Суреттегі бос тор көздерге Ана деген кім
Жүрек жылуы
Мақсаты
Балалардың бойындағы адамгершілік, қайырымдылық, сүйіспеншілік, ізгілік, инабаттылық, ақылдылық және әдептілік сияқты қасиеттерді ояту.
Міндеттері
- Жақсы тілек, ізеттілік және ізгілік туралы түсініктерін қалыптастыру.
- Қайырымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
- Мейірімділікке және ізгілікке тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
- Жауқазын гүлдері
- Жүрекше макеті
- Видеосюжет
- Проектор
- Слайд
- Бейджиктер
- Баяу музыка
Шаттық шеңбері
Сәлеметсіздер ме, менің қымбатты достарым! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын.
Бүгінгі сабағымыз «Жүрек жылуы» деп аталады. Ендеше, шаттық шеңберіне тұрайық.
Балалар, қолдарыңды жүрек тұсына бір сәт қойып, дүрсілін тыңдап көріңдерші. Сендердің жүректерің мейірімге, қайырымдылыққа, махаббатқа және жылы сезімге толы.
Адам бойындағы жылу мен мейірім жүректен бастау алады. Енді сол жүректен алған жылуымызды айналамызға шашып, бөлісейік.
Әңгімелесу: мейірім қайдан басталады?
Сұрақтар
- Табиғатқа қамқорлық жасаған кездерің болды ма?
- Үлкендерге қандай көмек көрсеттіңдер?
- Мейірімділік дегенді қалай түсінесіңдер?
Жаңа ақпарат
Мейірімді адам өзге адамдарға, туған-туысқа және табиғатқа жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетуге әрдайым дайын болады.
Адамдар бір-біріне жылы сезім білдіріп, тек жақсылық ойлап, игілік жасаған кезде мейірімділік көрініс табады.
Ойын-жаттығу: «Көмек»
Балапандарынан адасып қалған тауыққа көмектесу үшін балапандар суретінің артқы бетіндегі сұрақтарға жауап беріледі. Әр жауап — бір қадам жақсылыққа.
Жағдаяттық тапсырмалар
Сен досыңмен көлге шомылуға бардың. Кенет досыңның «Құтқар!» деген даусын естідің. Сен не істер едің?
Сен жолда келе жатырсың. Шұңқырға түсіп кеткен балапанды көрдің. Балапан шиқ-шиқ етіп шығуға әрекет жасайды, бірақ шамасы келмейді. Осы жағдайда сен қандай әрекет істер едің?
Әр адамның жүрегі мейірімді және қайырымды болуы үшін не істеу керек?
Дәйексөз
«Табиғаттағы барлық жылу — күннен, өмірдегі барлық жылу — адамнан».
Мәтінмен жұмыс
Балаларды табиғатқа қамқорлық жасауға жетелеу мақсатында мұғалім З. Мейірхановтың «Маржан мен жауқазын» әңгімесін оқып береді. Одан кейін балалар сұрақтар бойынша өз ойларын айтады.
Талқылау сұрақтары
- Маржан жауқазынға қандай жақсылық жасады?
- Маржанға баға бер.
Негізгі ой
Табиғатқа жанашырлық — адам жүрегіндегі жылудың айғағы. Кішкентай қамқорлықтың өзі үлкен мейірімге айналады.
Шығармашылық жұмыс: «Жақсылық тамшысы»
Оқушылар санына қарай алдын ала тамшы пішінінде қиылған қағаздар таратылады. Әр бала тамшыға өзі жасаған жақсы істерін жазады. Кейін тамшылар тақтаға ілініп, әр оқушы өз ісін жария етеді.
Әрқайсыңның тамшыдай жасаған жақсылықтарың қосылса, үлкен дарияға айналады. Жүрек жақсылыққа толы болса, жер бетінде бейбітшілік орнап, адамдар бақытты өмір сүреді.
Білімді нақтылау тапсырмасы
Оқушылар оқулықтағы суреттерге қарап, берілген жағдайларда қандай жақсылық жасауға болатынын әңгімелейді. Жауаптар тыңдалып, ортақ қорытынды жасалады.
Қорытынды ой
Жүрегінде жылуы бар адам көмекке мұқтаж жандарға, жан-жануарларға және табиғатқа қамқорлық жасайды.
Есте сақтайық
Жақсылық жасау — адам жүрегіндегі ең асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға және қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұрады.
Тыныштық сәті
Балалар, ыңғайланып отырып, терең тыныс алыңдар да, көздеріңді жұмыңдар. Енді көз алдарыңа төмендегі көріністерді елестетіңдер:
- Ашық аспан, қалықтаған құс.
- Жайқалған қызыл-сары гүлдер мен жайнаған бақ.
- Бар жылуын шашқан жарқыраған күн.
- Биіктігі көк тіреген ғимараттар.
- Күн шуағына бөленген бақытты балалар.
- Балалардың қуанышына мәз болған аналар.
- Оқушылардың жетістігін мақтан тұтқан ұстаздар.
- Немерелерінің ақылдылығына риза болған әжелер.
Тұла бойы жақсылыққа, махаббатқа және қуанышқа толған жандарды көріп, сол әсермен көзімізді ашамыз.
Дәптермен жұмыс
Тапсырма
Суреттегі бос торкөздерге «Ана деген кім?» сұрағына жауаптарыңды жазыңдар. Орындап болған соң, жауаптарыңды жария етіңдер.
Түйін
Адамның әдептілігі мен жан дүниесінің жылулығы ең алдымен ақ сүт беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Ананың нәзік үні мен аялы алақаны жан жылуымен әлдилеп, жұбатып, көңілді сергітеді.
Құттықтау
Құрметті ұстаз-аналар, алда келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! Оқушылар жауқазын гүлін ұстаздарға сыйлайды.
Жүректен жүрекке
Жүрегімізді жақсы тілекке толтырайық: әр оқушы жүрекше қағазға ізгі тілегін жазып, оны үлкен жүрекке іледі.
Қайырымдылық туралы ой
Елімізде қайырымдылық негізінде құрылған «Бөбек» қоры бар. Қордың президенті Сара Алпысқызы Назарбаева көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, аялы алақанын ұсынып келеді. Бұл туралы мәлімет оқушыларға слайд арқылы көрсетіледі.