде болды?

Тапсырма: мәтіннен дәлел келтір.

№3 карточка

Жауыздыққа және адамның ақыл-есін айыруға көзқарасың қандай?

Тапсырма: өзіндік пікіріңді айт.

№4 карточка

Баласы тірі болса да ана не үшін жоқтау айтты? Жоқтау туралы не білесің?

Тапсырма: ұлттық салт-дәстүр негізінде жауап бер.

№5 карточка

Романдағы «мәңгүрт» сөзінің астары неде? Қазіргі заманның мәңгүрттері деп кімді айтуға болады? «Найман-Анадағы» мәңгүрттің олардан айырмашылығы неде?

Тапсырма: өмірмен байланыстырып ойыңды білдір.

ІІІ тур — Оқыта-үйрету ойыны

Оқушыларды сергітіп, сабақты бекіту мақсатында ойын түріндегі тапсырмалар ұйымдастырылады.

А) «Сұрақ құрастыру» ойыны

Әр топ келесі топқа өз оқыған бөлімі бойынша ең қиын сұрақты құрастырады. Келесі топ жауап береді. Сұрақ қойған топ қарсыласының жауабын бағалайды.

Ә) «Тірек белгілер» ойыны

Әр топ өз бөлімін конспект түрінде дайындайды, бірақ бірде-бір сөз не сөйлем қолданбайды. Тек суреттермен немесе шартты белгілермен жеткізеді. Келесі топ оны түсіндіріп береді. Бағалауды қарсылас топ жүргізеді.

Б) Сахналау

Найман-Ана мен баласының кездесу көрінісін сахналандыру: сюжетпен толық танысқан оқушылардың ішінен екі оқушы таңдалып, көрініс көрсетеді.

4) Қорытынды бөлім

Қорытынды сөз

Мұғалім сабақтың негізгі түйіндерін жинақтап қорытады.

Бағалау

Сарапшылар бағалау парағы бойынша оқушылардың жинаған ұпайына сай қорытынды баға қояды.

Үй тапсырмасы

«Боранды бекет» романынан өзіңе ұнаған кез келген бөлім бойынша шағын сценарий жазып келу.