Жіп торы
Ата-аналармен тренинг: «Біз бір-бірімізді түсінеміз бе?»
Бұл тренинг ата-ана мен балабақша арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, бала тәрбиесіндегі ортақ мақсатты айқындауға және тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
Мақсаты
Баланың дамуына және жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіру арқылы жылы, сенімді қарым-қатынас орнату.
Міндеттері
- Ата-аналардың балабақшамен тығыз байланысын арттыру.
- Балаларды мейірімділікке, сабырлылыққа (ұстамдылыққа) тәрбиелеудің жолдарын көрсету.
- Тәрбиеші мен ата-ана серіктестігінің маңызын нақтылау.
Қажетті құрал-жабдықтар
Үлестірмелі қағаздар, ала жіп, доп және т.б.
Әдістер
Пікір алмасу, сұрақ-жауап, психологиялық жаттығулар.
Тренинг бағдарламасы
- 1 Танысу жаттығуы
- 2 Топқа бөлу
- 3 Ой жинақтау
- 4 Психогимнастикалық жаттығу
- 5 Қызықты сұрақтар
- 6 Ойын: «Жұбыңды тап»
- 7 «Жіп торы»
- 8 Қорытынды
Тренинг барысы
Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Бүгінгі «Біз бір-бірімізді түсінеміз бе?» атты тренингке қош келдіңіздер! Әр ата-ананың тілегі — баласының жақсы адам болып өсуі: еңбексүйгіш, кішіпейіл, мейірімді болуы.
«Ұл тәрбиелей отырып — жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып — ұлтты тәрбиелейміз» деген ойдың астарында үлкен жауапкершілік бар. Тәрбие отбасы мен балабақша арасындағы өзара ықпалдастыққа тікелей байланысты. Отбасы көбіне «айтқанға көндіру» арқылы тәрбиелеуге бейім болса, балабақша баланың дұрыс көзқарасы мен оң мінез-құлқын қалыптастыруға жүйелі түрде ұмтылады.
Балаға білім мен тәрбие берудегі негізгі тұлға — тәрбиеші, ал оны жалғастырып, демеп отыратын ең жақын серіктес — ата-ана. Сондықтан бірлесіп, бір мақсатқа жұмылып жұмыс істесек, алынбайтын қамал жоқ. Іске сәт!
1) Танысу жаттығуы: «Есімдер аллитерациясы»
Нұсқау: Әр қатысушы өз есімінің алдына адамның бойындағы жақсы қасиеттердің бірін қосып, өзіңіз туралы қысқаша таныстырыңыз.
Мысал
Мен ақкөңіл Ақмаралмын.
Мысал
Мен гүлдей Гүлнармын.
Мысал
Мен көңілді Көркеммін.
Осы айтылған қасиеттер әрдайым өзіңізге серік болсын. Бір-бірімізден жақсы қасиеттерді көріп, қолдап жүрейік.
2) Топқа бөлу
Қатысушылар үш түсті гүл күлтешелерін (немесе түрлі түсті қағаздан жасалған жүректерді) таңдайды. Бірдей түсті таңдаған ата-аналар бір топқа бірігеді. Әр түс бойынша қысқаша мінездеме беріледі.
3) Ой жинақтау
Әр топқа тақырып беріледі. Ата-аналар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасады.
- Бала білімді әрі тәрбиелі болып өсуі үшін ата-ана қандай жағдай жасауы керек?
- Балаларды теріс қылығы үшін жазалау керек пе?
- Тәрбиеші мен ата-ана байланысының тиімділігі бар ма?
4) Психогимнастикалық жаттығу
Барлығымыз шеңберге тұрамыз. Көзімізді жұмамыз да, төмендегі көріністі елестетеміз.
Жазғы мезгіл. Айнала жап-жасыл. Құлпырған гүлдер. Біз бәріміз серуенге шықтық. Аспан шайдай ашық, күн жарқырап тұр. Бір-біріміздің жауырымызды жайлап сипаймыз, арқамызға шеңбер жасап жүргіземіз. Кенет күн бұлттанып, дауыл көтерілді. Жаңбыр жауа бастады, үдей түсті, арты бұршаққа ұласты. Сәлден соң бұлт тарап, қайтадан күн шықты, аспан ашыла бастады. Біз бір-бірімізбен қоштасып, орындарымызға жайғасамыз.
5) Қызықты сұрақтар
Бұл бөлім ата-ананың баласын қаншалықты жақсы танитынын анықтауға көмектеседі.
- 1 Балаңыздың сүйікті түсі қандай?
- 2 Тәрбиешілерінің толық аты-жөні қандай?
- 3 Балаңыздың сүйікті мультфильмі қандай?
- 4 Қандай жануарды жақсы көреді?
- 5 Балаңызды қалай еркелетесіз?
- 6 Балаңыздың хоббиі туралы не білесіз?
6) Ойын: «Жұбыңды тап»
Мақсаты
Сөзсіз қарым-қатынас жасауға, ауызбіршілікке және бірлесіп әрекет етуге баулу.
Өту тәртібі
Қатысушыларға бүктелген қағаз таратылады. Әр қағазда жануардың атауы жазылады (бір атау екі рет қайталанады). Қатысушы сол жануардың қимылын сөзсіз көрсетіп, өз жұбын табуы керек.
7) «Жіп торы»
Мақсаты
Ынтымақтастыққа, бірлікке және ортақ іске жұмыла білуге шақыру.
Мағынасы
«Ала жіптен аттамайық» деген ниет: осы жіптей берік болып, сөзіміз бен ісіміз бір жерден түйіссін дегенді білдіреді.
Ұйымдастырушы ала жіптің бір ұшын ұстап тұрып, қарсы тұрған қатысушыға тілегін айтып, жіпті лақтырады. Жіпті ұстаған адам келесі қатысушыға өз тілегін айтып лақтырады. Осылайша «тілек торы» құралады.
Мысал тілек
Ынтымағымыз берік болып, деніміз сау болсын!
8) Қорытынды
Бала — болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек, келешегіміз де солай қалыптасады. Бүгінгі ұрпақты білімді, мәдениетті, тәрбиелі, әдепті, кішіпейіл әрі қарапайым етіп өсіру — өз қолымызда.
Ұлт тәрбиесі — ұлт болашағы. Егемен еліміздің ертеңі жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне байланысты. Денсаулығы мықты, білімді азамат өсіру үшін балабақша мен ата-ана ынтымақтаса әрекет етуі қажет. Кейін өкініп қалмас үшін, баланы кішкентайынан дұрыс бағыттап, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн.
Бала бақытының кепілі — ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Ал тәрбиеші мен ата-ананың психологиялық үйлесімділігі — бақытты өмірге бастайтын ізгі жол.