Бата беру
Іс-шараның мақсаты
Бұл Наурыз ертеңгілігінің негізгі мақсаты — балаларға Наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру, ұлттық құндылықтармен таныстыру және мерекелік дәстүрлерге құрмет сезімін қалыптастыру.
- Наурыз мерекесі туралы түсінік беру.
- Ұлттық киімдер, ойындар, тағамдар, ою-өрнектер туралы ұғымын кеңейту.
- Бата айтуға үйрету, ізгі тілек айту мәдениетін қалыптастыру.
- Балалардың ой-өрісін, сөйлеу мәдениетін және сөздік қорын дамыту.
- Ұлтымыздың дәстүрін, мерекесін құрметтеуге және қастерлеуге тәрбиелеу.
Өту барысы
Қонақтарды қарсы алу
Құрметті ата-аналар, қадірлі қонақтар! Бүгінгі Ұлыстың ұлы күніне арналған «Әз-Наурыз» ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын! Ұлыс баршаңызға бақыт, денсаулық, ырыс-береке әкелсін!
Балалар, қане, шеңбер құрып тұрайық. Қайырлы таң! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Баршаңа денсаулық пен ашық аспан тілеймін. Әр атқан таңдарың қуаныш пен жылуға толы болсын!
«Жылулық шеңбері»: Көктем келді
Балалар қимыл-қозғалыс жасай отырып, бәрі бірге айтады:
Көктем келді шуақты,
Балаларды қуантты.
Алақай-ау, алақай!
Көктем қандай көңілді!
Осы сәтте бәрі ду қол шапалақтап, көктемге ризашылық білдіреді.
Сұрақ-жауап
- Жылдың неше мезгілі бар?
- Төрт.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем.
- Көктем айларын атаңдар.
- Наурыз, сәуір, мамыр.
- Көктемде қандай мейрамдар бар?
- Аналар күні және Наурыз мейрамы.
Жарайсыңдар, балалар! Енді орындарыңа отыра қойыңдар.
Наурыз туралы кіріспе
Наурыз — бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсылықтың жаршысы, ынтымақтың белгісі. Ол өмірге нұр, көңілге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін мереке. Ендеше, кезекті балалар өнеріне берейік.
Балалардың тақпақтары
Альбина
Уа, халайық, халайық!
Мұнда назар салайық.
Думандатып бақшамда,
Наурыз тойын тойлайық!
Эльнара
Наурыз тойың, Наурыз тойың,
Құтты болсын, халайық.
Күй төгілсін, күй төгілсін,
Шырқап әнге салайық.
Саят
Ұлыс бақыт әкелсін,
Әр күніміз жақсы болсын.
Достығымыз берік болсын,
Білім, өнер серік болсын.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Анар
Наурыз дәстүрім деп,
Адамдар ән салады.
Наурыз тойын еліміз,
Қуана қарсы алады.
Қайсар
Жақсы ма, хәліңіз?
Менің атым — Наурыз.
Балдай тәтті сары уыз,
Алып келдім, алыңыз.
Жансая
Ата-бабам тойлаған,
Наурызым, армысың!
Қызығына тоймаған,
Дархан дала, қарлы шың.
Ернар
Наурыз, Наурыз — жыл басы,
Жасыл көктем құрдасы.
Төл мереке, кел мереке.
Нұрай
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Ән
«Апатайым — анашым»
Би
«Қамажай»
Ән
«Балапан»
Би
«Қара жорға»
Жұптар: Нұртас — Әсем, Әлшер — Жансая, Ернар — Нұрай.
Сергіту сәті (жай және жылдам)
Шапалақтап қолыңды, жай, жай, жай! Міне, былай!
Шапалақта қолыңды, тез-тез-тез! Тез-тез-тез!
Алға қарай адымда, жай, жай, жай! Міне, былай!
Жолыңнан еш жаңылма, тез-тез-тез! Тез-тез-тез!
Наурыз — бірлік пен ізгіліктің мерекесі
Наурыз — ән мен күйдің, бидің, достық пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күндері жұрт бір-біріне ізет көрсетіп, сый-сияпат ұсынып, ақ тілегін арнайды.
Наурыз — шығыс елдері үшін бірліктің, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің және бақыттың мерекесі ретінде тойланады. Осы күнге байланысты көптеген жөн-жоралғылар қалыптасқан: Наурыз көже, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз жұмбақ, Наурыз көк.
Әжелердің өнегелі сөзі: жөн-жоралғылар
1-әже
Наурыз айы — шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда күн мен түн теңеледі, сондықтан Наурыз жыл басы болып саналады.
2-әже
Наурыз тойында үлкен де, кіші де мерекеге қатысып, ойын-сауыққа көңіл бөледі. Ат жарыс, палуан күрес, айтыс және түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
3-әже
Наурыз көже — көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен пісіреді. Көжеге сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс және өзге де тағамдар қосылып, келген қонаққа ұсынылады.
4-әже
Наурыз көк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Халық бұл құсты асыға күтеді. Алғаш көргенде: «Наурыз көгім, келдің бе?» — деп шақырып, жем шашады.
5-әже
Батаның түрі көп, соның бірі — Наурыз батасы. Наурыз тойын өткізген жандарға, өнер көрсеткен ақынға, әншіге, палуанға, жас талапкерлерге үлкендер ақ батасын береді.
Рахмет сіздерге, әжелер! Келесі кезекте ән шырқалады.
Ән
«Қазақтың дастарханы»
Дәстүр көрінісі және ұлттық ойындар
Бүгінгі Наурыз тойында әжелеріміз «бесікке салу» рәсімін көрсетеді. Бәріміз тамашалайық.
Ойын
«Күш сынаспақ»
Ойын
«Арқан тартыс»
Қанеки, балалар, ақ дастарханға отырайық.
Қорытынды және бата
Қорыта айтқанда, әдептілік пен сыпайылықты, кішіпейілділікті біз бойымызға ана сүтімен дарытамыз. Одан кейін оны мектептен, өскен ортадан үйреніп, өмірде қолданамыз.
Күн мен айға, әлемнің,
Бердік ыстық сәлемін.
Үлкендерге сүйеніп,
Сәлем бердік иіліп.
Орындалды ойларың,
Құтты болсын бүгінгі
Наурыз атты тойларың!
Ендеше, бүгінгі тойға келген үлкендерден бата сұрайық.
Наурыз батасы
Сұрасаң, бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Құт әкелсін жеріме,
Бейбітшілік елде боп,
Бақ-дәулет қонсын еліме.
Балалар ақылды болып,
Елін-жерін қорғасын!
Әумин!