Сұрақ - жауап ойыны

Алматы облысы, Ескелді ауданы, Шымыр ауылы

М. Маметова атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Орынтаева Гульзайран Амангельдиновна 1 қыркүйек — Білім күніне арналған ашық тәрбие сағатын ұсынады.

Сабақтың тақырыбы

Менің Отаным — Қазақстан

Сабақтың мақсаты

Мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру; өркендеп келе жатқан Қазақстан Республикасының болашақ ту ұстар, елін-жерін қорғар азамат болып өсуіне ықпал ету. Ата Заң және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ (сұрақ-жауап, пікірталас).

Көрнекілігі

  • Н. Ә. Назарбаевтың суреті
  • Астана және Алматы қалаларының суреттері
  • Ел рәміздері
  • Тақырыптық суреттер, нақыл сөздер
  • Кітапшалар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Құрметті оқушылар мен қадірлі қонақтар! Бүгінгі «Менің Отаным — Қазақстан» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.

Егемендігі мен тәуелсіздігі бар жас мемлекетіміз үшін жаңа Конституцияны қабылдау оңай болған жоқ. Қазақстанда өндірістік қатынастардың жиынтығы болып табылатын экономикалық базиске сай құқықтық негіздерді қайта қалыптастыру қажет болды. Осылайша, 1993 жылғы 28 қаңтарда құқықтық базаның іргетасы болған тұңғыш Конституция қабылданды.

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Көз қуанып күн сайын көркеміне, Көңіліміз сенеді ертеңіне. Қазақстан — алып ел, төрі Астана, Таңым ғана лайық ел төріне.

2-оқушы

Отаным — Қазақстан, туған жерім, Мұнай мен газ — асыл кенім. Көркейтіп бір өзіңді келе жатқан, Артамыз Елбасына үлкен сенім.

3-оқушы

Мен қазақпын, ұланымын қазақтың, Тәуелсізбін, егеменмін, озатпын. Көк байрағым тұр көгімде желбіреп, Алатаудай көкке өрлеген азатпын.

4-оқушы

Желбірейді шалықтап Қазақстан жалауы, Көкте қыран қалықтап, Қанат қағып барады.

5-оқушы

Көк аспанда нұрлы күн Күлімдейді далама. Бақыт тілеп тұр бүгін Ол барлық пәк балаға.

6-оқушы

Ұлттық өрнек — мұрамыз, Адастырмас мұраттай. Нық көтеріп тұрамыз, Жалауды біз құлатпай!

7-оқушы

Бұлт баспасын күнімді, Тарылмасын өрісім. Биік ұстау Туымды — Қасиетті борышым.

II. Сұрақ-жауап ойыны

  1. Біздің мемлекетіміз қалай аталады?
  2. Қазақстан Республикасының астанасы қай қала?
  3. Қазақстан Республикасында қандай ұлт өкілдері тұрады?
  4. Біздің Елбасымыз кім?
  5. Мектепке не үшін келеміз?

III. Қорытынды: топпен жұмыс

1-топ

Қазақстан Республикасының өзен-көлдерін бейнелейді.

2-топ

Қазақстан Республикасының тауларын бейнелейді.

3-топ

Қазақстан Республикасының болашағын елестетіп, бейнелейді.

Достық бізге тым ыстық, бірлік — байлық, ырыс — құт.

Жарқырасын күніміз, жаса, жаса тыныштық!