Ақсүйектер басшысы
Ғылыми-тәжірибелік конференция туралы
Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде әдіскер Дүйсекова Гүлнар Ертішқызының ұйымдастыруымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның тақырыбы — «Өшпес тарих тағылымы».
Мақсаты
- Қазақстан тарихы бойынша білім алушылардың теориялық білім деңгейін арттыру, әдеби шығармашылық қабілетін дамыту, көркемсөз оқу шеберлігі мен тіл мәдениетін жетілдіру.
- Патриоттық сезімді қалыптастыру, ел тарихы мен әдебиеті бойынша шығармашылық әлеуетті айқындау, зерттеушілік және жобалау іс-әрекеттерін дамыту.
- Тәуелсіз Қазақстан тарихын тереңдете оқыту.
Көрнекілігі
Конференция барысында Қазақ хандығы туралы бейнежазба, слайдтар, проектор, компьютер, үнтаспа, кітаптар, сондай-ақ қолөнер көрмесі қолданылды.
Конференция барысы
Сахна сыртында қобыздың күңіренген үні естіліп тұрады. Экранда бейнематериал қосылады: аттың дүбірі, киіз үй көрінісі. Сахна сыртынан жазылған дауыс мәтінді оқиды.
Поэтикалық кіріспе
Біз қазақпыз!
Ежелден-ақ қазақ болып аталған,
Қатал болды әр күн, әр түн, атар таң.
Күйдірсе де ызғарлы аяз, жалынды от,
Ел боп келдік, қалып қоймай қатардан.
Керегімді алу үшін жаһаннан,
Бейімделдім заманыма жаңарған.
Садақ тартып, оқ жонуды үйреніп,
Тәрбие алдым тәлімі мол бабамнан.
Экрандағы көрініс
Экранда киіз үйдің бейнесі көрсетіліп, «Сұлтандар кеңесі» деген жазу шығады.
1-жүргізуші (сахна сыртындағы дауыс)
Қазақ жеріндегі саяси бытыраңқылық, әсіресе Әбілқайырдың билігі тұсында, шарықтау шегіне жетті. 1456 жылы Алтын Ордадан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа қоныстанып, қазақтың туын көкке көтергені тарихтан мәлім.
Сахналық әрекет
«Сұлтандар кеңесі» көрінісінде Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан өзара кеңес құрады. Сол сәтте үйге бір топ ақсүйек кіреді.
Көрініс: «Сұлтандар кеңесі» (диалог)
Ақсүйектер
— Ассалаумағалейкум, ағалар.
Керей мен Жәнібек
— Уағалейкумассалам, төрлетіңіздер.
Ақсүйектер басшысы
— Біз маңызды мәселемен келіп тұрмыз. Елді берекесіздік жайлады. Хан соғысты үдетіп, салықты көбейтті. Әскери дайындықсыз, батырларды құдалау негізіндегі әрекеттер салдарынан ойраттардан жеңілгені өздеріңізге мәлім. Бөлінетін кез келмеді ме?
Жәнібек
— Иә, сөздеріңіз рас. Ханның қаһарына жергілікті сұлтандар да, қарапайым халық та ілігіп отыр. Өз алдымызға ел болатын күн келді.
Керей
— Бар қазақты біріктіретін уақыт келгенін халық та түсінді. Соңымыздан ереді деп сенемін.
Жәнібек
— Елдігімізді сақтау үшін туған жерден жырақтауға тура келеді. Моғол ханы Есенбұға туысымыз дулаттардың көмегімен хан тағына отырды. Алайда бауыры Жүніс Темір әулетімен одақтасып, ағасына қарсы шығуда. Есенбұға інісіне қарсы одақтас іздейді. Сол жаққа жол тартсақ қайтеді?
Керей
— Иә, көшсек көшейік. Сол жаққа барып, Ұлы жүзбен бірігейік.
Сұлтандар
— Біз дайынбыз. Көшті бастаңыздар. Біз сіздермен біргеміз.
Осы көрініс арқылы білім алушылар тарихи кезеңнің күрделі саяси ахуалын, ел бірлігі мен тәуелсіздік идеясының маңызын сахналық тілмен жеткізді.