Балаларды Қазақстан Республикасының рәміздерімен таныстыру
Сабақ туралы мәлімет
Өтетін орны
Қостанай облысы, Рудный қаласы, №13 балабақша
Мұғалім
Қазақ тілі мұғалімі: Ахтямова Жанат Уалиқызы
Сабақтың тақырыбы
«Менің елім — Қазақстан»
Сабақтың мақсаты
- Балаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен таныстыру.
- «Рәміз», «ту», «елтаңба», «әнұран» сөздерін үйретіп, тіл байлығын дамыту.
- Патриоттық сезімді оятып, Отанын және туған жерін сүюге тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекіліктер
- Қазақстан картасы
- Рәміздер суреттері
- Ел басшысының суреті
- Бейнежазба және аудиожазба
- Киіз үй жабдықтары
- Киіз үйдің макеті
Топты көркемдеу
1-кеңістік
Тақтаға Қазақстан картасы мен ел басшысының суреті ілінеді. Бейнежазба мен аудиожазба дайындалады.
2-кеңістік
Киіз үй бейнесі жасалып, жерге көрпеше төселеді. Ортаға дөңгелек үстел қойылады.
Бағыттау белгілері
Шкафтарға бағыттау белгісімен сандар жазылады:
- 1 саны бар шкафқа Ту жасырылды.
- 2 саны бар шкафқа Елтаңба қойылды.
- 3 саны бар шкафқа Әнұран жазылған диск жасырылды.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар шеңберге тұрады.
Өлең
Арайлап таң атты, Алтын сәуле таратты.
Мұғалім
Жарқылдайды күніміз, Жарқылдайды даламыз. Қайырлы таң, балалар!
Балалар
Армысыз, аспан ата, Армысыз, жер ана, Армысыз, алтын күн! Қайырлы таң! Қайырлы күн! Амансыздар ма? Сәлеметсіздер ме?
Кіріспе
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — «Менің елім — Қазақстан». Сабақ барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен танысамыз.
Өткенді қайталау (сұрақ-жауап)
- Біз қандай республикада тұрамыз? (Картадан көрсету.)
- Біз тұратын қала қалай аталады? (Картадан көрсету.)
- Республиканың астанасы қай қала? (Картадан көрсету.)
- Еліміздің ел басшысы кім? (Суретін көрсету.)
1-тапсырма: Ту (рәміз)
Балалар бөлмеге назар аударады: бөлме екі кеңістікке бөлінген. Шкафтардың үстінде бағыттау белгілері бар. Барлығымыз 1 саны бар шкафты тауып, ішін ашамыз. Ішінен Ту алынады.
Жаңа сөздер
Рәміз, ту
Туды сипаттау
- Тудың түсі — көгілдір. Бұл — ашық аспанның түсі.
- Ортасында күн бейнеленген: бейбітшіліктің белгісі.
- Күннің астында қыран құс: еркіндіктің, болашаққа самғаудың нышаны.
- Шетінде ою-өрнек: қазақ халқының өнері мен мәдениеті.
- Күн, қыран, ою алтын түспен берілген: бақыт пен байлықтың белгісі.
Бейнежазба арқылы тудың авторы — Шәкен Ниязбеков туралы мәлімет беріледі.
Сергіту сәті
Көк аспандай көкпен-көк — Қазақстан жалауы. Көк емес ол тектен-тек — Елдің ашық қабағы.
2-тапсырма: Елтаңба
Енді барлығымыз тұрып, 2 саны бар шкафты табамыз. Ішінен Елтаңба алынады да, көрпеге отырып сабақ жалғасады.
Елтаңбаның негізгі белгілері
- Көгілдір аяда шаңырақ бейнеленген (киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі).
- Шаңырақ — отбасының берекесі мен бақытын сақтайтын қасиетті белгі.
- Шаңырақты ұстап тұрған уықтар күн шуағындай таралады.
- Жоғарыда жұлдыз бейнеленген: достықтың нышаны.
- Екі жағында қанатты тұлпарлар: арман, даму, болашаққа самғау мағынасын білдіреді.
Жаңа сөздер
Елтаңба, шаңырақ, жұлдыз, тұлпар
Бейнежазба арқылы елтаңбаның авторлары туралы мәлімет беріледі: Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлиханов.
Сұрақ
- Сендердің армандарың бар ма?
- Өскенде кім болғыларың келеді?
Сергіту сәті
Дөңгелене тұрамыз, Керегені құрамыз. Уық болып керіліп, Шаңыраққа киіліп, Киіз үйді құрамыз.
3-тапсырма: Әнұран
Енді 3 саны бар шкафты тауып, ішін ашамыз. Ішінен диск алынады. Дискіде Қазақстан Республикасының Әнұраны жазылған.
Тыңдау мәдениеті
- Әнұран салтанатты жиындарда орындалады.
- Әнұранды тыңдағанда тік тұрып, оң қолды жүрек тұсына қоямыз.
- Әнұран мәтінінде еліміздің тарихы, кең-байтақ жері мен табиғаты жырланады.
Авторлар
- Шәмші Қалдаяқов
- Жұмекен Нәжімеденов
- Нұрсұлтан Назарбаев
Балалар әнұранды жатқа айтып береді (немесе аудиожазба тыңдалады).
Қорытынды
Бүгін біз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен таныстық: Ту, Елтаңба, Әнұран.
Ойын: «Дұрыс ата»
Мұғалім сөзді қазақша айтады, ал балалар үстел үстіндегі суретті дұрыс таңдап, тақтаға іледі.
Балаларға сұрақ: Елімізге қандай тілек тілейсіңдер?
- Елімізде тыныштық болсын!
- Еліміз бай болсын!
- Бейбітшілік болсын!
- Аспанымыз ашық болсын!
Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!