Балалар әдебиетінің бәйтерегі

Әдеби кеш туралы мәлімет

Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қонаев ауылы, Төле би атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мақашева Нұрзия Сағындыққызы ұсынған әдеби кештің тақырыбы: «Балалар әдебиетінің бәйтерегі. Бердібек Соқпақбаевтың туғанына — 90 жыл».

Түрі

Әдеби кеш.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • «Менің атым — Қожа» фильм таспасы
  • Фильмнен алынған суреттер

Мақсаты

  1. 1 Оқушыларды жазушының өмірі мен шығармашылығымен таныстырып, әлемге танылған әйгілі туындысы туралы білімдерін толықтыру.
  2. 2 Ой-өрісін кеңейтіп, қызығушылығын ояту және сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
  3. 3 Тәртіптілікке, адамгершілікке тәрбиелеу және көркем шығармаларды оқуға ынтасын арттыру.

Алғы сөз

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер!

Бүгінгі кештің негізгі мақсаты — оқушыларды жазушының өмірі мен шығармашылығымен таныстырып, әлемге танылған әйгілі туындысы туралы білімдерін толықтыру.

Балаларға арнап шығарма жазу — кішкентай оқырманның жүрегіне жол табуды талап ететін, ерекше дарын мен жауапкершілігі мол өнер. Қазақ балалар әдебиетінде Ыбырай Алтынсариннен бастап, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин секілді қаламгерлердің еңбегі айрықша. Солардың ішінде шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі — Бердібек Соқпақбаев.

Жазушының шығармаларын оқыған бала оның өмір жолына да үңіледі. Өйткені көптеген туындыларындағы басты кейіпкер — автордың өзі. Балалық шағына деген сағынышын ол шығармаларына өзек еткен.

«Бәйтерек» өлеңі

А. Зүбайділдә

Бала шақты кестелеген тілі нық,

Бір болса егер — осы болар ірілік:

Ұландары отызыншы жылдардың

Қайта келер көз алдыңа тіріліп.

Бастан кешкен шындық шымыр екшеліп,

Кітап болып бізге жетті естелік.

Чемпионнан Бекең өзі баптаған

Талай мықты жатты құлап, сескеніп.

Аспантаудан ақ бұлақтар атқылап,

Экранда — туған өлке, бақ, қырат...

Қолын бұлғап Жанар, Жантас, Сұлтанға

Келеді әне Қара Қожа шапқылап!

Кейіпкермен бірге тұрып, жүресің,

Бірге жасап, бірге жылап, күлесің.

Сөз қадірін білген шебер екен! — деп,

Өз қадірін Бекеңнің де білесің.

Ту етіпті тектілікті бұл ағай,

Пір еткені қара шалың — Ұлы Абай!

Тік қалпында мәңгі жасай береді

Бәйтерегі Берді-ағаның құламай!

Жазушының балалық шағы

Бердібек Соқпақбаевтың балалық шағы ауыр жағдайда өтті. Жоқшылық пен жетімдік секілді қиындықтарды бастан кешірген. Осы тақырыпты аша түсетін «Сен білесің бе?» атты шағын анимациялық фильм ұсынылады.

Жазушының балалық шағы туралы бастапқы деректермен танысқаннан кейін, оның өмірі мен шығармашылығы жөніндегі баяндама тыңдалады.

Өмірбаян және шығармашылық жолы

Баяндамашы: Д. Туғанбаев

Негізгі деректер

  • 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысы Нарынқол ауылында дүниеге келген.
  • Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты тәмамдаған.
  • Ауыл мектебінде ұстаздық еткен.
  • «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған.
  • Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.

Шығармашылық қоржыны

  • Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» жыр жинағын шығарған.
  • Балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман жазған.
  • «Менің атым — Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар» сияқты туындылары кең тараған.
  • Шығармалары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық әрі экрандық нұсқаға айналған.

Қоғамдық мойындау

1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивалінде «Менің атым — Қожа» фильмі (Б. Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.

Жазушы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Шығармаларының көркемдік әлемі

Балалардың бал мінезін, ішкі дүниесін нәзік сезіне білген қаламгер әрбір шығармасында өзі туып-өскен Нарынқолдың таулы өңір табиғатын жанды суретпен, үлкен шеберлікпен жеткізеді.

Оның әңгіме, повесть, романдары мен пьесалары балғын шаққа батыл саяхат жасатады: бірде таңдандырып, бірде тамсандырып, бал дәуреннің әсерін бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялмен өмірдің өз болмысын толғайды.

Оқыған сайын еріксіз езу тартқызып, кейде күрсіндіріп, терең ойға жетелейді. Кейіпкерлері — Беркін, Қожа сияқты бейнелер — оқырман жадында күнде көріп жүрген таныс адамдардай болып сақталып қалады.