Отырықшы құстар - қыстап қалатын құстар

Қыстап қалатын құстар

Бұл оқу іс-әрекеті қыс мезгілінің ерекшеліктерін таныстыруға және балалардың қыста құстарға қамқорлық жасауға деген белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге сөздік қорын молайтып, табиғатты қорғауға, адамгершілікке тәрбиелеуді көздейді.

Ұйымдастыру мәліметтері

Білім беру саласы
Таным
Оқу іс-әрекеті
Экология негіздері
Көрнекіліктер
Құстардың суреттері, тапсырмалар

1) Шаттық шеңбері

Шеңбер болып тұрайық,
Алақанды ашайық.
Таза ауаны жұтайық,
Жүрекке жылу сыйлайық.
Жиналған жылы шуақты,
Қонақтарға шашайық.

  • Сұрақ: Қазір жылдың қай мезгілі? — Қыс.
  • Сұрақ: Қыс айларын ата. — Желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Жұмбақ

Қанаты бар талмаған,
Аспанда ұшып самғаған.
Жауы шыбын-шіркейдей,
Табиғатты ол қорғаған.

Жауабы: Құс

Бүгін қыстап қалатын құстармен танысамыз және олардың қыста тіршілік етуіне қалай көмектесуге болатынын талқылаймыз.

Ойын: «Қандай құс?»

Балалар құстардың атауын атап, суреттері бойынша табады.

Торғай Сауысқан Көгершін Шымшық

Қазақша–орысша атаулар

Торғай

воробей

Сауысқан

сорока

Қарға

ворона

Көгершін

голубь

Шымшық

снегирь

Ескерту: аймақтық қолданыста құстардың кей атаулары әртүрлі айтылуы мүмкін.

Саяхат-сюжет: Орманға бару

Тәрбиеші: Саяхатқа шыққанды ұнатасыңдар ма?
Балалар: Иә!
Тәрбиеші: Ендеше көздеріңді жұмыңдар.

Тәрбиеші: Балалар, біз қайда келдік?
Балалар: Орманға.
Тәрбиеші: Мына кісі кім?
Балалар: Орманшы.
Тәрбиеші: Орманшы деген кім?
Балалар: Орман күзетшісі.

Орманшы: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Құстарым қиындыққа тап болды. Маған көмектесесіңдер ме?
Балалар: Иә!
Орманшы: Ендеше тапсырмаларды орындаңдар.

Сергіту сәті

Ептеп, ептеп жерден бидай терейік,
Тергеніңді торғайларға берейік.
Торғай, торғай томпаң-томпаң секірсін,
Шаршадың ба — отыра ғой, деміңді ал.
Енді міне, әңгімеге құлақ сал.

1-тапсырма: Құстарды топтастыру

Қыстап қалатын құстарды көк шеңберге, ал жыл құстарын қызыл шеңберге жина.

Сұрақ: Жыл құстары неге жылы жаққа ұшып кетеді?

Балалардың жауабы тыңдалады (жемнің азаюы, суық, тіршілік жағдайы).

Сұрақ: Қыстап қалатын құстар қиындыққа кезіге ме?

Балалардың жауабы тыңдалады (аяз, қар, қоректің тапшылығы).

Сұрақ: Қыстап қалатын құстарға қыстан аман шығу үшін қалай көмектесеміз?

Балалардың жауабы тыңдалады (жем шашу, жемсауыт ілу, жылы орын жасау, құстарды үркітпеу).

Сөздік жұмысы

  • Отырықшы құстар — қыстап қалатын құстар.
  • Жыл құстары — жылы жаққа ұшып кететін құстар.

2-тапсырма: Топтық жұмыс

  • 1-топ: Құстарды құрастыр.
  • 2-топ: Құстардың шығу жолын ретімен көрсет.

3-тапсырма: Жұмбақтарды шеш

Өз атын атап қоймаған,
Қақсауға да тоймаған.
Ала-шұбар үстері,
Айдарлы бұл құс тегі.

Жауабы: көкек

Еркін самғап ұшсын деп,
Мәпелейміз, баптаймыз.
Бейбітшілік құсы деп,
Қайсы құсты мақтаймыз?

Жауабы: көгершін

Ұшқаны қызық жалпылдап,
Өзі сондай қарқылдақ.

Жауабы: қарға

Ауылда да, қалада да мекені.
Жолаушы жүрсең шығарып салады.
Алдыңнан шығып, жаныңды еркелетеді.

Жауабы: көгершін

4-тапсырма: Халық болжамдары

Құстарға қарап ауа райын болжауға қатысты халық даналығы көп. Мына болжамдарды айтып, мағынасын талқылауға болады:

  • Сары шымшық ысқырса, шынымен күз болады.
  • Торғай топыраққа аунаса, онда жаңбыр болады.
  • Қарғалар оңтүстікке қарап қарқылдаса, ауа райы жылы болады.
  • Қарғалар солтүстікке қарап қарқылдаса, күн суық болады.
  • Қарлығаш төмен ұшса, жаңбыр болады.

Қорытынды

Орманшы: Рақмет, балалар! Сендер тапсырмаларды орындап, құстар туралы көп мағлұмат алдыңдар.

Балалармен бірге: қандай тапсырмаларды орындағанын еске түсіру, қыс мезгілінде құстарға көмектесудің жолдарын қайталау.

Ойын: «Жақсы – жаман»

Қыс мезгілінде құстарға қатысты әрекеттерді талқылау: қайсысы жақсы (жем беру, жемсауыт ілу, құстарды үркітпеу), ал қайсысы жаман (тас ату, ұяны бұзу, қорқыту).

Соңында балалар балабақшаға «қайтып келеді» және өз әсерлерімен бөліседі.