Планеталар - өзінен жарық шығармайтын салқын денелер
Сабақ тақырыбы: Ғарыш дегеніміз не?
Бұл сабақта оқушылар ғарыш ұғымын, жұлдыздар мен планеталардың ерекшеліктерін, Күн жүйесінің құрылымын және Жердің ғарыштағы орнын түсінеді. Материал сұрақ-жауап, түсіндіру, мәтінмен жұмыс және ойын элементтері арқылы меңгертіледі.
Білімдік мақсат
Оқу қабілетін арттыру, білім-білік дағдыларын нығайту, ғарыш және Жердің ғарыштағы орны туралы нақты мәлімет беру.
Дамытушылық мақсат
Аспан денелері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыру, қызығушылықты арттыру, сөздік қорды байыту, шығармашылық ізденіске бағыттау.
Тәрбиелік мақсат
Ізденімпаздыққа баулу, табиғатты қорғау мен аялау құндылықтарын тәрбиелеу.
Сабақ форматы
Әдіс: сұрақ-жауап, түсіндіру • Түрі: жаңа ұғым беру
Пәнаралық байланыс
- Математика
- Қазақ тілі
- Әдебиеттік оқу
Көрнекіліктер
- Слайд материалдары
- Ғарышкерлердің суреттері
- Ойын тапсырмалары
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
1) Кезекші жауабы
Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, қатысуды белгілеу.
2) Сабаққа даярлау
Кел, балалар, келіңдер, Сабағымызды көріңдер. Кәне, қарап шығыңдар, Білім барда оқу бар.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Тақырып: Таулы жер өсімдіктері мен жануарларын қорғау (слайд бойынша).
- Тау өсімдіктері мен жануарларын қорғаудың қандай жолдары бар?
- Өсімдіктер қорғалмаса, адамзатқа қандай кері әсері болуы мүмкін?
- Жануарларды сақтау үшін неге қорықтар құрылады?
Өткен сабақты бекіту
«Қызықты жетілік» ойыны арқылы қысқа қайталау жүргізіледі.
III. Жаңа сабақ
Кіріспе → мәтінмен жұмыс → қосымша материал → сергіту → дәптермен жұмыс → қорытынды.
Кіріспе: жұмбақ
Қараңғыда жымыңдайды, жанады, Жарық түссе, бірден сөніп қалады.
Мәтінмен жұмыс
Оқушылар мәтінді топтарға бөліп оқиды, мазмұнын түсіндіріп береді және негізгі ойды анықтайды.
Негізгі мазмұн (өңделген мәтін)
Бұлтсыз, ашық түнде аспаннан жапырылған жұлдыздарды көресің. Кейбірі солғын жарық нүктеге ұқсайды, ал кейбірі бірде күшейіп, бірде әлсіреген оттай елестейді. Шын мәнінде, жұлдыздардың әрқайсысы — Күнге ұқсас, жанып тұрған орасан газ шарлары. Ең ірілері Күннен ондаған, тіпті жүздеген есе үлкен. Мөлшері Жермен шамалас шағын жұлдыздар да бар.
Жай көзбен қарағанда аспанда шамамен 3 мыңға жуық жұлдыз көрінеді. Ал қазіргі замандағы жаңа құралдармен есепке алынған жұлдыздар саны бірнеше миллионға жетеді. Ғалымдардың болжауынша, жұлдыздардың жалпы саны миллиардтан да асады.
Ең жақын жұлдыз
Жерге ең жақын жұлдыз — Күн.
Планета деген не?
«Планета» сөзі грек тілінен аударғанда «адасушы жұлдыз» деген мағынаны білдіреді.
Күннің төңірегінде ірі аспан денелері — планеталар айналып жүреді. Планеталар — өзінен жарық шығармайтын салқын денелер. Бірақ түнде жылтырап көрінеді, себебі олар Күн сәулесін шағылыстырады. Планеталардың айналасында серіктері де айналады. Жердің серігі — Ай.
Күн және оны айналып жүретін планеталар мен олардың серіктері бірігіп Күн жүйесін құрайды. Ал Күн жүйесі — Әлем кеңістігінің, яғни Ғарыштың өте кішкентай ғана бөлігі. Ол Галактика деп аталатын жұлдыздар жүйесіне кіреді. Әлемде мұндай галактикалар миллиондап саналады.
Негізгі анықтама
Жерді қоршаған бүкіл дүние — Әлем немесе Ғарыш деп аталады.
Адамзат ерте кезден-ақ Ғарышты зерттеуге тырысып келеді. Ғарышқа жол 1957 жылдың 4 қазанында ашылды: Жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды. 1961 жылдың 12 сәуірінде адам баласы алғаш рет ғарыш кемесімен Жер шарын айнала ұшты. Бұл — Ю. А. Гагарин.
Қосымша материал
Оқулықтағы қосымша мәліметтер слайд арқылы түсіндіріледі: ғарыш зерттеулерінің бағыттары, жасанды серіктердің қызметі, ғарыштан бақылаудың маңызы.
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың назарын қалпына келтіру.
Дәптермен жұмыс
- Күн жүйесінің сызбасын (немесе құрамын) жазып алу.
- Ғарыштың анықтамасын дәптерге түсіру.
Қорытындылау: «Кім тапқыр?» ойыны
Топтық жұмыс арқылы жаңа ұғымдарды нақтылау және байланыстырып сөйлеуді дамыту.
I топ — Шолпан
Сұрақтар- Жұлдыз деген не?
- Планетаның жұлдыздан қандай айырмасы бар?
II топ — Марс
Сұрақ- Күн жүйесінің құрамына қандай аспан денелері кіреді?
III топ — Нептун
Сұрақ- Ғарыштан алынған ақпараттардың шаруашылық үшін қандай маңызы бар?
Үй тапсырмасы
Мәтінді оқып, түсінгеніңді мазмұндап айтуға дайындал.
Бағалау
Топтық жұмысқа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі және дәптер тапсырмаларын орындауы бойынша бағаланады.
Автор туралы мәлімет
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, №18 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Илясова А. И.