Бақытты отбасы бейнероликті көрсету
Тәрбие сағатының тақырыбы
Отбасы – ақындар өлеңінде
Мақсаты: білімділік
Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті туралы түсінік қалыптастыру, бақытты жанұяның қандай болатынын кеңінен түсіндіру.
Мақсаты: дамытушылық
Отбасы тақырыбының, әсіресе ақындардың өлеңдерінде кең орын алатынын ұғындырып, оқушылардың бақытты жанұя құндылықтарына қызығушылығын арттыру.
Мақсаты: тәрбиелік
Жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу; үлкенді үлгі тұтып, кішіні мақтан етуге, отбасының бірлігін сақтап, жанұяның мақтаны болуға баулу.
Әдісі
Кеш
Көрнекілігі
Суреттер, бейнетаспа және басқа материалдар
Сабақ барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Оқушыларды отбасының бірлігін сақтауға, ата-ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «Отан – отбасынан басталады» атты тәрбиелік іс-шараға қош келдіңіздер!
- Отбасы — адамзат бесігін тербеткен ұя.
- Отбасы — үлгі-өнеге бастауы.
- Отбасы баланы жағымды қасиеттерге баулиды.
Отбасы — таным бесігі
Отбасы — адамзат бесігін тербеткен ұя. Баланың бас ұстазы — ата-ана. Олар балаға отбасылық өмірдің қыры мен сырын танытып, дүниенің сан алуан қырын түсіндіреді және жақсы қасиеттерге баулиды. Себебі отбасы — таным бесігі, отбасы — үлгі-өнеге бастауы.
Ата-ананың үйдегі қарым-қатынасы, киім киісі, мінез-құлқы — бәрі балаға үлгі. Халық даналығы да соны айтады: «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бала отбасында әкеден — ақыл, анадан — мейір алады.
Әке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ.
Осы үш ұғым отбасы ошағының үш тағаны іспетті. Бала тәрбиесі — бесіктен.
Сұрақ
Бақытты отбасы деген не? Осы сұраққа бірге жауап іздейік.
Тәрбиенің өзегі — күнделікті әрекет
Әрбір ата-ана баласына кішкентай кезінен еңбекпен тапқан нанның қадірін түсіндіріп, артық қылықты дер кезінде байқап, баланың бос уақытына мән беріп, әр жағдайды жылы сөзбен ұғындыруы қажет.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі — тәрбиелеушілік міндет. Оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді жүйесінің өзі толық алмастыра алмайды. Негізгі міндет — баланы өмірге әкелу ғана емес, оған әлеуметтік-мәдени орта құндылықтарын қабылдату, үлкен ұрпақтың тәлім-тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу және баланы қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру.
Балалардың үздіксіз дамуы мен шығармашылық қабілетін жүзеге асыруы отбасынан басталады. Әке-шеше баласына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапты.
Музыкалық нөмір
«Ару ана» әні — Комиссарова Сағыныштың орындауында.
Кітапқа сүйіспеншілік — отбасынан
«Білім мектептен басталады» деген көзқарас біржақты. Бұл үдеріс, ең алдымен, отбасынан басталуы керек. Кітапқа деген сүйіспеншілік, кітап оқу әдеті, оқудан алатын қанағат және кітапсыз өмір сүре алмауға баулу — шынайы отбасылық құндылық.
Ақпараттық технология дамып, интернет өмірімізде кең орын алған кезде «Мұның қажеті бар ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Алайда дамыған мемлекеттердің көбі балалардың кітап оқуға деген ынтасын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Өйткені оқырман орта — ойшыл, саналы орта.
Кітап оқудың нәтижесі
- Әлеуметтік құнды қасиеттерді дамытады.
- Жағдайды дұрыс бағалауға үйретеді.
- Жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды қалыптастырады.
- Еркін жазып, сөйлеп, ойды нақты тұжырымдауға көмектеседі.
Әдебиетке назар
Ендеше жазушыларымыз бен ақындарымыз қалдырған көркем әдебиетке көз жүгіртіп көрейік.
10 «В» сынып оқушылары ақындардың өлеңдерін оқиды.
Өлеңдер
«Анам маған: “Үлкенді сыйла”, — деген»
Анам маған: «Үлкенді сыйла», — деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра — ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп.
Адалдық — менің сәби Айбарым ғой,
Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.
М. Мақатаев
«Ақ мамам»
Еркелесем, күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім!» — дейтін.
Әлемдегі ақылды адам,
Бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе, мен де
Батырларша батылданам.
Жамандықтан сақтандырып,
Жақсы ісімді мақтан қылып,
Ақ мамамды мен әрқашан
Жүрсем деймін шаттандырып.
Ф. Оңғарсынова
Бұл өлеңдерді оқи отырып, отбасылық тәрбие туралы көптеген ой түюге болады.
Көрініс
Бүгін бізге қонаққа жігіттер келіп отыр. Олар сіздерге «Біртүрлі жанұя» атты көріністі ұсынбақ.
Сонымен бірге бала өзін ойландыратын мәселені ата-анасымен ақылдасып шешуі керек. Артық қылықтың ата-анаға әсер ететінін, ата-ананың баласына жамандық тілемейтінін ұмытпаған жөн.
Талқылау: «Бақытты жанұя» моделі
Іс-шарамыздың басында айтқанымыздай, бақытты жанұяның моделін құратын сәт те келді.
Сұрақ
Бақытты отбасы болудың негізгі шарттарына нені жатқызар едіңіздер?
Мектеп пен отбасының бірлігі
Қосымша айтарымыз: бала тәрбиесінде ата-ананың ғана емес, ұстаздардың да рөлі зор. Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаларыңыздың ұстаздарымен және мектеппен үнемі байланыста болуларыңызды сұраймыз. Сонда ғана балаңыз тәрбиелі әрі тәртіпті болып өседі.
Қорытынды
Бүгінгі тәрбиелік іс-шарамызды мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:
«Қайтсем ғана осыны адам етем?»
Басқалардың осындай балалары,
Тап осындай жаңғалақ, шала ма екен?
Ойын емес, оллаһи, біздікінің
Енжарлығы — елде жоқ — ала бөтен…
«Ата-ананың арманы»
Алматы қаласы, Алатау ауданы, №151 ЖББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Худайбердиева Зульфия Тохтарқызы.