Пайдалы қазбалары

Сабақ тақырыптары

Бұл бөлімде 7-сыныпқа арналған «Оңтүстік Америка» тарауы бойынша негізгі мазмұн бағыттары жинақталып берілген.

  1. Оңтүстік Американың жер бедері. Пайдалы қазбалары. Жер қыртысындағы терең жарықтар. Пайдалы қазбалардың басты кен орындарының таралуы.
  2. Оңтүстік Американың климаты. Климат қалыптастырушы факторлар.
  3. Материктің ішкі сулары.
  4. Оңтүстік Америка материгіндегі халықтар мен елдер. Халықтың орналасуы мен саны. Этностар. Материалдық және рухани мәдениет.
  5. Оңтүстік Американың физикалық-географиялық орны. Материктің пішіні мен жағалау сызығы, жағасындағы мұхиттар мен теңіздер және олардың табиғатқа әсері.
  6. Материктің табиғат зоналары. Анд тауындағы биіктік белдеулік.

№2 сабақ (7-сынып): Жер бедері, пайдалы қазбалар және терең жарықтар

Сабақтың атауы

Оңтүстік Американың жер бедері. Пайдалы қазбалары. Жер қыртысындағы терең жарықтар. Пайдалы қазбалардың басты кен орындарының таралуы.

Жалпы мақсаты

Оқушылар атлас картаны, тақырыптық мәтінді және берілген суреттерді пайдаланып Оңтүстік Американың жер бедерін, пайдалы қазбаларын және олардың басты кен орындарының таралуын, сондай-ақ жер қыртысындағы терең жарықтарды топтық талқыға салып, қорытынды жасайды.

1) Үй тапсырмасын еске түсіру

Географиялық диктант

  1. Оңтүстік жарты шар материктері ұзақ уақыт бойы қандай материктің құрамында болды? (Гондвана)
  2. Гондвана қандай тақталарға ажырады? (Америка, Африка–Арабия, Үндістан, Аустралия, Антарктида)
  3. Тақталардың ажырауына байланысты қандай мұхиттардың табаны ашылды? (Атлант және Үнді)
  4. Оңтүстік Америка Солтүстік Америкаға не арқылы жалғасты? (Панама мойнағы)
  5. Қай материктер арасындағы құрлықтық байланыс үзіліп, бір-бірінен ажырап кетті? (Аустралия, Антарктида)

«Ең, ең»

  • Ең ыстық материк: Африка
  • Ең құрғақ материк: Аустралия
  • Ең суық материк: Антарктида
  • Ең ылғалды әрі ең жасыл материк: Оңтүстік Америка
  • Ең ұзын өзен: Ніл

2) Мәтінмен жұмыс және талқылау

Мәтінмен жұмыс барысында оқушылар ойларын жинақтап, әр топ материктің ерекшеліктерін дәлелдермен таныстырады. Топтарға мысалы мына атаулар берілуі мүмкін: «Амазонка», «Анд», «Асыл тастар», «Бразилия таулы қыраты». Әр топ өз атауын қорғап, карта және деректермен негіздейді.

Оңтүстік Американың басты ерекшеліктері

Оңтүстік Американың аумағы аралдарымен қоса есептегенде 18,3 млн км². Ауданы бойынша 4-орын алады.

  • Жер шарындағы ең мол сулы және су жинау алабы ең ірі өзендердің бірі — Амазонка. Жылдық ағыны шамамен 7000 км³, су жинау алабы 7 млн км²-ден асады.
  • Материктің солтүстігінде дүние жүзіндегі ең биік сарқырама — Анхель орналасқан (1054 м).
  • Анд тауында дүниежүзіндегі биік тау көлдерінің ең ірілерінің бірі — Титикака орналасқан: теңіз деңгейінен 3812 м, ауданы 8300 км², тереңдігі 304 м.
  • Оңтүстік Америка — ең ылғалды әрі ең жасыл материктердің бірі: жерінің жартысына жуығын ормандар алып жатыр.
  • Материктегі аса ірі тау жүйесі — Анд — дүние жүзіндегі ең ұзын тау жотасы. Ұзындығы 9000 км-ден асады, Солтүстік Америкадағы Кордильераның жалғасы.
  • Парана мен Уругвай өзендері Атлант мұхитына құятын жерде әлемдегі ең ірі өзен сағаларының бірі — Ла-Плата орналасқан (шамамен 320 км).
  • Ең биік нүкте — Аконкагуа (6960 м), ал ең төмен нүктелердің бірі Вальдес түбегінде байқалады (–40 м).

Географиялық орны және жағалау ерекшеліктері

Оңтүстік Америка Солтүстік Америкамен бірге Америка дүние бөлігін құрайды. Тілдік ерекшелігіне қарай Орталық Америкамен бірге Латын Америкасы деп те аталады.

Материктің пішіні солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан үшбұрышқа ұқсайды. Жағалауға жақын ірі аралдар аз, тек оңтүстік-батысы мен қиыр оңтүстігінде аралдар тобы жиірек кездеседі (атластан анықтау ұсынылады). Ең ірі арал — Отты Жер, ол материктен Магеллан бұғазы арқылы бөлінеді.

3) Тапсырмалар: карта, логика және есеп

1-тапсырма: Жер бедері мен пайдалы қазбалардың таралуы

Атластағы Оңтүстік Американың жер қыртысының құрылымы және жер бедері карталары бойынша сызбаларды толтырыңдар.

  • а) Жер бедерінің құрылымы картасына қарап, тапсырманы мұқият оқыңдар.
  • ә) Материктің басым бөлігін не себепті жазықтар алып жатыр?
  • б) Биіктігі мен түзілісі бойынша Анд тауларын бұрын оқылған материктердегі қандай таулармен салыстыруға болады?
  • в) Андтың ең биік нүктесін және ондағы ең биік жанартауды атаңдар. Тау жүйесінің түзілуі әлі де жүріп жатқанын қалай дәлелдеуге болады?
  • г) Жер бедері мен пайдалы қазбалардың орналасуы арасында қандай байланыс бар?

2-тапсырма: Логикалық сұрақтар

  1. а) Оңтүстік Америка мен Африканың жағалау сызықтарының ұқсастығын қалай түсіндіруге болады?
  2. ә) Оңтүстік Американың жағалаулары неліктен аз тілімделген?
  3. б) Оңтүстік-батыс бөлігінде жағалау сызығы неліктен қатты бөлшектенген? Бұл немен байланысты?
  4. в) Сызбаға: Ла-Плата, Отты Жер архипелагы, Магеллан бұғазы, Дрейк бұғазы атауларын түсіріңдер.

3-тапсырма: Координата және қашықтықты есептеу

Материктің шеткі нүктелерін анықтап, градус және километрмен арақашықтықты есептеңдер. Есептеуде 1° ≈ 111 км шамасын қолданыңдар.

Шеткі нүктелер (координаталар)

  • Солтүстік нүкте — Гальинас мүйісі: 12° с.е., 72° б.б.
  • Оңтүстік нүкте — Фроуэрд мүйісі: 54° о.е., 71° б.б.
  • Батыс нүкте — Париньяс мүйісі: 5° о.е., 82° б.б.
  • Шығыс нүкте — Кабу-Бранку: 7° о.е., 34° б.б.

Есеп үлгісі

Экватордан Гальинас нүктесіне дейін: 12° → 12 × 111 = 1332 км.

Экватордан Фроуэрд нүктесіне дейін: 54° → 54 × 111 = 5994 км.

Солтүстіктен оңтүстікке дейін: 1332 + 5994 = 7326 км (66°).

Батыстан шығысқа дейін: (82° + 34°) × 111 = 12876 км (116°).

4-тапсырма: Қорытынды кесте

«Анд тауының сипаттамасы» кестесін толтырыңдар (географиялық орны, ұзындығы, ең биік нүктесі, табиғаты, пайдалы қазбалары, сейсмикалық белсенділігі және т.б.).

Сабақты қорытындылау және бағалау

  • Сабақ соңында әр топ бір-бірін бағалайды.
  • Талқылауға қатысқан «журналистер» рөліндегі оқушылар да өз бағасын береді.
  • Топ ішіндегі белсенді оқушылар мен «мамандарды» мадақтау ұсынылады.
  • Оқушылар 37–38-тапсырмаларды қайталап, картамен жұмысты аяқтайды.