Өлі табиғат және тірі табиғат
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылы • «Балауса» балабақшасы
Тәрбиеші: Капуова Гүлшат
Тақырып: Су – тіршілік көзі
Мақсаты
- Балаларға су туралы түсінік беру; судың адам, құс, жануар және өсімдік тіршілігіндегі маңызын түсіндіру.
- Судың табиғаттағы баға жетпес сый екенін ұғындыру; ұғымдарын қалыптастырып, дамыту.
- Судың қасиеттерін тәжірибе арқылы таныту.
- Қоршаған ортаны қорғауға, суды ластамауға, суды үнемдеуге және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті
Балалар жайғасып отырып, көздерін жұмады. Музыка ырғағымен табиғаттың сұлулығын көз алдына елестетіп, жан тыныштығын табады.
Көзімізді жұмамыз. Еркін отырамыз. Мен орманға бардым. Орманның табиғаты өте тамаша. Аспандағы күн денемізге шуағын шашып тұр. Күн мені жылытты. Күннен ләззат алдым. Орманның ауасы қандай таза! Таза ауасымен дем алдым. Айналамда сарқырап су ағып жатыр. Сумен бетім мен қолымды жудым. Таза суынан іштім.
Сұрақ-жауап арқылы әңгіме
Балалар, біз қай жыл мезгілімен қоштасып жатырмыз?
Күз мезгілімен.
Күз мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Ал енді қай жыл мезгілі келіп жатыр?
Қыс мезгілі.
Қыс мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Таңертең ұйқыдан тұрғанда кімді көресіңдер?
Әке, ана, ата, әже.
Далада, балабақшаға келе жатқанда нелерді көресіңдер?
Аспан, бұлт, машина, ит, ағаш, мысық, жер және т.б.
Табиғат туралы түсінік
Балалар, қалай ойлайсыңдар: күн, су, ауа керек пе? Иә, күн, су, ауа бізге қажет.
Осының барлығын бір сөзбен табиғат дейміз.
Өлі табиғат
Су, ауа, жер, күн, бұлт, құм, жаңбыр.
Тірі табиғат
Адамдар, құстар, өсімдіктер, гүлдер, жануарлар, балықтар.
Жұмбақ және ғажайып сәт
Жұмбақ
Аспан түстес сұйық,
Әркім ішер құйып.
Жауабы: су
Осы сәтте магнитофоннан жаңбыр тамшыларының тырсылы естіледі.
Балалар тыңдайды. Ғажайып сәт: бізге қонаққа Тамшы келді.
Балалар:
Сәлеметсіз бе, Тамшы!
Тамшы:
Сәлем, достар! Мен сендермен достасқым келеді. Сендер сияқты білім алып, оқығым келеді.
Тамшыны төрге шақырып, бүгін су әлеміне зерттеу жасайтынымыз айтылады. Тамшы да мұқият тыңдауға келіседі.
Слайдпен жұмыс: Су айналымы және судың маңызы
Су айналымы
Көп тамшыдан су жиналады. Су үнемі айналымда болады: жаңбыр болып жерге түседі, арық болып өзенге қосылады, күннің шуағымен буға айналып аспанға көтеріледі де, қайтадан жаңбыр болып жерге оралады.
Тұщы су және тұзды су
Жер бетінде су көп болғанымен, оның бәрі ішуге жарамды емес. Су тұщы және тұзды (ащы) болады. Біз ішу үшін тұщы суды пайдаланамыз.
Су – тіршілік көзі
- Тамақ дайындаймыз, шөлімізді басамыз.
- Егін суарамыз, өрт сөндіреміз.
- Жануарлар, балықтар, құстар да сусыз өмір сүре алмайды.
Неліктен суды үнемдеу керек?
Ғаламшарда су көп болғанымен, ауыз су оның шамамен 2,5%-ын ғана құрайды. Сондықтан ауыз су тапшы.
Тәрбиелік ой:
Суға қоқыс тастамау керек. Жазда теңізге шомылуға барғанда, өзімізден кейін қалған заттардың бәрін жинап алып кетеміз. Суды бекер төкпей, үнемдей білуіміз қажет.
Дана халқымыз: «Суды бекерге төкпе», «Судың да сұрауы бар» дейді.
Сергіту сәті
Балалар «Жау, жау жаңбыр» әнінің әуенімен би қимылдарын жасап, бой сергітеді.
Тәжірибе: Судың қасиеттері
Енді судың қасиеттерімен танысып, тәжірибе жасайық.
1) Су – мөлдір
Екі бала су мен сүтті салыстырады. Екі стаканға су мен сүт құйып, қасық салып көреді: суда қасық көрінеді, ал сүтте көмескіленеді.
2) Суда дәм жоқ
Балалар түтікше арқылы су ішіп, дәмін байқайды. Салыстыру үшін алма шырынын ішеді. Суға қант пен тұз қосып, дәмнің өзгеретінін аңғарады.
3) Су – түссіз
Стакандағы суға әртүрлі бояу қосып, судың түс алатынын бақылайды.
4) Судың иісі жоқ
Бір стаканда — таза су, екіншісінде — ванилин қосылған су. Балалар иіскеу арқылы судың өзіне тән иісі болмайтынын түсінеді.
5) Судың күйі: мұз
Тоңазытқыштан алынған мұзды бақылап, оның қатты күйдегі су екенін анықтайды.
6) Тұрақты пішіні болмайды
Суды тәрелкеге құйып, оның құйылған ыдысының пішінін қабылдайтынын көреді.
7) Бу — бұл да су
Қайнап тұрған судың үстіне әйнек ұстайды: әйнек бетінде тамшылар пайда болады. Осылайша будың да су екені дәлелденеді.
Қорытынды сұрақ:
Сонымен, судың қандай қасиеттері бар? (Балалардың жауаптары тыңдалады.)
Тамшы: «Менің қаншама қасиетім бар екен!»
Қимылды ойын: «Жел мен жаңбыр»
Ойын шарты
«Жел» дегенде балалар жүгіріп қозғалады, «Жаңбыр» дегенде қолшатырдың астына тығылады.
Шығармашылық жұмыс: «Жаңбыр»
Балалар көк бояуға саусақтарын батырып, «Жаңбыр» тақырыбында сурет салады.
Тамшы: «Балалар, сендерге көп рақмет! Менсіз табиғатта тіршілік жоқ екеніне көзім жетті. Сау болыңдар!»
Балалар қонақпен қоштасады. Тәрбиеші Тамшыға ризашылығын білдіріп, келесі кездескенше қош айтады.
Дидактикалық ойын: «Су кімдерге немесе нелерге қажет?»
Ойын шарты
Суды қажет ететін заттарды/тіршілік иелерін табу: гүл, балық, жануар, адам және т.б. (кітап, қалам сияқты заттардың суға мұқтаж еместігін ажырату).
Балалар ойынға белсене қатысады.
Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер
Балалар су туралы білетін нақыл сөздерін айтады.
1.
Судың да сұрауы бар.
2.
Су анасы — бұлақ, сөз анасы — құлақ.
3.
Сумен ойнама — батарсың, отпен ойнама — жанарсың.
4.
Сулы жер — нулы жер.
5.
Су — табиғаттың ажары, су — тазалықтың досы.
6.
Суды шашып ойнама.
Қорытындылау
Су қандай табиғатқа жатады?
Өлі табиғатқа жатады.
Бізге қонаққа кім келді?
Тамшы келді.
Адамдарға су не үшін керек?
Ішеміз, жуынамыз, ас әзірлейміз, кір жуамыз.
Өсімдіктер, жануарлар, балықтар сусыз өмір сүре ала ма?
Жоқ.
Судың иісі, дәмі, түсі бар ма?
Жоқ.
Адамдар қандай су ішеді: тұщы ма, ащы ма?
Тұщы су.
Ненің суретін салдық?
Жаңбырдың суретін.
Суды үнемдеу керек пе?
Иә.
Мадақтау
Балалар бүгінгі оқу іс-әрекетіне өте жақсы қатысты. Барлығыңа көп рақмет!
Соңында балалар келген қонақтармен қоштасады.