Ананың махаббатын аялауға, ана мейрамын бағалауға тәрбиелеу
Тәрбие сағаты туралы мәлімет
Мұғалім
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара ауылы, №182 мектептің тарих пәні мұғалімі Жәнділов Жасұлан Темірбекұлы.
Тақырыбы
«Сыйынар ем ана деген тәңірге»
Сабақтың типі
Шығармашылық-ізденіс сабағы.
Сабақтың түрі
Кездесу сабағы.
Мақсаты (білімділік)
- 8 наурыз — Аналар мерекесі туралы мағлұмат беру.
- Наурыз айының ерекшеліктерімен таныстыру.
- Ананың қадір-қасиеті туралы түсінік қалыптастыру.
Мақсаты (дамытушылық)
- Ой-өрісін, танымын дамыту.
- Анаға деген сүйіспеншілік пен құрметті тереңдету.
Мақсаты (тәрбиелік)
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу.
- Ананың мейірімін аялауға, мерекенің мәнін бағалауға үйрету.
Көрнекіліктер
Буклеттер, плакаттар, кеспе қағаздар, нақыл сөздер, тарихтағы аналарға қатысты суреттер.
Әдістер
Түсіндіру, баяндау, әңгімелесу, сұрақ-жауап.
Сабақтың барысы
I кезең — Ұйымдастыру
Мұғалім: Қадірменді ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі жиынымыздың себебі — алда келе жатқан көктемнің шуақты мейрамы, Халықаралық әйелдер күні — 8 наурыз. Сондықтан алғашқы сөзіміз — қасиетті Ана туралы.
Абзал аналар, апа-қарындастар, ару қыздар! Аймақты нұрға бөлеп, жылы леппен аялап, өңірімізге көгілдір көктем келді. Халық бұл күнді асыға күтеді. Өйткені көктем — жаңарудың басы, тіршіліктің қайта түлейтін шағы. Табиғат ананың мерейлі мезгілінің аналар мерекесімен қатар келуінде терең мән бар.
Халқымыз: «Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» — дейді. Ана — тіршіліктің алтын арқауы.
Сіздерді көктем мерекесімен, аналар мерекесімен — ізгілік, сұлулық, махаббат мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ана туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз-әңгімелер жеткілікті. «Жәннат — ананың табанының астында» деген хадистің астарында теңіздей терең мағына жатыр.
Халқымыз: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» — дейді. Шындығында әйелдер қауымынсыз бұл әлемді елестету мүмкін емес.
Құдайдан кейінгі құдірет иесі — ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған Ана алдында бәріміз де бас иеміз. Бүгінде ұрпақ тәрбиесімен қатар ел еңсесін көтеруге үлес қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке де лайық. Халқымыз нәзік жанды әйел затын қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі деп таныған.
Ұлт басына күн туған замандарда ер азаматтың жігерін жанып, жүрегіне от берген де — әйелдер, қаһарман қазақ қыздары. Тарихқа үңілсек, аналар ауыртпалықтың бәрін халқымен бірге көтерген: жаугершілікте ерлермен қатар атқа қонып, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қызын даналыққа, ізетке, ілтипатқа баулыған.
Тарих пен тағылым: аналар бейнесі
Халық эпосындағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым; бергі дәуірдегі Домалақ ана мен Айша бибі; ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан; қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан — аналарымыздың шоқ жұлдыздай шоғыры.
1986 жылғы Желтоқсанның қақаған ызғарында да әділдік үшін тайсалмай шыққан жастардың арасында қайсар қазақ қыздарының орны бөлек. Бұл — аналардың рухы мен ұлт намысының айғағы.
Ел тәуелсіздігін нығайтып, шаңырағын биік көтеруге әйелдер мен аналардың қосқан үлесі орасан. Осы орайда ауылымыздың «Батыр анасы» атанған қадірлі қонағымыз Нұрғожаева Рая анамызға сөз беріледі.
Мұғалім: Рахмет! Сізге арнап «Анашым» әні орындалады.
Ән мен жыр — анаға тағзым
Мұғалім: Міне, аналар мерекесі де күлімдеп көктеммен бірге келіп жетті. Жер бетіндегі ең қымбат жан — ол ана. Ананың орнын ешкім баса алмайды. Анаға ән арнамаған әнші де, күй арнамаған күйші де жоқ шығар.
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап, Ана дейді жас сәби де жарқылдап. Ана деген — бәйтерегі өмірдің, Ана деген — алтын қазық, алтын бақ! О, аналар, осындайсың бәрің де, Осындайсың жасыңда да, кәріңде. Сыйынатын осы өмірде құдірет — Сыйынар ем ана деген тәңірге.
Мұғалім: Осы әсерлі жолдарды айта отырып, бәрімізге бастауышта «А» дегенде «ана» деп үйреткен ұстазымыз Смайылова Ләззат апайға сөз береміз.
Мұғалім: Рахмет! Ендігі кезекте «Анаға сәлем» әнін қабыл алыңыздар.
Пейілі кең, сезімі терең көлден, Ананы кем көрмеймін кемеңгерден. Жақсылықты анадан бастаудың да Тәжірибесі қазақта дәлелденген. Абай оқу бітіріп келген кезде, Әуелі анасына сәлем берген. Өміріміз соларға ұқсаса егер, Өнегеміз озады бар елдерден.
Мұғалім: Ендеше мерекелік кешімізді балалардың аналарға арнаған өлеңдерімен жалғастырайық.
Оқушылардың арнау өлеңдері
1-оқушы
О, анашым, таянышым, тірегім, Бар бақытты бір басыңа тіледім. «Мен жақсы болсам екен» деп қашанда Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің. Туған жердің жайнап тұрған даламның Өзіңе деп гүлін үзіп алармын. Жүрек сырын өзіңе арнап жинадым, Міне, гүлім! Мен де гүлдей балаңмын.
2-оқушы
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым, Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың. Өміріме нәрін берді ақ сүтің, Кең құшағың аясындай гүл бақтың. Ер жеткізіп елге берген баласын, Ақылдысың, ардақтысың, данасың! Қарайтыным қас-қабағың бір сенің, Қайратыңнан қайта көрме, анашым!
3-оқушы
Аналар, ақ пейілін жайғандарым, Сіздер — менің ең сыйлы меймандарым. Арыстай талай перзент тудыңыздар, Алаштың асқақтатқан айбарларын. «Алдымен жақсылық ет анаңа» деп, Хадисте текке айтпапты Пайғамбарым. Сіздердің арқаларыңызда еркектер жүр, Сипатып ескен желге айдарларын.
4-оқушы
Жарық дүние сыйға тартқан сәбиге, Мол бақытқа бөленеді ана әрине. Адамзатқа бұл өмірді сыйлаған, Ана сөзі — ұлы, мәңгі фәниде. Жас өмірін құрбан қылып бала үшін, Барынан да артық көрген баласын. Бұл өмірде сыйлап өтем мәңгілік, Қартаймаңдар, қасиетті аналар!
5-оқушы
Бұл жерде таппай тұрмын тіпті байыз. Бар дейсің бұл күндері тіп-тік қайғы-ыз. Наурызда аналарға сый ұсынып, Жылына бір-ақ рет құттықтаймыз. Аналарға күн сайын алғыс айтпай, Олардың жағдайынан түк те ұқпаймыз. Аналарды ардақтап өту керек, Егер де өссін десек ұлттық пайыз.
Мұғалім: Рахмет! Ендігі кезекте поэзиялық тарту — «Ана! Сен бақыттысың!» (М. Мақатаев).
Назерке оқиды
Ана, Сен бақыттысың, жыламағын! Жай түсіп жатқанда да құламадың. Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның, Сондықтан жыламағын, жыламағын! Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын, Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын. Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын, Байырғы берекеңді қашырмағын. Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа, Өзім кепіл: тот басып, тозбасыма. Екі жыр жазсам саған, бірін арнап, «Ана» деп жаздым ылғи сөз басына. (Тәңірім кеше көрсін кесірімді!) Аспанға жазсам сенің есіміңді! Ана, Сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігімді…
— М. Мақатаев
Қорытынды
Мұғалім: «Сыйынар ем ана деген тәңірге» тақырыбындағы тәрбие сағатымыз мәресіне жетті. Бүгін бізге қонақ болған аналарға алғыс айтамыз. Ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңіздің қызығына тоймай, мерекеден мерекеге аман-есен, дендеріңіз сау болып жете беріңіздер!
Қызықты әңгімелеріңізге үлкен рақмет!
Ана туралы нақыл сөздер
- «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің».
- «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада».
- «Ата — асқар тау, ана — етегіндегі бұлақ, бала — жағасындағы құрақ».
- «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызыңнан құтылмассың».
- «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер».
- «Ана аяғының астында жұмақ жатыр».
- «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер».
- «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды».
- «Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без; шешесі тұрып, қызы сөйлегеннен без».
- «Баласы атқа мінсе, үйде отырған шешесі тақымын қысады».
Ой-толғам: ұлы тұлғалардың пікірі
К. Д. Ушинский
«Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылысы қанында бар және оған осыған сай қабілет те берілген».
Б. Г. Белинский
«Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді».
В. Гюго
«Нәзіктік атаулының жиынтығы — ананың алақаны; сондықтан да ол сәби үшін ең жылы ұя».
О. Бальзак
«Ана көрегендігінің теңдесі жоқ».