Өмірде ақылды болсаң - бақытты болуың оңай
Бақыт деген немене?
Өмірде ақылды болсаң — бақытты болуың оңай сияқты көрінеді. Бірақ «бақытты болғым келмейді» дейтін жан бар ма екен? Әркімнің жүрек түкпірінде бір ғана тілек тұрады: бақытты болсам. Адамның тыныс-тіршілігі, талпынысы, ойы, шаршауы — бәрі де сол бір ауыз сөзге жақындаудың жолы емес пе?
Бақыт — кейде жүректе ғана сақталатын, кез келген жерде айтыла бермейтін, аяулы да құдіретті ұғым. Кейде ең жақын жанға арнайтын тілегіміз де осы сөзге келіп тіреледі: «Бақыт!»
Ой тастау
Айтыңызшы, сіз бақытты қалай түсінесіз?
Әркімнің бақыты — әрқалай
Біреу үшін бақыт — байлық: лотереядан көлік ұтып алу, зәулім үй салу, не іскерлікпен мол табыс табу.
Тағы біреу үшін ол — адал дос: күмәнсіз, көңіл түкпіріндегі айнымас жан.
Енді біреулер бақытты сүйгеніңмен қосылу, отбасын құру, бала-шаға сүйю деп біледі.
Кейбіреулер үшін бақыт — ел аралау, жер көру, жаңа әсер жинау.
Бірі қалаған мамандығын игеруді айтады, өзгесі жақсы қызметке тұруды тілге тиек етеді. Тағы бірі — аңсаған арманының орындалуы дер еді.
Халық түсінігі
Қазақ танымында ер бақыты — жүйрік ат, жақсы жар, тіл алғыш бала, таудай әке, аққан бұлақтай ана.
Бақытқа апарар жол қайда?
Әйтеуір, бақытқа апаратын жол үнемі жарқырап, көзге анық көрініп тұрмайды. Ол — адамның сана-сезімінде, ақыл-ойында, жүрегінде.
Меніңше, бақыт бір ғана нәрсеге байланып қалмайды. Оның астары да, аясы да кең.
Бақыттың жеті қыры
- 1 Жарық дүниеде өмір сүріп, адам екеніңді сезіну.
- 2 Қабілетіңді, бойыңдағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеу.
- 3 Адамдарға қуаныш сыйлай білу.
- 4 Сені іздейтін, сағынатын адамыңның бар екенін ұғыну.
- 5 Адамдардың сеніміне ие болу.
- 6 Борыш пен парызға адал болу.
- 7 Артыңда өшпейтін ізгі із қалдыра білу.
Ең әуелі — ақыл мен денсаулық
Мұның бәріне жету үшін ең алдымен ақыл-парасат пен денсаулық керек. Сол екеуі болмаса — қалғанының бәрі бос әурешілікке айналады.
Шүкіршілік
- Ақыл-есіңнің бүтіндігіне.
- Деніңнің сау екендігіне.
Міне, бақыт деген — осы.
Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен (ықшамдап, тілдік өңдеу жасалды).