Есімдік қандай сөз табы
Сабақтың тақырыбы
Есімдік туралы түсінік. Жіктеу есімдігі.
Сілтеме
Күнтізбелік жоспар, мұғалімге арналған нұсқаулық, СТО стратегиясы, 6-сынып оқулығы.
Оқыту формасы
Жеке оқушымен, топпен және сынып ұжымымен жұмыс.
Жалпы мақсаты
Есімдік туралы, оның ішінде жіктеу есімдігі туралы жалпы мағлұмат беру және ерекшелігін ұғындыру. Есімдіктердің морфологиялық заңдылықтарын түсіндіру арқылы тілдік-эстетикалық сезімді тәрбиелеу, ұжымдық жұмыс барысында адамгершілік қасиеттерін дамыту.
Оқыту нәтижесі
Оқушылардың белсенді ойлау әрекетін жандандыру, сауатты жазу мен оқу дағдыларын жетілдіру.
Қолданылатын модульдер мен әдістер
- Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
- Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
- Оқыту үшін және оқуды бағалау
1-кезең: Ұйымдастыру және үй тапсырмасын тексеру
Мұғалімнің іс-әрекеті
- Сәлемдесу арқылы сыныпта жағымды психологиялық ахуал қалыптастырады.
- Үй тапсырмасын сұрайды және пысықтау сұрақтарын қояды.
Оқушының іс-әрекеті
- Бір-бірімен амандасу арқылы көңіл күйін көтереді.
- Үй жұмысын тексертеді, сұрақтарға жауап береді.
Үй тапсырмасын пысықтау сұрақтары
-
1) Зат есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
-
2) Зат есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Жалпы, жалқы, деректі, дерексіз.
-
3) Жалпы және жалқы зат есімдер дегеніміз не? — Біркелкі заттарды, құбылыстарды жаппай атайтын сөздер — жалпы есім; арнайы берілген есімдер мен атаулар — жалқы есім.
-
4) Сын есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
-
5) Сын есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Сапалық және қатыстық сын есім.
-
6) Туынды сын есімдер қалай жасалады? — Жұрнақ арқылы, есім сөзден де, етістіктен де жасалады.
-
7) Құрамына қарай сын есім нешеге бөлінеді? — Дара және күрделі сын есім.
-
8) Сан есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
-
9) Сан есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Есептік, реттік, болжалдық, топтау, жинақтық, бөлшектік (6 түр).
-
10) Сан есім құрамына қарай нешеге бөлінеді? — Дара және күрделі.
2-кезең: Мағынаны тану (жаңа сабақ)
23 минТілдік тренажер
Сын есім, зат есім және сан есімдерге талдау жасаңыз:
- Кітап
- Қора
- Он екі
- Ақсу
- Сұлу
- Ұзын бойлы
- Жеті
- Оқушы
- Майлы
- Сексен тоғыз
- Көктерек
- Қызыл ала
- Бір
- Ауыл
- Шуақты
Негізгі ұғым
Есім сөздердің орнына қолданылатын сөз табы есімдік деп аталады. Есімдіктер зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің атын, белгісін, санын атамай, тек соларды нұсқап, меңзеп көрсетіп, орнына жүреді. Сондықтан есімдіктерді кейде орынбасар сөздер деп те атайды.
Есімдіктердің мағыналық топтары (7 түр)
- 1) Жіктеу есімдігі
- 2) Сілтеу есімдігі
- 3) Сұрау есімдігі
- 4) Өздік есімдігі
- 5) Жалпылау есімдігі
- 6) Болымсыздық есімдігі
- 7) Белгісіздік есімдігі
Жіктеу есімдігі
Белгілі бір заттық ұғыммен байланысты қолданылатын есімдіктің түрі жіктеу есімдігі деп аталады. Ол сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде жақты білдіреді.
| Түрі | I жақ | II жақ | III жақ |
|---|---|---|---|
| Жекеше | Мен (айтушы) | Сен (тыңдаушы), Сіз | Ол (бөгде жақ) |
| Көпше | Біз | Сендер, Сіздер | Олар (бөгде жақ) |
Жаттығулар
192-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып, есімдіктердің қай сөздердің орнына жұмсалып тұрғанын ауызша айтыңыз.
193-жаттығу. Жіктеу есімдіктерін теріп жазыңыз.
194-жаттығу. Мәтінге ат қойыңыз. Жіктеу есімдіктерін теріп жазып, қай септікте тұрғанын көрсетіңіз.
Оқушы әрекеті
- Жеке тыңдайды, сұрақтарына жауап алады және жауап береді.
- Бір-біріне сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты меңгереді.
- Жаттығуларды орындайды.
Назарға түйін
Есімдік — есім сөздердің орнына жүріп, нақты атауды емес, нұсқауды білдіреді. Жіктеу есімдігі сөйлеуші мен тыңдаушыны және бөгде жақты ажыратып көрсетеді.
3-кезең: Сабақты бекіту
6 минОй толғаныс: «Не білдік?»
Оқушылар бүгінгі сабақта меңгерген ұғымдарын қысқаша қорытындылап, негізгі ережелерді айтады.
Тест тапсырмасы
-
1) Есімдік қандай сөз табы?
- а) Заттың сынын білдіреді.
- ә) Есім сөздердің орнына қолданылады.
- б) Заттың атын білдіреді.
-
2) Есімдік мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
- а) 7
- ә) 5
- б) 6
-
3) Жіктеу есімдігінің қанша жағы бар?
- а) 3
- ә) 2
- б) 4
-
4) Сан есімдерді белгілеңіз.
- а) он бір, табиғат, сары
- ә) адам, оқушы, жеті
- б) алты, он бір, екі мың екі
-
5) Дара сын есімдерді көрсетіңіз.
- а) қызыл ала, қара шұбар
- ә) ақ, қара, ащы
- б) қара көк, сұлу, сары
-
6) Жалқы зат есімдерді анықтаңыз.
- а) Астана, Мұхтар, Ұлан
- ә) қала, оқушы, сана
- б) Көксу, ой, газет
-
7) Зат есім қандай сөз табы?
- а) Заттың қимылын білдіреді.
- ә) Заттың атын білдіреді.
- б) Заттың санын білдіреді.
-
8) Жинақтық сан есімдерді табыңыз.
- а) төртеу, тоқсан екі, он тоғыз
- ә) үшеу, сегіз, он
- б) біреу, екеу, жетеу
-
9) Туынды сын есімдерді белгілеңіз.
- а) бойшаң, сөзшең, таулы
- ә) сары, әдемі, көркем
- б) ұзын, салқын, ақ
-
10) Сан есімнің сұрағын анықтаңыз.
- а) қандай? қай? кімнің?
- ә) қанша? неше? нешінші?
- б) кім? не? несі?
Оқушының әрекеті
- Белсенділік танытады.
- Жинаған білімін қолданады.