СТУДЕНТТІМІЗ Қыздарға кеңес

Сабақтың тақырыбы: «Қыздарға әсемдік жарасады»

Бұл ашық тәрбие сағаты қыз баланың бойындағы әдеп, инабат, ұлттық құндылық және әсемдік ұғымдарын тереңдетіп, анаға құрмет пен қызға ізетті қарым-қатынасты дәріптеуге бағытталады.

Мақсат

А) Білімділік

Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қыз баланың бойына сіңіре отырып, сыпайылыққа баулу; достық қарым-қатынасты қалыптастыру; талғаммен киінуді, қыздарды сыйлауды, әсемдік пен сұлулыққа құштарлықты арттыру.

Ә) Тәрбиелік

Ұлттық өнер мен дәстүрді қадірлеуге үйрету; оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту; көпшілік алдында өзін ұстай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.

Б) Дамытушылық

Шығармашылық ойды, тіл байлығын, сөздік қорды дамыту; аналарға және қарындастарға деген сүйіспеншілік пен құрметті нығайту.

Көрнекіліктер

  • Баяндама
  • Презентация
  • Плакат
  • Шар
  • Қанатты сөздер

Жоспар

  1. Ұлылардан қалған ұлы сөздер
  2. Қыздарға арналған өлеңдер
  3. Би
  4. Қыздарға арналған мақал-мәтелдер
  5. Ойланайық, пікірлесейік
  6. Ән
  7. Қолдан жасалған бұйымдар
  8. Аналарға арналған өлеңдер
  9. Қорытынды

Сабақтың барысы

Рәсім

Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Ана, ана, ана!» — үш әріптен құралған осы қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр. Бар мейірім мен шапағаттың бастауы — ана жүрегі. Бұл өмірде ана сезімін қадірлемейтін жан бар ма?

Жақсылық атаулының барлығы да ананың ақ сүтінен таралған. Сондықтан құрметті асыл аналар, қадірлі апайлар, қызғалдақтай қыздар — бүгінгі «Қыздарға әсемдік жарасады» атты ашық тәрбие сағатымыз сіздердің құрметтеріңізге арналады.

Ақын боп әділдікті жақтап өтем,
Ананың ақ үмітін ақтап өтем.
Әдеп пен инабатты ақтап өтем,
Қазақтың аруларын мақтап өтем.

Алдымыздағы 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Тәрбие өзегі: қызға құрмет — елдік өлшем

Қыз баланың нәзік те байсалды, сабырлы да төзімді болуы — алған тәрбиесіне байланысты. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемеу, ізетті болу, сый-сияпаттың жақсысын ұсыну — ежелден келе жатқан дәстүр.

Қыз емес, қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.

Ұлылардан қалған ұлы сөздер

Асылдарға ой керек, бозбалаға той керек, сұлу қызға бой керек.
Шернияз
Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үлгі алмас.
Қорқыт
Әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла, және тағы анаңды сыйла!
Мұхаммед пайғамбар (хадис мағынасы)
Ана — бар тілегін перзентінің жолына, бақытына арнаған әлемдегі ең мейірбан жан.
Ғабит Мүсірепов
Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді.
В. Г. Белинский
Нәзіктік атаулының жиынтығы — ананың алақаны; сәби үшін ол — ең жылы ұя.
Виктор Гюго
Ана көрегендігінің теңдесі жоқ.
О. Бальзак

Баяндама: «Қыз өссе — елдің көркі»

Өлең: қыздың көркі — білім мен мінезде

Қыз сұлу көрінеді білімімен,
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы —
Қыз сұлу көрінеді білімімен.

Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Ай қабақ, қиғаш қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай,
Он бес пен он сегізде жасыменен.

Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізіліп сөз маржанын тергенімен.
Майыса бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.

Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Құлпырды Қазақстан арулары —
Өткендей сұлулықтың елегінен.

Өлең: «Қыздарға»

Өмір қатал, көтермейді ойын-ды.
Ұқпайды да кейде ізгі ойың-ды.
Тағдыр жолын жіңішкелеу өмірде,
Жаман аттан аулақ ұста бойың-ды.

Қыз ғұмырың үлпілдеген гүліңмен,
Тербетілген ақ самалмен, күніңмен.
Абайлап жүр: ерте үзуге тым ғұмыр,
Қадіріңді білмеген тасбауырдың тілінен.

Кір келтірме қыз атыңа, арыңа,
Шалыс басып, түсіп кетпе жалынға.
Төтеп берсін дауылдарға желкенің,
Күндей нұрлы болу үшін ертеңің.

Өлең: «Қарындас» (О. Әубәкіров)

Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Мәуелі гүлдеп тұрған бағымдайсың.
Еркелеп «аға» деген назың қандай —
Кетпейтін таңдайымнан балымдайсың.

Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Іздесем, сағынғанда табылмайсың.
Алдымнан айдай болып шықсаң-дағы,
Мен үшін қол жетпейтін сағымдайсың.

Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Арайлы алаулаған таңымдайсың.
Өзіңдей ақылдыны ұнататын —
Кішкентай кеудемдегі жанымдайсың.

Қыздарға кеңес

  • Өнегеге елікте: мода қуып, орынсыз бояну көрік емес; көрікті арттыратын — білім мен мінез.
  • Зиянды әдеттен аулақ бол: арақ пен темекі — өмірге де, абыройға да қауіп.
  • Ортаңды таңда: орынсыз отырыс пен күмәнді әдет өкінішке апарады.
  • Ар мен абыройды сақта: қыз атына кір келтірме — әдеп өмірдің өзегінен басталады.
  • Ақыл мен парасатты өсір: дұрыс пен бұрысты айыра білу — үлкен мәдениет.

Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. Қызыл гүл, қарақат көз, қиғаш қас, алма мойын — мұның бәрі қазақтың әсем қыздарына арналған теңеулер.

Әуезі ән, жаны раушан, күй жүрегі… Қыздарымыз мың бұрала билесе, әсемдікке деген іңкәр сезім оянып, көңіл нұрланады.

Мақал-мәтелдер: қыз, бойжеткен, әйел туралы

Сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу.
Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда.
Қызға қырық үйден тыйым.
Анасын көріп қызын ал, ыдысын көріп асын іш.
Қызы бардың — назы бар.
Қыздың қабағында құт бар.
Қыздың құны — қырық жеті.
Қыз бала — кісінің кісісі.
Қыз назы қырық кісіні мас қылады.

Әңгіме: «Сүйкімді дүниенің сұлулықта»

Ерте, ерте, ертеде үлкен бір шаһарда хан ұлына жар таңдамақ болады. «Кімде-кім өз парасаты мен ақылын менің алдымда көрсете алса, сол қызды сарайыма ханша етемін», — деп жар салады.

Жар салуды естіген қыздар жан-жақтан ағылып келеді: бірі қымбат әшекейімен, бірі сән-салтанатымен көз тартпақ болады. Бірақ хан алдында әркім сұлулығын көрсеткенімен, парасатын көрсете алмайды. Сұлулық пен парасаттың байланысына үңілгендер де аз болады.

Күндердің күнінде ханның баласы ел аралауға шығып, бір жұпыны үйдің маңынан өтеді. Сол жерде ол сұлулығы көзді алдамаса да, сүйкімі мен инабаты жарасқан бір қызды көреді. Қыз маңына жиналған кішкентай қыздарға кесте тігуді үйретіп отыр екен.

Жігіт таңырқап сұрайды, ал қыз әдеппен амандасып, үйіне кіргізіп, салқын сусын ұсынады. Сосын шәкірттеріне өнер үйретуді жаны сүйетінін мақтанышпен айтады. Қыздың сыңғырлаған үні, ұяңдығы, сыпайылығы мен мәдениеті жігіттің жүрегін баурайды.

Жігіт әкесіне сөз салып, қызды айттырып алады. Қызды бүкіл ауыл қимастықпен шығарып салады. Қоштасарда ауылдың қариясы: «Сүйкімді дүниенің сұлулықта деуші еді. Біздің қызымыз жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүрген еді. Алтынымызды қадірлей біл», — деп батасын береді.

Ойланайық, пікірлесейік

  • Жігіт неліктен дәл осы қызды таңдады?
  • Әсемдіктің адам өміріндегі маңызы қаншалықты терең?
  • «Қыздарға әсемдік жарасады» дегенді қалай түсінесіз?
  • «Әдеп әріден басталады» деген ой нені меңзейді?
  • «Әдептілік» пен «әсемділік» ұғымдарының айырмашылығы неде?
  • Қазіргі қазақ қыздарының бойынан әдептілік пен әдемілікті көре аламыз ба?

Қыз бала — бойжеткен, келін, ана —
Бәрі де дер кезінде дара тұлға.
Ұрпағыңның ойласаң болашағын,
Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла.

Ән

Ән: «Бағала оны, бағала»

Орындайтын: «Мың бұралған арулар»

Қолдан жасалған бұйымдар

Қазақ қыздарының шеберлігі — сырмақ ойып, текемет жасап, киіз басқан өнердің жалғасы. «Шеше көрген тон пішер» деген сөз бекер емес: қыздарымыз да шебер қолдарын іске қосып, үй тапсырмасы ретінде өз қолдарынан жасаған бұйымдарын ұсынады.

Бұйымдар кезекпен көрсетіліп, әр қатысушы өз еңбегінің мәнін қысқаша таныстырады.

Аналарға арналған өлеңдер

Өлең: «Ана»

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейміз жас сәбиде жарқылдап.
Ана деген бәйтерегі өмірдің,
Ана деген алтын қазық, алтын бақ!

Осы орайда бізді бастауыш сыныпта «А — ана» деп үйреткен ұстазымыз Үсенова Баян апайға 8-сынып оқушылары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.

Төлеген Айбергенов: «Ана»

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдес жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Ана керек! О, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

Қорытынды

Әсемдік адам өмірінің сәні ғана емес, оның мәні де. Еңбек — адамды адам еткен болса, сұлулық — адам бойына қуаныш пен әсем сезім ұялатып, еңбекке деген талпынысты, құштарлықты оятады. Ол сұлу қимылдар мен әдемі әдеттерді қалыптастырады.

Әсемдікті табиғаттан үйренетініміз рас. Ал адам өмірін көркем ететін тағы бір ұлы күш — ол өнер.