Бүгін кімнің туған күні
Мерекелік кіріспе
Залға балалар қолдарына әдемі шарларын ұстап, жұптасып кіреді.
Жүргізушінің сөзі
Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі сөз — ана. Бала дүниеге келген күннен бастап ана өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық құшағы, мейірімге толы көзқарасы арқылы бар сүйіспеншілігін, мейірімділігі мен махаббатын сыйлайды.
Сол үшін де жер бетін мекендеген адамзат қауымы бір күнді ерекше мейрам етіп белгілеген. Ол — 8 наурыз мерекесі. Дүниеде ең кемеңгер дананы да ана табады, аялайды, бағады. Сондықтан құдіретіне бас иіп, қасиетті ананы құрметтейік.
Бүгінгі көктем мерекесі, аналар мерекесі құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Бүгін біз де аналарымызды құттықтай отырып, «Жаса, жайна, аналар!» атты «Гүлдер» тобының ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер.
Өлең жолдары
Наурыз күні — Ана күні, әлем күні,
Әлемді тебіндірер ана үні.
Анасыз жан туған жоқ жер бетінде,
Ұғып ал, бөбектерім, сендер мұны.
Тақпақтар мен ән
Тақпақ — Санжар
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам.
«Анашым» деп мақтанам,
Айналайын, ақ анам.
Тақпақ — Сәлима
Много мам на белом свете,
Всей душой их любят дети.
Только мама есть одна —
Кто она? Отвечу я:
Это мамочка моя.
Ән
«Айналайын, ақ мамам»
Ана мейірімі туралы ой
Жүргізуші
«Теңізді кешіп өтіп жетпей ме, жан ботасын сағынғанда аруана» — дегендей, ана бауыр еті баласы үшін отқа да күйеді, суға да түседі; өмірдің суығына тоңып, ыстығына төзеді.
«Қарға баласын — аппағым дер, кірпі баласын — жұмсағым дер» демекші, әркімнің өз баласы өзіне қымбат. Тіпті жан-жануардың өзі төлін мейіріммен қорғайды.
Ал қазір, құрметті ата-аналар, балалардың «Жеті лақтың анасын құттықтауы» қойылымын тамашалаңыздар.
Қойылым: «Жеті лақ, қасқыр және аю»
(Лақтар анасы екеуі әсем әуенмен сахнаға шығады.)
Анасы
Лақтарым, шұнақтарым, мен орманға барамын. Сендерге бүлдірген әкелемін. Ал сендер ешкімді кіргізбеңдер.
Лақтар
Жарайды, анашым. Ешкімді кіргізбейміз.
(Лақтар анасын шығарып салып, әндетеді.)
Лақ
Бауырларым, анамызға арнап ән салайық.
Ән
«Біздің ана керемет»
Аяла (Лақ)
Осынша көп ойнадық,
Қасқыр берер жазаны.
Көз салыңдар жыраққа,
Анау екі шыраққа.
Жансая (Лақ)
Ойбай, қасқырдың өзі ғой,
Оттай жанған көзі ғой.
Бір бәлені сездік-ау,
Ал, қашайық тезірек!
Қасқыр
Кім қатты өлең айтып, маған ұйқы бермеген? Тәтті иіс шығып тұр ғой… Бұл не? (Үстелге жақындайды.) Картоп қосылған бәліш, құлпынай тосабы мен тәтті шай! Бүгін кімнің туған күні?
Лақтар
Қасқыр, сен білмейсің бе? Бүгін — аналарымыздың мерекесі ғой!
Қасқыр
Қазір сендерді аналарыңмен қоса жеймін. Сосын бәліш пен тосапты… Міне, сонда керемет болады!
Мөлдір (Лақ)
Бауырларым, саспандар,
Жеке-дара қашпандар.
Айласын тауып асырып,
Бірігіп қасқырды жеңеміз!
Қасқыр
Ә-әу, мыналар батыр ғой,
Қорықпай бара жатыр ғой.
Туу, мыналар ер екен,
Тағы да не дер екен?
Санжар (Лақ)
Бірлік жасап келеміз,
Күш — бірлікте, сенеміз.
Мүйізбен бір түйреп,
Сыбағасын береміз!
(Осы сәтте қолында бал салынған бөшкесі бар аю кіреді.)
Рамиль (Аю)
Қонаққа шақырдыңдар ма? Мен келдім. Жазда жинаған балымды ала келдім. Сендер кімнен қорқып тұрсыңдар? (Қасқырды көріп.) Сен неғып жүрсің бұл жерде? Саған барлық есік жабық. Жоғал көзімнен, батырсымақ!
Қасқыр
(Лақтарға қарап.) Жеке-жеке кездессең — жемегімді асармын. Ал қазір мен асығыспын. Сау болыңдар, кетейін.
(Қасқыр кетеді, анасы келеді.)
Лақтар
Анашым, анашым! Қасқырға өз жазасын бердік!
Аю
Бұл жерге енді қасқыр жоламастай болды.
Анасы
Өте жақсы! Бәрі жақсы аяқталған екен.
Жүргізуші
Бірақ, балалар, қасқыр да бүгін аналар мерекесін бізбен бірге қарсы алып, көңіл көтерсін. Қалай ойлайсыңдар? Ол бізбен достасқысы келіп тұр.
Ойын: «Лақтар мен Қасқыр»
Лақтар
Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секеңдемей деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Марқа туған бөрте лақ,
Әңгімеге құлақ сал.
Ойнай көрме тым ұзақ,
Боп жүрмесін бөрте тап.
Қасқыр
Қасқыр, қасқыр, қасқырмын,
Бәріңді де састырдым.
Бүгін менің қарным аш,
Ұстап жеймін — қарным аш!
Би
«Күлімде»
Әжелерге арналған жылы лебіз
Тақпақ — Сәлима
Әже деген көп шығар,
Әжемдей жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі!
Тақпақ — Әлім
Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.
Тақпақ — Мәди
Әжем менің ақ әжем,
Ешкімде жоқ дара әжем.
Ертегі айтып береді,
Айналайын, ақ әжем.
Тақпақ — Аяла
Тәттілерді сақтайды,
«Аялам» деп береді.
Мен тілеймін әрқашан —
Әжем аман жүрсін деп.
Ән
«Әжемнің шайы»
Би
«Грузин»
Көктемнің келуі
Жүргізуші
Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, аналар мерекесін тойлатып — көктем келеді. (Әуенмен Көктем сахнаға кіреді.)
Көктем
Мен көктеммін, көктеммін,
Күн сәулесін төккенмін.
Барлық жерді жылытып,
Шуақ-нұрын сепкенмін.
Ән салдырып құстарға,
Нұр болып көктем төгілем.
Гүл боп қырда егілем,
Дән боп жерге себілем.
Жүргізуші
Көктем, қош келдіңіз! Біздің балаларымыздың өнерін тамашалаңыз, қадірлі қонағымыз болыңыз.
Аналарға арналған тақпақтар
Айзере
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Аналарды ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Қуаныш
Ана — біздің күніміз,
Ана — біздің гүліміз.
Біз ананы қуантып,
«Ұзақ өмір сүріңіз!» — дейміз.
Әди
Бөбегіңнің сыйлығын
Қабыл алшы, анашым.
Өмір бойы жүз жасап,
Аман болшы, анашым.
Айсұлу
Еркелесем «күнім» дейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.
Рамиль
Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп, дем алам,
Құшағыңда қысылмай.
Айым
Жүре берсем қасыңда,
Әйбат анам, әй, анам.
«Ботам» деген даусыңнан
Мен мәз болып оянам.
Ансамбль (ұлдар)
Ән: «Анамның мерекесі»
Би
«Гүлдер»
Қорытынды бөлім
Жанай
Ана — өмір шырағы,
Ана — өмір бұлағы.
Бесігімнің жыр-әні
Жүрегімде тұрады.
Кәусар
Сеннен өсер балалар —
Батырлар мен даналар.
Мейраммен құттықтаймыз,
Құрметті аналар!
Заңғар
«Бала, бала, бала!» — деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Бесігімді тербеткен анам.
Жансая
Бал бөбегін баптаған
Анам үшін мақтанам.
Маңдайыңнан сүйейін,
Келші, келші, анашым!
Азиз
Аппақ анам, ақ анам,
«Ақ анам» деп шаттанам.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
«Бөпешім» деп жатпаған.
Ән
«Біз тәртіпті баламыз»
Ата-ана мен балаларға арналған ойын.
Жүргізуші
Осымен «Гүлдер» ортаңғы тобының бүгінгі ертеңгілігі аяқталды.