Қазақ жастары
Ғасыр дертіне қарсы үндеу
Бірігейік, ғасыр дертін жоюға. Өз қолымен қазғандай өз көрін — бір сәттік еліту үшін талай жас өмірін ерте қиып жатады. Ұрпағының халін көріп, ата-ананың жүрегін қайғы басады.
Есірткі өмір мен денсаулықты улап, адамды тәуелділікке байлайды. Ар-намыс аяққа тапталып, көңілді қара тұман басады.
Тоқта, бауырым: спортпен шұғылдан. Биіктен көрін, тұғырдан таныл.
Заңғардай бол — ақ бұлтпен таласқан. Тұлпардай бол — асау желмен жарысқан. Тағдырыңды әзәзілдің қолына берме: жігеріңді жасытпай, қарсы тұр.
Өзіңді қорға
- Есірткіге жақындама: ол жас өмірді ажалға итереді.
- Өмірің өз қолыңда: денсаулықтың қадірін біл, бағала.
- Салауатты өмір салтын жаныңа серік ет.
Қоғам болып күрес
Нашақорлық — әлемді жайлаған ғасыр індеті. Аждаһадай аяусыз талай жанды жалмап келеді. Полиция қызметкерлері қиындықтан қашпай, есірткі саудасымен күресуде. Бірақ жеңіл ақшаға құныққан қылмыскер тоқтамайды: бірін ұстағанмен, «жеті басты айдаһардай» қайта қылаң береді.
Сондықтан басты ұран — еліміздің тыныштығы. Бірігіп қимылдасақ қана бұл індетті жеңеміз.
«Мен өмірді қалаймын!» — қазақ жастарына жолдау
Құрметті қазақ жастары! Бұл үндеу — ұлт тағдырына қатысты. Ел басшысы Н. Ә. Назарбаевтың «Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, жасай берсін елдігіміз Мәңгілік!» деген сөзін еске ала отырып, өз ойымды ортаға салғым келеді.
Бейжай қалмау
Менің жасым он үште. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата алатын жастамын. Жаңалықтарды қарап, әлемде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермеймін. Қылмыстық оқиғаларды естіген сайын өзімнің, бауырларымның және жер бетіндегі барлық балалардың өмірі үшін алаңдаймын.
Баланың қауіпсіздігі
Ата-аналарымыз бізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіреді. Бірақ ата-ана бақылауынсыз қалған балалар да аз емес. Міне, сондай балалар қылмыскердің құрбанына айналады немесе қылмыстың құлы болады.
Ең ауыр қылмыстың бірі
Қылмыстың түрі көп, соның ішінде ең ауырларының бірі — есірткі саудасы. «Нашақорлық — ғасыр індеті» дейміз. Өкінішке қарай, бұл індет біздің елімізді де айналып өтпеді.
Тәуелділік қалай тұзақ құрады?
Зиянды әдеттердің денсаулыққа, өмірге, отбасыға, ата-анаға және тұтас қоғамға зиян келтіретінін біле тұра, кейде оны саналы түрде тұтынамыз. Бір сәттік ләззаттың жетегіне еріп, бүкіл өмірімізді ойран етеміз. Тәуелділік адамға тым жақын жүреді: бойға тез сіңіп алады.
Таразының бір басында — зиянды заттар, екінші басында — отбасы. Өкінішке қарай, тәуелділік таңдауға мұрша бермей, адамды зиянды әдетке қайта-қайта қол создырады.
Болашағымызға балта шаппайық. Әзәзілдің тұтануына жол бермейік: елді қара түтіндей тұмшалайтын індеттің алдын қазірден алайық. Бықсыған орманды қалпына келтіруге жылдар керек — ал жоғалған өмір қайта келмейді.
Шешім: салауатты өмір және нақты алдын алу
«Денсаулығың — зор байлығың, сақта оны жасыңнан». Жастайымыздан спортпен шұғылданып, салауатты өмір сүруді әдетке айналдырайық.
Өрле биік, арман асқар шыңына.
Өз жігеріңді серік етіп, алға қадам бас.
Ұсынылатын қадамдар
- Өңірлерде есірткі тұтынудың өсуіне әсер ететін себептер мен жағдайларды жүйелі зерттеу.
- Салауатты өмір салтын таңдауды ынталандыратын бағдарламалар әзірлеу.
- Балалар, жасөспірімдер және жастарға арналған көпсатылы алдын алу білім беру бағдарламасын құру.
- БАҚ-та есірткінің зиянын көбірек көрсету, зиянды заттарды насихаттайтын жарнамаларды алып тастау.
- Оның орнына салауатты өмір салтын қолдайтын әлеуметтік жарнамаларды күшейту.
Қорытынды үндеу
Құрметті қазақ жастары! Сіз болып, біз болып, бүкіл қоғам болып ғасыр індетімен күрессек, оны жеңе аламыз. «Досы көпті жау алмайды» — мақсатқа тек бірлік арқылы жетеміз.
Мен болашағыма сенемін. Мен жастарға сенемін.
Мен өмірді қалаймын!